Жанар-жағармайдың сыртқа сатылуын шектеу керек – Дархан САТЫБАЛДЫ

0
513

2341 литр бензин мен 25 335 литр дизель отыны сотпен тәркіленіп, 1,5 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.


Жанар-жағармайдың сыртқа сатылуын шектеу керек – Дархан САТЫБАЛДЫ

Түркістан өңірінде жанар-жағармай және газбен қамтамасыз ету мәселелері облыс әкімдігінің бақылауында, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірінде жанар-жағармай және газбен қамтамасыз ету мәселелері облыс әкімдігінің бақылауында тұр. Дизель отынының көршілес елдерге мөлшерден тыс тасымалдауын болдырмау үшін Өзбекстан Республикасымен шекара маңында орналасқан кеден бекеттерінде энергетикалық бекеттер құрылған. Мониторинг топтары жұмыс жүргізіп, бірқатар кемшілік анықталған. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес Түркістан облысы бойынша 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап, мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 94 фактісі анықталған. Ол бойынша 2341 литр бензин мен 25 335 литр дизель отыны сотпен тәркіленіп, 1,5 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жанар-жағармай мен дизель тапшылығының алдын алу жөнінде жауаптыларға тапсырмалар берді. Жұмысты ширатуды тапсырды.


«Облысымызда жанар-жағармай мен газдың тапшылығы байқалды. Ол әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар мұнай өнімдері бар-жоғы мен бағасына күн сайын мониторинг жүргізуі қажет. Осы салаға жауапты әкім орынбасары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесе жұмыс атқарып, жанар-жағармайдың жасанды тапшылығының алдын алғаны жөн. Жанар-жағармайдың шетелге заңсыз тасымалына жол бермеу бағытында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты ұсыныстар беріңіздер. Бұл ретте құзырлы органдар, Полиция департаментінің де қырағылығы қажет. Облыс тұрғындары жанар-жағармай мен сұйытылған газдан тапшылық көрмеуі тиіс. Жұмысты жандандырыңыздар. Екіншіден, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тұрақты түрде дизель отынымен қамтамасыз етілсін. Жанар-жағармай мен газ тапшылығына және бағасының негізсіз өсуіне және жол бермеу мақсатында аудан, қалаларда тұрақты мониторинг жүргізіп, осы мәселелерге қатысты арнайы жұмыс тобын құруды тапсырамын», – деді Дархан Сатыбалды.


Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында 9 мұнай сақтау қоймасы мен 369 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде 328-інде дизель отыны сатылады. Дизель отынының өнімін есепке алудың ақпараттық жүйесі 135 жағармай құю бекетінде орнатылған (41,2%). 13 сәуірдегі дерек бойынша жанармай құю бекеттерінде АИ-92 – 1 мың 821 тонна, АИ-95 – 713 тонна, дизельдік отынның – 982 тонна қоры бар. Жалпы, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда АИ-92 маркалы бензинін тұтыну 8 мың тоннаға өсіп, 34 мың тоннаны құрады. Дизель отынын бір айлық тұтыну көлемі 7 мыңға өсіп, 36 мың тоннаны құрап отыр. Сондықтан облыс бойынша АИ-92 маркалы бензиннің және дизель отынының жетіспеушілігі қаупі сезілген. Осы тапшылықты болдырмау бағытында жұмыстар күшейеді.


Өңір басшысы сонымен қатар, Түркістан облысына бөлінген сұйытылған газдың басқа аймақтарға заңсыз шығуының алдын алу, бағасын бақылау, тапшылықты болдырмау және халықты тұрақты түрде қамту шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді.


Облыста сұйытылған мұнай газ таратушы 37 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Автомобильдік газ құю станцияларының саны – 317. Өңірде сұйытылған мұнай газына 1 айға қажетті көлемі – 12 915 тонна болса, оның 10 мың тоннасын автокөліктер пайдаланады. Бүгінде мұнай газының бағасы тұрақты.