Түркістанның «Жасыл белдеуі» 30 мыңға гектарға дейін ұлғаяды

0
638

Экологияның тұрақтануына оң әсерін тигізеді.


Түркістанның «Жасыл белдеуі» 30 мыңға гектарға дейін ұлғаяды

Түркістан облысы бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 210 миллионан аса көшет отырғызу жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысының республика бойынша 2 млрд. ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау барысында Түркістан облысы бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 210 миллионан аса көшет отырғызу жоспарланған. Қазір бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Сонымен қатар облыс әкімдігінің бастамасымен Түркістанда 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланды. Бүгінгі таңда барлығы 13629 га жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделуде.


Егілген орман ағаштарының бірінші, екінші жылдарында 25 пайызының жерсінбей қурап қалуы – табиғи заңды құбылыс. Өйткені Түркістан қаласының климаты күрт континетальды. Қураған ағаштардың орнына қайта жайқалту мақсатында орман екпелерін толықтыру жұмыстарын жүргізу маңызды. Ғылыми-зерттеу институтының берген қорытындысына сәйкес, мәдени орман екпелерінің көнімділігі 55%-ды құрайтындығы дәлелденген.


Бір гектар орман жылына 18 млн. текше метр ауаны тазартып, 1 сағат ішінде 8 келі көмірқышқыл газын сіңіреді. Бұл 200 адамның 1 сағатта бөліп шығаратын көмірқышқыл газының көлемімен тең. Таза ауа – адамзаттың тіршілігі мен денсаулығының тірегі. Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәлімдеуінше, бүгінде, Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жетті. Оған қоса, қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артып, газондардың жақсы өніп-дамуына қол жеткізілді.


Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Түркістан қаласының экологиялық жағдайы тұрақталып, анағұрлым жақсарып келеді. Бұған су жүйелерін жаңғырту, жасыл алқаптардың көбеюі, қаланың толықтай табиғи газ жүйесіне қосылуы оң әсерін беріп отыр.


Бұдан бөлек, облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 миллион данадан астам әртүрлі орман ағаштарының көшеттері өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта ол көшеттердің санын 60 миллионға жеткізу жоспарлануда. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар облыстың аудан, қала және елдімекендерінде жасыл желек құру мен көгалдандыруға, экологияның тұрақтануына оң әсерін тигізеді.