Түркістандық ұстаздар жапондық жүйені меңгеріп жатыр

0
694

І кезеңдегі іссапарда облыстың 15 қызметкері жұмыс жүргізуде.


Түркістандық ұстаздар жапондық жүйені меңгеріп жатыр

Түркістан облысының ұстаздары Жапонияның білім беру жүйесін меңгеруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды білім сапасын күшейтуде озық тәжірибелерді сараптап енгізу мен облыста салынатын «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына мазмұн тұрғысынан дайындығын қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы ретте Түркістан облысының делегациясы Жапония еліне іссапармен барды.


І кезеңдегі іссапарда облыстың 15 қызметкері жұмыс жүргізуде. Оқыту семинары жапон білім беру сарапшыларының шебер сыныптарына қатысып, мектептеріне барып сабақты зерттеуді бақылау және зерттеу процесіне ену мақсатын көздейді. Оқыту семинары Жапонияның Білім министрлігінің білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.


Токиодағы оқу семинарының жұмыс жоспарына сәйкес бірінші күні делегаттар қазіргі жапон білім беру жүйесінің қалыптасу тарихымен танысты. Уаседа университетінің профессоры Юмико Оно жұмыс тобын жапон мектептеріндегі оқыту әдістемесімен таныстырды. Халықаралық семинардың екінші күнінің бағдарламасы бойынша Иокоһамада орналасқан мектеп базасында жұмыс жүрді. Делегаттар Lesson study әдістемесі бойынша 3 және 6-сыныптардағы кіріктірілген оқытудағы зерттеу сабақтарына еніп, сонымен қатар жапон мұғалімдерінің зерттеу топтарының жұмысына және сабақтарына қатысты.


Өңір делегациясы жапон білім мазмұны мен білім беру әдістемесін ғана емес, әкімшілік басқару, педагогикалық ұжымдық мәдениет, педагогтың кәсіби даму құлшынысы мен траекториясы, оқушылардың патриоттық санасын қалыптастыру, тіпті шаруашылық сұрақтарына да жауап алды.


Семинар жұмыстары осы апта соңына дейін жалғасатын болады. Т.Шишибо профессордың лекциясы мен мектептердегі зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Айта кетерлігі, Түркістан облысы Білім беруді дамыту орталығы мен Жапонияның Білім беру саласындағы ұлттық саясат институтының арасында білім беру байланысы орнатылып, бірге зерттеу жұмыстарын жүргізуге келісілді.