Бүгінде сақтандырылған тұрғындар емханада компьютерлік томография (КТ) мен магнитті резонансты томографиядан (МРТ) тегін өте алады.
Түркістан облысына «Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов арнайы іс сапармен келді. Сапары барысында Сарыағаш ауданындағы бірқатар медициналық мекемелерді аралап, елді мекендердегі Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Алдымен А.Нышанбайұлы аудандық орталық ауруханасында болды. Онда МӘМС жүйесі арқылы тегін ем қабылдап жатқан науқастармен кездесіп, жаңа жобаның артықшылықтарын түсіндірді.
«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Қазіргі уақытта Түркістан облысы тұрғындарының 96,9 % МӘМС қатысушылары болды. Оның ішінде 1 млн. 300 мың адам - бұл 15 жеңілдігі бар санаттағы азаматтар, ал олар үшін жарналарды мемлекет жүзеге асырады. Қор облыс бойынша 73 медициналық мекемемен келісім шартқа отыру жоспарланған. Оның ішінде, 40-ы мемлекеттік, ал 33-і жеке клиника. Келісімге келген мекемелерде медициналық сақтандырылған азаматтар ақысыз түрде ем қабылдай алады», – деді А.Жұмағұлов.
Жалпы аудандық орталық ауруханасына 188 803 тұрғын тіркелген. Бүгінде сақтандырылған тұрғындар емханада компьютерлік томография (КТ) мен магнитті резонансты томографиядан (МРТ) тегін өте алады. МӘМС аясында алғашқы медико-санитарлық көмек, балаларға мамандандырылған медициналық көмек, ересектерге арналған мамандандарылған медициналық көмек көрсетумен айналысатын медициналық ұйымдардың мүмкіндігі кеңейе түскен.
Жаңа жүйе аясында ауыл медицинасына жіті назар аударылып жатыр. Ауылдық жерлерде тұратын азамттар тек сол жердегі аудандық ауруханамен ғана шектеліп қоймай, егер қандай да бір күрделі дәрігерлік ем-шара керек болатын болса, облыс немесе республикалық деңгейде шығып, сол қызметті алуға мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, бүгінде аудан көлемінде жаңадан бірнеше бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталықтары ашылған. Басқарма төрағасы солардың қатарына кіретін «Көктөбе» медициналық мекемесінде де болды. Орталықта кардиолог, хирург, стоматолог бейінді мамандар 20239 науқасқа қызмет көрсетіп келеді. Онда 15 дәрігер, 76 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Айта кетерлігі, бұрын ауыл тұрғындары бейінді мамандардың көмегін аудандық ауруханадан алатын болса казіргі уақытта ешкедергісіз өз ауылында орналасқан емхана көмегіне жүгінеді.