Қандай КІЛЕМДІ ҮЙДЕ ЖУУҒА БОЛМАЙДЫ

0
5 070

Кілемді тазартқаннан тек кілем ғана емес, үй іші де тазарып, жағымды әсерге бөлейді.


Қандай КІЛЕМДІ ҮЙДЕ ЖУУҒА БОЛМАЙДЫ

Қазіргідей технологияның дамыған заманында кілемдерді жуу аса үлкен мәселе емес. Мәселе – қаражатта. Сондықтан сіздермен кілемді үй жағдайында, қолда бар заттармен оңай тазартып алуға болатын кеңестермен бөлісеміз. Тіпті кәдімгі ас содасымен кілемді қағып сілкімей-ақ шаңнан және жағымсыз иістен арылтуға болады. Табиғи, қарапайым заттар кілемдегі дақты да жақсы кетіреді, өңін сақтап қалады.


Кір сабынмен тазарту

Кір сабын тек киімдегі кірді ғана емес, кілемнің де дақтарын жақсы тазартады. Тек ол үшін алдымен қоспа дайындап алу керек.

1 литр суға 1 ас қасық үккіштен өткізілген кір сабын және 1 ас қасық скипидарды араластырып, көпіршітіп алу керек. Қоспаны жұмсақ шөткемен кілем бетіне тегіс жағып шығып, шүберекпен кірін тазартып сүртіп аламыз. Көпіршікті сүртіп алған соң кілемді кебуге қалдырамыз. Скипидардың иісі кілем кепкен соң кетіп қалады.


Ас содасы және сіркесу: тез және тиімді

Бұл қоспамен кілемді тазарту бірнеше кезеңнен тұрады:

  • Ең алдымен кілемдегі дақ болған жерге ас содасын мол етіп сеуіп шығамыз және оны жарты сағатқа қалдырамыз.
  • Жарты сағаттан соң соданы шаңсорғышпен тазартып аламыз.
  • 1 литр жылы суға 1 ас қасық сіркесуын араластырамыз. Қоспаны бүркігішке құйып, кілемге себелеп шығу керек.
  • Жарты сағаттан соң кілемнің түгінің жатысына қарай қатты шөткемен тазартылады.


Ескеріңіз: Сондай-ақ 1 ас қасық ас содасы мен 1 ас қасық сіркесу және 1 ас қасық кір жуаштын ұнтақты 800 мл суға араластырып бүркитін болсаңыз оның кірді кетіру әсері жылдамдайды.

Сондай-ақ шаң басқан кілемнің бетіне құрғақ ас содасын кілемнің бетіне сеуіп, жарты сағатқа қалдырып, уақыт өткен соң шүберекпен немесе шөткемен ысқылап, шаңсорғышпен тазартылады.


Сутек асқынтотығы

Кілемдегі үлкен, ескі дақтарды кетіруде таптырмас көмекші. Алдымен 0,5 стақан сутекасқын тотығын 2 ас қасық ас содасымен араластыру қажет. Қоспаны жұқа етіп дақ тиген жерге немесе кілемге толықтай жағып, шүберекпен сүртіп аламыз. Егер дақ бір сүрткеннен кетпесе қайта қайталап жағып 15 минутқа қалдырып, тек содан кейін сүртііп алу керек.


Кір жуғыш ұнтақ

Кір жуғыш ұнтақпен кілемнің кез-келген түрін жууға болады. Тек ұнтақты суда толықтай ерігенше араластырып алып, содан кейін пайдаланған дұрыс. Себебі ұнтақ түйіршіктері кілем түгінің арасына кіріп кетсе шығуы қиындық тудырады. Ұнтақпен жуған кезде сорғышты пайдаланған дұрыс.


Лимон қышқылы

Лимон қышқылы кез-келген кетуі қиын дақтарды оңай кетіреді. Кілемнің дақ тиген жеріне лимонның азырақ шырынын сығып немесе лимон қышқылы ұнтағын суға араластырып құйып бірнеше сағатқа қалдыру керек. Уақыт өткеннен кейін кілемнің түктері қатты болып қалмас үшін таза сумен сүртіп аламыз.


Жуатын затты кілемнің түсіне және материалына қарай таңдаған жөн

Қоңырқай түсті кілемдерді крахмал, ас содасы немесе ұнтақпен жууға болмайды. Олардан кілемде айғыз қалуы ықтимал. Сондықтан қоңырқай түсті кілемдерді тазарту үшін сіркесу, скипидар, мүсәтір пайдаланған дұрыс.

Ақ түсті кілем - мұндай кілемдер үшін ас содасы, тұз және кір сабын қолдануға болады. Ал лимон шырыны сары дақ қалдырады.


ЕСКЕРУ: Кез-келген кілемді жуудан бұрын оның заттаңбасына қараңыз.

Егер кілем табиғи жүн немесе жасанды жібектен жасалған болса, онда оны тазартуда өте мұқият болған жөн. Қолда бар заттардан крахмал мен ас содасын ғана пайдаланған дұрыс.

Синтетикалық кілем - мұндай кілемді тазарту өте жеңіл. Кез-келген қолда бар заттармен жуып алуға болады.

Жібек кілем - мұндай кілемді ең дұрысы арнайы тазарту орындарына беру қажет.


Қажетті кеңестер:

  • Кілемді аптасына 2 рет шаңсорғышпен тазартып тұру керек.
  • Кілем өңін бермес үшін және әрдайым жағымды иіс шығып тұрғанын қаласаңыз, онда оған жиі құрғақ тазарту жүргізіп тұрған жөн.
  • Дақты мүмкіндігінше жаңа тиген кезде сүртіп, тазартып алған дұрыс.
  • Кілемді жазда жусаңыз да, қыс мезгілінде бір рет қар үстіне қағып алу керек.
  • Өзіңіз білмейтін ағартқыш құралдарын пайдаланбаңыз.

Кілемді тазартқаннан тек кілем ғана емес, үй іші де тазарып, жағымды әсерге бөлейді. Тек оны немен және қалай тазартатынын әр қыз-келіншек өзі шешеді. Халық арасында қолданылып жүрген тәсілдердің кілем үшін де, адам үшін де зияны жоқ және артық шығынды қажет етпейді.


Паласты тазарту жолдары

Палас - көп ретте кіреберіс немесе тез шаң басатын жерлерде жататыны белгілі. Шаң мен кір басқан паласты материалына қарай тазарту керек.

Егер паластың бетінде түгі болса, онда оны көпіршіген сабынды қоспамен тазартып алу керек. Тек жұмсақ шүберекпен сүртіп алған жөн.

Ал қысқа түкті паластарды тазарту аса қиын емес. Ондай паласты сабынды ерітінді, ұнтақ, халық арасындағы (жоғарыдағы тәсілдер) қолданылатын тәсілдермен тазартуға болады.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Жаздың күні бақшаны таңертең суғаруға болмайды.


Сүзгі жоқ болса ауызсуды шараппен тазартып ішуге болады