​Мұздатқышқа МҮЛДЕ қоюға болмайтын АЗЫҚ-ТҮЛІКТЕР жайлы білесіз бе?

0
6 086

Мұздатқышта сақталған кейбір азықтар өзінің пайдалы құрамын жоғалтып, дәмсіз болып қана қоймай тіпті жарамсыз да болып қалады.


​Мұздатқышқа МҮЛДЕ қоюға болмайтын АЗЫҚ-ТҮЛІКТЕР жайлы білесіз бе?

суреттер ғаламтордан алынған

Азық-түліктердің балғындығын сақтау үшін көптеген қыз-келіншектер оларды мұздатып сақтауға тырысады. Әрине, қажет кезінде дайын азық-түлікті мұздатқыштан ала салып дайындау уақыт жағынан да тиімді екені анық.

Дегенмен азық-түліктің барлығы бірдей салқын ауаны жақсы қабылдай бермейді. Мұздатқышта сақталған кейбір азықтар өзінің пайдалы құрамын жоғалтып, дәмсіз болып қана қоймай тіпті жарамсыз да болып қалады. Қандай азық-түліктер, көкөністер мен жеміс-жидектер мұздатуды қаламайды? Қандай азықтарды мұздатқышқа салу керек және оларды қалай дұрыс мұздату қажет?


Азық-түліктерді мұздатқанда қандай жағдай орын алады?

Азық-түліктерді мұздатқышқа салғанда олардың құрамындағы судың барлығы мұзға айналу процесі жүреді. Сондықтан мұндай кезде оларда микроорганизмдердің дамуы тоқтайды. Бірақ ол сақталып, кейбір азықтарда еріген соң қайта дами бастайды.Сондықтан мұздатқышқа салатын азық-түлікті термохимиялық (ыстық) өңдеуден өткізіп алған дұрыс. Ал кейбір азық-түлік құрамы су кристалдарының әсерінен бірлігін жоғалтады және ол еріген кезде қайтақалпына келмейді. Сол себепті мұндай азықтардың дәмі өзгеріп, пайдалылығы жоғалады.


Қандай көкөніс және жемістер мұздатуды "қаламайды"?

Қазір көп ретте жеміс-жидектерден тосап дайындағаннан гөрі оны мұздатқышқа салып, қыста пайдалы, балғын күйінде жегенді дұрыс көреміз. Тек көкөністер мен жеміс-жидектердің құрамында су мөлшері көп болғандықтан оларды еріткен соң бірден іске жарату керек.

Мұздатуға болмайтын көкөністер мен жеміс-жидектер тізімі:

  • Қызанақ. Бұл көкөніс мұздатуды мүлде қаламайды. Мұздатылған қызанақ дәмсіз, иіссіз құр қабық секілді болып қалады.
  • Қымыздық (щавель) және асжапырақ (шпинат). Мұздатылған кезде бұл көкөністер жылтыр, жылпылдақ болып, қара түске айналып кетеді.
  • Қияр. Қиярды да мұздатып сақтауға болмайды. Тек маринадтап немесе тұздап, балғын күйінде ғана тұтынуға болады. Ал мұздатқышқа салынған қияр мүлде жеуге жарамсыз болып қалады.
  • Картоп. Мұздатқышқа түскен картоп тәтті жабысқаққа айналады. Құрамы мүлде өзгеріп, пайдасыз күйге түседі.
  • Салат жапырағы, аскөк, күнзе, ақжелкен. Бұлар мұздатылған соң өзінің тығыздығы мен өңін, дәмін жоғалтады.
  • Қарбыз. Қарбызды мұздатқышқа қойып жүрмеңіз. Оның бар шырыны дәмсіз суға айналады.
  • Балдыркөк (селдерей). Балдыркөк мұздатқышқа салынған соң өзінің дәмімен қатар пайдалылығы да жойылады.


Кейбір дайын астарды да мұздатқышқа салуға болмайды

Көкөніс, жеміс-жидектер секілді кейбір дайын астарды да мұздатқышқа салуға болмайды. Төмендегі тізімдегі астар мұздатқышқа салынған соң жеуге жарамсыз күйге түседі.

  • Жұмыртқа. Мұздатқышқа түскен жұмыртқа өзінің құрылымын жоғалтады. Мейлі ол піскен немесе шикі күйінде болса да. Мұздатылған жұмыртқа тұтынуға мүлде жарамсыз болып қалады. Сондай-ақ жұмыртқа қосылған өзге азықтар мен салаттар да мұздатқыштан шыққан соң дәмсіз болады.
  • Майонез. Бұл өнімді де мұздатқышқа салуға болмайды. Ол қабатталып, кесекке айналып, өзінің қоюлығын жоғалтады.
  • Пісірілген макарон өнімдері мұздатқыштан шыққан соң өзінің дәмі мен сыртқы түрін мүлде өзгертеді.
  • Құрамында желатині бар тағамдар мұздатылса, еріген соң сұйыққа айналады.
  • Қуырылып дайындалған тағамдар мұздатқыштан шыққан соң сұр түсті ботқаға айналады.
  • Йогурт. Иогуртты мұздатқышқа салса, ол қатпарланып, дәмін жоғалтады.
  • Қаймақ. Мұздатқышқа салынған қаймақ кристалданады. Еріген соң сарысу бөлініп, жеуге жарамсыз болып қалады.
  • Сүзбе ірімшік (Брынза). Еріген сүзбе ірімшік тығыз, дәмсіз кесекке айналады.
  • Кепкен нан мұздатқышқа салынса, шыққан соң қытырлақ күйін жоғалтып, жібіп кетеді және пайдалануға жарамсыз болып қалады.
  • Зімбір тамыры. Мұздатылған зімбір тамыры өзінің барлық пайдалы, ғажайып күшін жояды.
  • Консервілер. Мұздатқышқа салынған соң консервілер ісініп, тұтынуға жарамсыз болып қалады.


Сондай-ақ мұздатқышқа бал, сарымсақ, пияз, газды сусындар және шоколадты да салуға болмайды.

Бір рет ерітілген азық-түліктерді қайта мұздатқышқа салмаған жөн. Ондай кезде ол барлық құндылығын жояды.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


Кіржуғыш машинаның орнына кейде тоңазытқышты пайдалануға болады


Қиярдан МОЛ өнім алу үшін АЙРАН "БЕРУ" керек