Жетісай ауданында І жастар форумы болып өтті. Шара барысында аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев, «Жастар ресурстық орталығына» 18 орындық автокөліктің кілтін табыстады.
Жетісай аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жыл соңына дейін негізгі деген 13 бағыт бойынша 140 жуық іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Жетісай ауданы жастарының І форумына 200-ге тарта белсенді жас қатысты. Негізгі мақсаты – аудандағы түрлі сала белсенділерінің басын қосып, алдағы атқарар жұмыстарының жоспарын білу, маңызды ұсыныстарды талқылау, ел дамуы жолында жастарды ортақ бір мүдде төңірегіне топтастыру болып табылады. Сонымен қатар, жастардан құралған клуб жетекшілері мен жас мамандар, блогерлер өз салаларының негізгі бағыт-бағдарына жіті тоқталып, түйіні тарқатылуы тиіс өзекті мәселелерімен бөлісті.
«Елбасының жастар арасында жұмыссыздықты жою арқылы халықтың әл-ахуалын жақсартуға бағытталған және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары, білім мен ғылымға деген қызығушылықты арттыруға жасалып жатқан қамқорлықтары, жас ұрпақтың бойына патриотизмді сіңіруде атқарып отырған істері аз емес. Бұл қамқорлықтарды жетісайлық жастар да жақсы сезініп келеді. Сондықтан, сіздер бірінші кезекте Елбасымыздың, ата-ана, ауылдастарыңыздың сенімін ақтауға тиіссіздер. Сіздердің жаңа бастамаларыңыз бен тың идеяларыңызды қолдауға біз әрқашан да дайынбыз»,- деді аудан әкімі Жамантай Қанайұлы.
Шара барысында аймақ басшысы «Жастар ресурстық орталығына» «хундай старекс» маркалы 18 орындық су жаңа автокөліктің кілтін сыйға берді.