Түркістандық ветеринарларға құрмет көрсетілді

0
295

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың арнайы алғыс хаты тапсырылды.


Түркістандық ветеринарларға құрмет көрсетілді

Биыл Қазақстанда алғаш рет ветеринария қызметкерлері күні аталып өтілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында да осы сала өкілдеріне құрмет көрсетіліп, мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысып, ветеринария саласында еңбек етіп жүрген азаматтарды құттықтады.


“Түркістан облысы тұрғындарының басым бөлігі ауылдарда тұрады. Аймақта ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жақсы дамыған. Өңіріміз ет экспорты бойынша республикада бірінші орында тұр. Ал облыста эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтап, аймақтың экспорттық әлеуетін көтеруде ветеринария саласы еңбеккерлерінің үлесі мол. Бұл ретте облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасымен ветеринария саласына қолдау көрсетіліп келеді. Бұл жұмыстар жалғасады. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін”, – деген Бейсенбай Тәжібаев бір топ еңбек адамына құрмет көрсетті.


«Түркістан облысының үздік мал дәрігері» номинациясымен Арыс қаласы, Қожатоғай ауыл округінің ветеринариялық бекет меңгерушісі Бақыт Малдыбеков, Отырар ауданы, Қарғалы ауыл округінің ветеринариялық бекет меңгерушісі Бекжан Сейдуллаев және Сайрам ауданы, Қарамұрт ауыл округінің ветеринариялық бекет меңгерушісі Зухриддин Махбубеков марапатталды. Сонымен бірге бір топ азаматқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың арнайы алғыс хаты тапсырылды.


ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің ауыл шаруашылығы саласының және ветеринария саласының «Құрметті ардагері» төсбелгісімен Қанатбек Оспанбеков марапатталады.


Іс-шарада Түркістан облысының ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекция басшысы Ағабек Абдиев және Түркістан облысының ауыл, орман шаруашылығы, табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Сапарғали Шоланбай құттықтау сөз сөйлеп, мал дәрігерлеріне марапаттарын ұсынды.


Мерекелік жиын облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.


Айта кетейік, Түркістан облысында ветеринария саласында 2 мың азамат жұмыс істейді. Өңірде былтыр арнайы Ветеринария басқармасы құрылды. Сала мамандарының жалақысы көтерілді, техникалық базалары жаңартылуда.


Қазіргі таңда облыс аумағында эпизоотиялық, энзоотиялық жағдай тұрақты және күнделікті бақылауда.