Түркістандықтар Бейжіңде «NAURYZFEST» өткізді

0
658

Концерт алаңына жиналған қауымға ұлттық тағамдар ұсынылып, өңірдің туристік әлеуеті қамтылған үнпарақтар таратылды.


Түркістандықтар Бейжіңде «NAURYZFEST» өткізді

Бейжіңде Түркістан облысының делегациясы «NAURYZFEST» өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында Түркістан облысының әкімдігі «NAURYZFEST» мерекелік іс-шарасын ұйымдастырды. ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев қатысып, сәттілік тіледі. Концерт алаңына жиналған қауымға ұлттық тағамдар ұсынылып, өңірдің туристік әлеуеті қамтылған үнпарақтар таратылды.


Облыстың шығармашылық ұжымдары қазақ халқының таңдаулы ән-күйі мен биін көрермендерге паш етіп, қошеметке бөленді. Атап айтқанда, «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестрі, «Яссы» би ансамблі, «Таңба» этноквартеті және әншілер Бейжің халқы мен Қытай қазақтарына рухани серпіліс сыйлады. «Шашу», «Гәкку», «Түркістан», «Сарыарқа», «Сүгірдің термесі», «Махамбет», «Отан» және тағы басқа үздік туындылар орындалып, театрландырылған қойылым сахналанды.


ҚР Қытайдағы Елшілігі мен Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бірлесіп үйлестіруімен өткізілген «NAURYZFEST» іс-шарасына өңірдің өнерпаздары, туризм және мәдениет саласының өкілдері атсалысты.


Айта кетейік, биыл Қазақстан-Қытай арасындағы мәдени-рухани және туризм бағыттары бойынша қарым-қатынас одан әрі нығаяды. 2024 жыл - Қытайдағы Қазақстан туризм жылы болып бекітілген. 28 наурыз күні Бейжің қаласында Қытайдағы Қазақстанның ресми ашылуы басталған болатын. Халықаралық туристік көрмеге Түркістан облысы белсене қатысып, өз өңірінің туристік өнімдерін жоғары деңгейде танытқаны үшін 2-орынды иемденді.