​Қарауға уақыт жоқ па? Күй талғамайтын бақша гүлдерін өсіруге болады

0
9 399

Бақшаның, ауланың кез-келген жеріне, көлеңкелі жерге де еге беруге болатын, күй талғамайтын, күтімді аз қажет ететін, тіпті ол гүлдердің бар екенін ұмытып кетсеңіз де өсе беретін гүлдер бар.


​Қарауға уақыт жоқ па? Күй талғамайтын бақша гүлдерін өсіруге болады

Үйінің айналасы неше түрлі сұрыптағы түрлі-түсті, жазда айналасын хош иіске бөлеп тұратын гүлге толтыруды армандамайтын жан кемде-кем шығар.

Алайда кейде көктемгі қарбаласта есіктің алдына гүл егіп, күтіп-баптауға уақыт жеткізе алмай қалатын кездеріміз болады. Бірақ мұндай кезде қамығудың қажеті жоқ. Бақшаның, есік алдының кез-келген жеріне, көлеңкелі жерге де еге беруге болатын, күй талғамайтын, күтімді аз қажет ететін, тіпті ол гүлдердің бар екенін ұмытып кетсеңіз де өсе беретін гүлдер бар.

Ендеше төменнен сондай гүлдердің сұрпы, күтімі, егетін уақыты туралы керекті ақпарат алып, қажеттеріңізге жарата аласыздар.


Сужияр - "Аквилегия" гүлі

Бұл гүл атына сай бойына су жинайды. Кез-келген ауланың көркін аша алатын, күтімді қажет етпейтін өте сәнді, ерекше гүл. Сұрыпына қарай гүлдің түсі мен бойы әртүрлі болады.

Сужияр – екі жылдық гүл. Көктемде сәуір-мамыр айларында топыраққа дәнінен себіледі. Ал алғашқы әсем гүлдерімен жаздың алғашқы жартысында, анығырақ маусым, шілде айларында қуантады.



Қырмызыгүл – "Календула"

Бұл гүл біржылдық. Алайда өзінің шашылған дәнінен келесі жылы қайта шыға береді. Көлеңкеде, ешқандай тыңайтқышсыз-ақ өседі. Бұл - гүл егуді жаңа бастаған жандар үшін тамаша мүмкіндік.


Сарана – "Лилейник"

Мұны жалқауларға аналған гүл деп те атайды. Бөлмеде өсетін лилия гүлдеріне өте ұқсас келеді, бірақ олар секілді күтімді қажет етпейді.Көлеңкеде өсе береді, топырақ талғамайды, көпжылдық. Түбінен бөліп алып, даралап көбейтуге болады. Сәуір айында еккен дұрыс. Ал шілде тамыз айларында гүлдейді.

ЕСКЕРТПЕ! Шоғыр болып өскен сарана гүлін қажет болмаса даралаудың керегі жоқ. Ол бір орнында 10 жылға дейін молынан гүлдеп тұра береді.


Дәстүргүл – "маргаритка"

Бұл кішкентай гүлдер мол, әсем,әдемі гүлдерімен қуантып, есесіне көп нәрсені қажет етпейді. Бұл гүлді кейде бақшаның моншағы деп те атайды. Ыдысқа отырғызсаңыз да, жерге егіп тастасаңыз да өзінің майда, қалың гүлдерімен қуантады. Дәстүргүлдің көпжылдық және біржылдық, сондай-ақ қарапайым немесе қалың, әр түрлі түстегі сұрыптары бар.


Жасаң – "молодило" гүлі

Халық арасында бұл гүл тас раушаны ретінде танымал. Бұл гүлдің сыртқы түріне қарай айтылса керек және бір атауы «өміршең». Бұл атау да гүлдің кез –келген жағдайда өсе беретініне қатысты айтылған. Яғни жасаң гүлі үсікке, ыстыққа, тікелей түскен күн көзіне, көлеңкеге төзімді келеді. Есік алдындағы топырақта да, ыдыста да жақсы өседі.

МАҢЫЗДЫ! Жасаң гүлінің өсіп өнбей қалуына бір ғана себеп болуы мүмкін. Ол – топырақтың жоғарғы қабатында судың сіңбей тұрып қалуы. Бұл оның тамырын шірітіп жібереді.


Ботакөз – "незабудька"

Бұл майда, нәзік, түрлі-түсті гүлдер өздігінен көбейеді. Ал егер тек бір жерде ғана өскенін қаласаңыз, онда гүлдеп болған соң ұрығын жинап алуға тура келеді. Кез-келген топырақта, кез-келген жерде өсе береді.


Гипсофила

Бұл өте қарапайым гүл. Оның биіктігі 80 см шамасында болады. Гүлдеген кезде ұсақ, нәзік аппақ гүлдер ақ ұлпа бұлт секілді көрінеді. Гипсофила көп ретте гүл шоқтары үшін пайдаланылады. Көпжылдық, бір рет егіп, қайта қарамай-ақ қоюға болады. Бүкіл жаз бойы гүлдеп тұрады.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: РАУШАН ГҮЛІН еккіңіз келе ме? Онда КӨШЕТІН дұрыс ТАҢДАҢЫЗ