Түркістандық жүзгіштер рекорд орнатты

0
615

22 медаль жеңіп алды.


Түркістандық жүзгіштер рекорд орнатты

Жүзуден Түркістан облысының спортшылары рекорд орнатып, 22 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жүзуден Талдықорған қаласында Қазақстан чемпионаты өтті. Оған еліміздің 20 командасы сапында 315 спортшы қатысты. Дүбірлі сында су спорты түрлерінен Түркістан облыстық спорт мектебінің спортшысы София Сподаренко Қазақстанның жаңа рекордын орнатты.


Талантты спортшы 7 медаль еншілеп, Фукуокада (Жапония) өтетін әлем чемпионаты мен Ханчжоуда (Қытай) өтетін Азия ойындарына жолдама алды және халықаралық спорт шебері нормативін орындады. Оған қоса баттерфляй әдісімен 50 метр қашықтықты 26,10 секунда жүзіп өтіп, 2012 жылдан бері жаңармаған рекордты орнатты.


Түркістандық өрен Аделаида Пчелинцева да сенімді ақтады. Ол 5 медаль олжалап, әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алды. Жақсы нәтижелер көрсетіп жүрген жас спортшысы Дария Тоқтобаева спорттық бағдарламаның әр түрінен 6 медаль олжалады. Ал Алжан Сағадиева мен Дария Василченко қоржынға тағы 4 медаль салды.


Чемпионат қорытындысы бойынша су спорты түрлерінен Түркістан облыстық спорт мектебінің өкілдері 22 медаль жеңіп алды, оның 10-ы алтын, 5-і күміс, 7-еуі қола.


Спортшыларды сайысқа жүзу спортынан Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Ж.Шалдарбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.Смолеев және Қазақстан Республикасының бас бапкері И. Гусаков дайындады.