Түркістандық ұстаздар құрметке бөленді

0
619

Жалпы облыс орталығында 67 мектеп бар.


Түркістандық ұстаздар құрметке бөленді

Түркістанда қала әкімі ұстаздарға құрмет көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда ұстаздар күні атап өтілді. Ұстаздық қызметте жүрген қала тұрғындарына құрмет көрсетіліп, арнайы мерекелік шара ұйымдастырылды.


Оқушылар сарайында өткен жиынға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова мен ардагер ұстаз Жарқынбек Құлбайымбетов қатысты. Мерекелік шара шаһар басшысының мерекелік жылы лебізімен басталды.


«Бауыржан Момышұлы айтқан ұлы қызмет иелеріне қай уақытта құрмет көрсетсек те жарасады. Себебі анамыздан кейінгі бойымызға сіңген білімнің кілті осы кісілердің қолында. Еңбек жолдарыңызда жарқын жетістіктер мен ұстаздық өмірлеріңізге сарқылмас өнеге көп бола берсін», – деді қала әкімі.


Шара барысында қала әкімі түркістандық ұстаздарға арнайы алғыс хаттарын табыстады. Содан соң оқушылар сарайының білім алушылары өз кезегінде мерекелік концерт ұсынды. Басқосу соңында қалалық білім бөлімінің басшысы ұстаздарды алғыс хаттармен марапаттады.


Айта кетейік, жалпы облыс орталығында 67 мектеп бар. Ондағы 52 720 оқушыға 5170 ұстаз білім береді. Биылғы оқу жылын түркістандық 4615 оқушы 1-сыныппен бастаса, 11-сыныпты 2631 түлек тәмамдағалы тұр. Күн өткен сайын тұрғындар саны көбейген шаһарда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 9 мектеп бой көтермек.