Түркістанның туристік әлеуеті халықаралық деңгейде насихатталып жатыр

0
875

Тамыз айында әлемнің 10 елінің БАҚ өкілдеріне облыстың туристік нысандары бойынша ақпараттық тур өткізілді.


Түркістанның туристік әлеуеті халықаралық деңгейде насихатталып жатыр

Түркістанның туристік әлеуеті халықаралық деңгейде таныстырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірдің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттау, көршілес және шет мемлекеттерден туристер ағымын молайту жолында іс-шаралар қолға алынған. Бүгінде Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің кеңейтілген сессиясы басталды. Аталған іс-шарада өңірден аттанған жауапты өкілдер Түркістан облысының туристік әлеуеті бойынша таныстырылым өткізіп, 300 қатысушыға жарнамалық-ақпараттық материалдарын таратады.


Тамыз айында әлемнің 10 елінің (Бельгия, Германия, Қатар, Сауд Арабиясы, Мексика, БАӘ, Түркия, Оңтүстік Корея, Словакия, АҚШ) БАҚ өкілдеріне облыстың туристік нысандары бойынша ақпараттық тур өткізілді. Ал 14-16 қыркүйек күндері Түркістан облысына түркі тілдес елдердің қоғамдық пікір көшбасшылары және кәсіби журналистері келіп, Түркістан өңірінің туристік ерекшелігін оқырмандарына таныстырады.


Облыста «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсететін open_turkistan_bot телеграм каналы пилоттық жобасы іске қосылды. Осы бағдарламада облыстың тарихи-мәдени ескерткіштері, емдік-сауықтыру орындары, туристік маршруттар, қонақ үйлер, гид-экскурсовод қызметтері, транспорттық қызметтер, тамақтандыру орындары, ойын-сауық орындарының қызмет көрсету уақыты, бағасы мен байланыс нөмірлері, облыстың туризм туралы басқа да мәліметтері ұсынылады.


Түркістан облысы мен Ташкент облысы арасында туризм саласын дамыту бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын. Аталған меморандум аясында Өзбекстанға 3 күндік іссапар ұйымдастырылып, келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде «Manzara Tourism», «Silk Road Bus and Transportation», «Alizam Consult Group» және «Travel Plaza» атты 4 туристік компаниямен топтық туристер алмасу бойынша меморандум түзілді.


Биыл 15-17 қараша күндері Ташкентте өтетін халықаралық туристік көрмеде Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылады. Сонымен қатар топтық туристерді тарту мақсатында Түркістан - Нурафшон - Түркістан тікелей тұрақты автобус рейсін қосу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.


Бұдан бөлек Өзбекстанның SilkAvia әуекомпаниясымен Түркістан - Самарқанд - Түркістан әуе рейсін ашу бойынша келіссөздер басталды. 25-27 қыркүйек аралығында Түркістан қаласында «Түркі әлемінің этноподиумы» фестивалі жоспарланған. Іс-шара барысында Түркі мемлекеттерінің танымал киім дизайнерлері мен қолөнершілер бұйымдарының көрмесі, конкурстары өткізіледі. Іс-шараға республикамыздың, сондай-ақ, Түркия, Әзарбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен және Ресей Федерациясының Татарстан, Алтай, Башқұртстан, Хакасия, Саха, Тыва секілді өңірлерінен 20-ға жуық қатысушылар келуі күтіліп отыр.


Қазан айында Түркі мемлекеттерінің ұйымының аясында Түркістан қаласында Түркітілдес мемлекеттердің туризм министрлерінің отырысы өтеді. Отырыста Түркістан қаласына «Түркітілдес мемлекеттердің 2024 жылға туристік астанасы» арнайы статусы беріледі.


«Kazakh Tourism» ҰҚ-ның қолдауымен 20 туристік іс-шара өтеді. «Open Turkistan» ЖШС Түркістан облысында лицензиясы бар туристік компаниялармен бірлесе 3-4 күндік туристік бағдарламалар жобасын дайындап, нарыққа ұсынды. Медиа алаңдар мен әлеуметтік желілерде Түркістан облысының туристік әлеуеті жайлы ақпараттық жұмыс күшейтіліп, жан-жақты материалдар таратылуда. Түркістан қаласында Түркі әлемінің туризм қауымдастығы (Turkic World Tourism Association) құрылды.


Шілде айынан бастап ішкі туризмді дамыту мақсатында еліміздің барлық өңірлеріне арнайы ақпараттық тур басталды. Алдымен, еліміздің 4 өңіріне (Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары) облыстың туристік әлеуетін таныстыру бойынша ақпараттық тур өткізілді. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының туристік қауымдастық өкілдеріне, «ЕмбіМұнайГаз» және «ӨзенМұнайГаз» секілді еліміздегі ірі мұнай компанияларының кәсіподақтары мен қызметкерлеріне Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылды.


«ӨзенМұнайГаз» компаниясының 50 қызметкерінен тұратын топтың Түркістанға 3-4 күнге саяхатқа келуі жөнінде келісім жасалды. Өткізілген іс-шаралар мен келіссөздер нәтижесімен өңірге келушілер саны 4,2 мың адамға артады деп күтіліп отыр.