Егеуқұйрықтар иістің қайдан шығып жатқанын 50 миллисекунд ішінде біле алады және 12 аптада 100-ге дейін балалайды. Сондай-ақ дыбыс шығарып, күле алады.
4 сәуірде әлем елдері егеуқұйрықтар күнін атап өтеді. Адам баласы үшін зияны көп егеуқұйрықтарға арналған мерекені атап өтушілер саны артып келеді. Аталған мейрам алғаш рет 2003 жылы тойланған. Ондағы негізгі мақсат – егеуқұйрықтарды жақсы көретін жандардың басын қосу.
Иә, егеуқұйрықтарды жақсы көріп, үйде асырап бағатындар шетелдерде жетерлік. Алайда біздің елде оны асырайтындарға қарағанда одан құтылудың жолын қарастыратындар көп болса керек. Алдымен егеуқұйрықтар жайлы зерттеген ғалымдардың қызықты жазбаларына тоқтала кетейік:
Бұл зиянкестер өзгелерден ерекшелігі өміршеңдігі, жылдам көбейгіштігі және кез-келген өзіне құрылған құрықтан аман шығып кететін ақылы мен қулығы арқылы ерекшеленеді.
Олар үздіксіз үш күн бойы суда жүзе алады, егер шыға алмайтынын білсе бірден өзін суға батырып жібереді.
Сұр түсті егеуқұйрықтар (үйге түсетін) сағатына 10 шақырымды жүре алады және 80 см, қатер төнгенде 2 метр биіктікке дейін секіре алады.
Жүрегі минутына 500 мәрте соғады.
Алдыңғы тістері өмір бойы өсетіндіктен, олар үнемі бір нәрсе кеміріп, тістерін жонып отырады.
Иістің қайдан шығып жатқанын сезу үшін 50 миллисекунд уақытты қажет етеді.
12 аптада жалғыз егеуқұйрық 100-ге дейін балалай алады.
Адамнан басқа күле алатын жалғыз ұсаққоректенгіш.
Бүлінген тағамды адамға қарағанда бірден ажыратады.
Үйде егеуқұйрықтар мен тышқанның пайда болғанын сезген жағдайда уақыт жоғалтпай бірден іске кіріскен жөн. Олардың тез көбейетінін ескерсек, шара қолданбаған жағдайда көбейіп басып қалады. Киімді, азық-түлікті тіпті кейде ұсақ үй жануарларына да қауіп төндіретін, әрі көптеген жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы егеуқұйрықтан құтылудың жолдары мынадай.
Биологиялық – өзге жануарлардың көмегі арқылы. Біз көбіне тышқан мен егеуқұйрықтан арылу үшін мысық асыраймыз. Дегенмен мысықтың тышқан болмаса егеуқұйрыққа шамасы келмейді. Сондықтан егеуқұйрықтан құтылу үшін дұрысы – ит. Сонымен бірге жыланды да егеуқұйрықтарға қарсы пайдалануға болады. Олар тіпті жыланның иісін сезетін болса ол жерге жоламайды.
Механикалық – қақпандар. Қақпандар алғашқы пайда болған кезде болмаса кейін көмектеспей қалады. Егеуқұйрық пен тышқанның түйсігі жоғары болатындықтан, бірінің жасаған қателігін екіншісі қайталамайды. Қақпанды он метр қашықтықтан айналып өтеді. Сондықтан қақпанды көп пайдаланудың қажеті шамалы. Себебі балалар мен үй жануарлары үшін қауіпті болады.
Химиялық – улы дәрілерді қолдану. Заманауи ұнтақ немесе аэрозоль (аэрокірне) улы қоспаларын ін аузына, көп із қалдыратын жерлерге сеуіп, тамаққа қосып беруге болады. Егеуқұйрықтарға қарсы қолданылатын химиялық препараттар төмендегідей болып бөлінеді.
- «Крысина» дәрісі тез, жылдам әсер ететін у. Қазіргі таңда зиянкесті бірден жоюдың ең тиімді әдісі. Кеміргіштерді бір-ақ күнде улап тастайды. Ал уланған егеуқұйрық бірнеше минут ішінде өліп қалады. Бірақ бұл тек аздаған бөлігін жоюға ғана әсер етеді.
- Зиянкестер қатты көбейіп кеткенде 10 күн бойында жоюға қабілетті «Крысамор», «Крысид», «Зоокумарин», «Ратиндан», «Голиаф» сынды улы дәрілер пайдаланылады.
- Сондай-ақ қазіргі кезде қолданысқа енген химиялық тиімді әдістің бірі – «Цимат» қоспасы. «Цимат» - үй-жөндеу жұмыстары кезіне бояуға, түрлі сылақ материалдарына қосып жағу қажет. 5 жылға дейінгі уақытта үйге тышқан мен егеуқұйрық жоламайтын болады.
Ескерту! Қандай да бір дәрі қолданбас бұрын маманмен кеңесіп, оның пайдалану жөніндегі шарттарымен танысып алу қажет!
Халық рецепті. Егер үйде кішкентай балалар болса химикаттарды пайдалану зиянды болатыны анық. Егуқұйрықтан бұрын балалар тауып алып, өмірлеріне қауіп тудыруы ғажап емес. Мұндай кезде у пайдаланылмайтын халық әдістері көмектеседі.
- Қант, ас содасы және ұнды бірдей мөлшерде араластырып, тәттілер жасап ін аузына, ас үйлерге қою керек. Мұның адамға зияны жоқ. Ал егеуқұйрықтар мен тышқандар жел шығара алғандықтан ас содасының әсерінен іші кеуіп кетеді.
- Үй ішіндегі тышқан мен егеуқұйрық кіруі мүмкін саңылауларды суға балық майын, нафталин, т.б. өткір иісті майларды қосып сылап бекіту қажет.
- Сондай-ақтүймешетен (пижма), ошаған (репейник), кептірілген түймедақ шөптерін немесе қаратамыр (чернокорень) дәнін кенеп қапқа салып қою керек.
- Ғаныш (гипс) пен ұнды 1:1 шамада араластырып, ін аузына, жүреді-ау деген жерлерге сеуіп, қасына аздап кішкене ыдысқа су құйып қою қажет. Зиянкестердің асқазанын қатырып өлімге алып келеді.
- Егеуқұйрық індерінің алдына күл сепкеннің де одан құтылуға пайдасы бар. Себебі олардың табандары күлді ұнатпайды.
Заманауи ультрадыбысты үркіткіштер. Қазір мұндай құрылғылардың көптеген түрін табуға болады. Сапасы мен бағасы жағынан ең тиімдісі - «Riddex».
Егеуқұйрық пен тышқандардан құтылудың көптеген әдіс-тәсілдері бар, қарап шығып қажеттісін, қалтаға ыңғайлы, зиянсыз дегенін пайдалану ұсынылады. Дегенмен зиянкестерден құтылудың, оларды болдырмаудың бірден бір амалы ол – тазалық екенін ұмытпайық.
Дайындаған: Э.Базарбаева,