ҮЙ ішін ДҰРЫС ДЕЗИНФЕКЦИЯЛАУ жолдары қандай?

0
5 652

Қазіргі кезде вирус жұқтырып алмау өзекті мәселе болып тұр.


ҮЙ ішін ДҰРЫС ДЕЗИНФЕКЦИЯЛАУ жолдары қандай?

Қазір тек Қазақстан ғана емес бүкіл әлем, қауіпті вирустан қорғанудың түрлі амал-айласын жасауда. Вирус жұқтырмаудың, оны таратпаудың бірден-бір шарасы ретінде үйден шықпау, қолды жиі жуып, залалсыздандыру жұмыстарын жасау қарастырылған. Залалсыздандыру жұмыстары әсіресе балалары бар үйлерге қажет-ақ. Сондықтан үйді мұқият тазартып, залалсыздандырып отыру үйдегі жандардың вирус жұқтырмауының алдын алады.

Үй жағдайында үй ішін залалсыздандыру жұмыстарын қалай дұрыс жасау қажет? Бұл туралы төменнен біле аласыздар.


1. Химиялық құралдармен тазарту

Үй ішіне күнделікті ылғалды тазалық жұмыстарын жасау, тек қана ауру тудыратын бактерияларды жойып қана қоймай, үй ішінде жайлы тыныс алуға мүмкіндік береді. Үй тазартуға арналған химиялық залалсыздандыру құралдарының көптеген түрлері бар. Тек оны сатып аларда сыртындағы нұсқаулықпен міндетті түрде танысып шығып, құрамындағы заттарға аллергияңыздың жоқ екеніне көз жеткізу қажет.

Химиялық тазартқыш құралдарының ішінде бактерияны, вирусты, зеңдерді жоюға арналғандары және бағасы қолжетімді түрі - «Белизна». Оны көпшілік қыз-келіншектер киімді тазарту құралы ретінде пайдаланады және соған сай өз мөлшерін де біледі. Бірақ "Белизна" құралымен үй ішін тазартуға және ыдыс-аяқтарды да жууға болатынын көпшілігі біле бермес.


Ол үшін 1 литр суға 60-100мл белизна құйып үйді де, ыдыстарды да жақсылап тазартып алуға болады. Ыдыстарды таза сумен 2-3 мәрте шайып алу керек.


Маңызды: "Белизна" пайдаланған кезде, қолға қолғап киіп алу керек және ұзақ уақыт жұмыс жасағанда бетперде тағып алған жөн. Еңбектейтін балалары бар үйде еденді сүрткен соң артынан таза сумен шайып алу керек.


2. Халық арасындағы тазарту тәсілдері

Халық арасында үй ішін залалсыздандырудың көптен келе жатқан түрлі әдіс-тәсілдері бар.

  • Кір сабын. Үй ішін тазарту үшін кір сабынның қоңырқай түсін таңдау керек. Кір сабын кірлеген, шаң басқан жерлерді тазартып қана қоймай, зиянды бактерияларды жойып кетеді және адам үшін әсіресе балаларға ешқандай зияны жоқ. Сабынды суға салып аздап ерітіп, көпіршітіп, барлық беткі қабаттарды тазартып, сүртіп шығу керек.
  • Ас содасы. Кез-келген үйден табылатын залалсыздандырғыш құрал. Алайда ас содасы қосылған қоспамен барлық беткі қабаттарды тазартуға болмайды. Егер беткі қабат акрилді материалдан болса, содамен тазартуға болмайды. Ас содасы қоспасымен ванналарды, ыдыстарды тазарту ұсынылады.
  • Сірке суы. Сіркесу тазалықпен қоса үй ішін түрлі иістерден, зиянды бактериялардан тазартады. Қолданар алдында сіркесу мен су мөлшерін бірдей көлемде 1:1 араластыру керек. Бүріккіш ыдысқа құйып айна, шыны беттерін, кез-келген заттың бетін жақсылап тазартуға, ыдыстарды залалсыздандыруға да болады. Сіркесуды тұзбен араластырып қолдануға да болады. Бұл тазарту әсерін күшейтеді.
  • Сутек асқын тотығы (Перекись водорода) - едендегі микроағзаларды жояды және өте жақсы тазартады. Ол үшін 1 шелек жылы суға 1 стақан 50гр сутекасқын тотығын қосу қажет.


3. Балалар ойыншығын қалай тазарту керек?

3 стақан су, 4/1 стақан сіркесу, эфир майынан 4-5 тамшы - барлығын жақсылап араластырып, бүріккішке құйып ойыншықтарды сүртіп тазалап алуға болады. Сіркесудың иісі шығып тұрғанмен шамалы уақытта-ақ жойылып кетеді. Бұл қоспа ешқандай улану әсерін туғызбайды.


Үйді залалсыздандырған кезде нені білу керек?

Үйді химиялық, халықтық жолмен залалсыздандырған кезде ең алдымен қол мен көздің қорғанысын ойлау қажет. Бөлмелерді залалсыздандырғыш құралдарымен тазалап шыққан соң терезелерді ашып желдетіп алған дұрыс. Желдетілген бөлмеде әсіресе балалардың жүруіне жол бермеу қажет. Үйді залалсыздандыруды тек вирусты аурулар тараған кезде ғана емес, жәй кездерде де жасап тұрған дұрыс.

Оқи отырыңыз: Антисептикті ҚОЛДАН ЖАСАП АЛУҒА болады

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ