Түркістандықтар қала күнін атап өтті

0
850

Түркістан қаласында 250-ден аса нысан қолданысқа беріліп, 45 саябақ салынды.


Түркістандықтар қала күнін атап өтті

Түркістанда «Бақ қонған қалам – Түркістан!» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін киелі шаһарда қала күніне арналған «Бақ қонған қалам – Түркістан!» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.


«Түркістан Тұранның түп тамыры тараған, талай ұлының мекен еткен қасиетті ордасы. Талай тарихи оқиғалардың көзі болған шаһарда қызмет етудің өзі абырой мен жауапкершілікті жүк. Қазақ хандығының негізі қаланған, ұлт пен ұлыстың алтын ұясы, берік діңгегі болған қасиетті мекен қазіргі таңда түркі елдеріне тұмар, руханиятқа төр болды. Республика күні қарсаңында біз бүгін қаламыздың төл мерекесін атап өтіп жатырмыз. Заман көшінің жетегінде, тарих толқынымен жарға соғылмай, өшпей өрге ұмтылған Түркістан өзінің жаңа дәуірін басынан өткеріп келеді. Бүгінгі асу – ел бірлігінің, ынтымақ пен еңбекқорлықтың, тарихымызға құрметтің жемісі. Қаламыздың дамуында, көркеюінде, гүлденіп түрленуінде әрбіріңіздің үлесіңіз бар, Сіздерге зор құрметпен алғысымды білдіремін! Еліміз аман, заманымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!», – деген қала әкімі.


Шара барысында түрлі салада еңбегі сіңген мамандар марапатталды. Зиялы қауым өкілдері де құттықтау сөз сөйледі. Мерейлі күнді атап өту мақсатында «Фараб» кітапханасында алдымен «Түркістаным – бақ мекенім» бейнеүзіндісімен түріліп, әрі қарай концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Қалалық мәдениет үйі өнерпаздарымен қатар Оқушылар сарайында білім алған жас өнерпаздар да мерекелік сыйын тарту етті. Түркістан тарихынан сыр шертетін қойылым көптің көңілінен шығып, тарихқа шегініс жасады. Эстрада жұлдыздары Жазира мен Жанболат мерекелік ән-шашуын сыйлады.


Облыс орталығы болғалы Түркістан қаласында 250-ден аса нысан қолданысқа беріліп, 45 саябақ салынды. Сонымен бірге 163 тұрғын үй салынып, 10 мыңдай тұрғын баспаналы болды. Тұрғындар саны соңғы бес жылда 165 400-ден 219 550-ге артты. Қаланың шетелмен де достық, іскерлік қарым-қатынасы нығая түсті. Атап айтқанда, Түркияның Малтепе, Үскүдар, Зейтінбурну қалаларымен Өзбекстанның Самарқанд, Қоқан қалаларымен, сонымен қатар Әзірбайжанның Шуша қаласымен меморандум түзіліп, бүгінде жобалар іске асырылуда.