Дән – өсімдік үшін жақсы ынталандырушы.
Бөлме гүлдерін өсіріп көбейту қазіргі кезде өте танымал хоббиге айналған. Тіпті тәжірибесі бар, гүл өсіруге қызығушылығы басым жандардың баспанасы кішігірім ботаникалық бақ секілді. Себебі өсімдіктер айналасына өте жақсы әсер қалыптастырады, көңіл күй көтеріліп, жайлы сезімге бөлейді. Егер осы өсімдіктердің бірі ауырып немесе гүл ашпай қалса, онда гүл өсірген жанның да мазасы қаша бастайды. Төменде бөлме гүлдеріне арналған ерекше, қызықты, біз біле бермейтін түрлі күтім жолдары жазылған. Керек ақпарат қажеттеріңізге жарасын!
Түйреуіш қазтамақты (герань) гүл ашуға мәжбүрлейді
Кейде қазтамақ гүлі өсуі мен гүлдеуін тоқтататын жағдайлар кездеседі. Мұндай кезде өсімдікке ынталандырушы күш қажет. Бірақ ол үшін арнайы тыңайтқыш немесе дәрі, сұйықтықтардың қажеті жоқ. Бар болғаны қарапайым түйреуіш болса болғаны.
Ол үшін алдымен түйреуішті спирт немесе сутек асқын тотығына салып залалсыздандырып аламыз. Түйреуіштің ашық, шүкір жағын гүлдің сабағына қадап екінші жағына тесіп өткізу керек. Бір сабақты ұзына бойына 2-3 жерінен тескен дұрыс. Егер сабақтың тармақтары көп болса онда әрқайсысына 2-3 тесіктен жасап, 10-12-ге дейін жетеді. Мұндай тәсілді жылдың кез-келген ай-күнінде жасай беруге болады.
Түйреуішпен жасалған тесіктер өсімдікті шошындырып, нәтижесінде бірден гүлдей бастайды. Алғашқы гүлдер бір аптадан кейін-ақ пайда бола бастайды. Міне сол кезде қосымша әмбебап гүлдеуге арналған қымбат емес, тыңайтқышпен қоректендіруге болады.
Глюкоза – өсімдік үшін ең керемет азық
Өсімдіктердің салбырап, иіліп тұруы қажетті қоректің аздығының белгісі. Мұндайда өсімдіктерді бірден тойындыру қажет. Көптеген гүлсүйер қауым бөлме гүлдерін минералды қоспалармен қоректендіріп жатады, ал органикалық қоспа назардан қалып қояды.
Гүлдерді тез арада қоректендірудің бірден бір тәсілі – глюкоза. Көпшілік ескі тәсіл қант қосылған сумен суғаруға дағдыланып қалған, бұл дұрыс. Алайда дәріханадан алынған глюкозаның тиімділігі өте жоғары. Мұндай тәсіл барлық гүлдер үшін өте жақсы әсер етеді. Бірақ глюкозамен айына бір рет қана суғарған жөн. Себебі жиі қолданылса шіркейлер пайда болады.
Ыдыс жууға арналған сұйықтық өсімдіктегі зиянкестен құтқарады
Бөлме гүлдерінің кейбірін «ұн құрты» (мучной червь) мақта секілді зиянкес басады. Мұндай қауіпті зиянкес басқан өсімдік біртіндеп қурап, өле бастайды. Одан құтылуға арналған «фунгицид» дәрісі көбіне көмектеспей жатады. Себебі зиянкестің жұмыртқасы көзге байқала бермейді. Сондықтан дәрі бүркігенде тек көзге көрінген жеріне ғана себіледі де, қайта көбейе бастайды. Ал гүлге дәрі сепкенде барлық жеріне емес, тек зиянкес басқан тұсқа дәлдеп бүрку маңызды.
Алайда мұндай зиянкестен құтылудың қарапайым, ерекше тәсілі бар – ол ыдыс жууға арналған сұйықтық. Ол үшін 10мг сұйықтықты 1 литр жылы суға араластырып гүлге толықтай сеуіп шығу керек. Бүріккішке құйып себуге немесе дайындаған қоспаға мақтаны батырып, біртіндеп сүртіп шығуға болады.
Артық су құйғаннан тамыры шіри бастаған өсімдіктерді сутегінің асқын тотығы құтқарады
Кейбір гүлдерді молынан, артығымен суғарып қойса, оның соңы шіріп, өліп қалуына әкеледі. Егер осындай жағдай бола қалса, онда алдымен топырақтың құрғағанын күту қажет. Одан кейін 1литр жылы суға 2 ас қасық сутегінің асқын тотығын (перекись водорода) араластырып, суғарылады.
Мұндай қоспа топырақты оттегімен байытады және оны қопсытады. Нәтижесінде гүл тамыры жақсы тыныстап, өсімдік "тіріліп" өсе бастайды.
Гүлдер жайқалып өсіп, тамырлау үшін ыдысына дән себу керек
Дән – өсімдік үшін жақсы ынталандырушы. Егер бөлме гүлдерін ауыстырып отырғызу немесе тамырлату керек болса, онда ыдысқа бірінші дренаж, топырақ салынады. Топырақтың ортасына гүл отырғызатын 3-4 см-лік шұңқыр жасалады. Осы шұңқұырға алдымен 1 шымшым немесе одан көбірек (ыдыс пен гүлдің үлкен кішілігіне қарай) дән салынады. Ол үшін бидай немесе сұлы дәндері жақсы. Дән салынған соң үстіне гүлді егіп, топырағын нығызайды.
Бір аптадан соң гүлдің айналасында дәннің өскіндері пайда бола бастайды. Өскіндер 1 см шамасында өскен соң қайшымен қырқып тастау керек. Олар өскен сайын осылай қырқылып отырады, кейін шығуын тоқтатады. Ал гүліңіз тамырлап немесе ары қарай жайқала өсуін жалғастырады және мұндай тәсілден кейін біраз уақыт топырақ тыңайтуды қажет етпейді.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқи отырыңыз:
ШҰЖЫҚ таңдағанда ішіне ҚАЛДЫҚ ЕТ пен ШЕМІРШЕК қосылмағанын анықтап алыңыз
Ұқсас материалдар: Шай қалдығының бөлме гүлдеріне ПАЙДАСЫ мен ЗИЯНЫ