Бақшаны мол және жиі суғарған жағдайда мол өнім алуға болады деу - қателік.
Жаздың аптап ыстығы адамдарға ғана емес, өсімдіктерге де оңай тимейді. Ыстықтан көктемгі еңбектің барлығы зая кетіп, бау-бақша қурап, өнім бермей қалуы мүмкін.
Алайда бұл жағдайдың да шешімі бар. Ол үшін тек өсімдіктерді қай уақытта, қалай, қандай сумен суғару керек екенін және топырақ ылғалды ұстап тұру үшін не істеу керектігін білсеңіз болғаны.
Бақшаға қай уақытта және қалай су берген дұрыс?
- Аптап ыстықта өсімдіктерді жаңбырлатып суғаруға болмайды. Себебі жапырақтарға тиген су түрлі зең ауруының тууына алып келеді.
- Ыстық ауа-райында өсімдіктерді суғарудағы ең басты ескеретін жайт – ол топырақтың қажетті мөлшерде ылғалдануы. Себебі көптеген өсімдіктердің тамыры тереңге кетеді. Сондықтан суғарған кезде тамырға жететіндей етіпсу құю қажет. Мысалы, салат жапырағына, аскөкке бірнеше шелек су құйғаннан, сәбізді молынан суғарған дұрыс. Себебі салат жапырағының тамыры аса тереңге кетпегендіктен топырақтың беткі қабаты ғана ылғалданса жетеді.
Бақшаны дұрыс суғарып жатқаныңызға көз жеткізу үшін төмендегі кішігірім амал, тәсілді қолданып көріңіз:
Өсімдіктерді әдеттегідей суғарып алыңыз. 10 минуттан соң суғарылған жерді күрекпен қазып, топырақтың қаншалықты терең сіңгенін көруіңізге болады.
Мамандардың пікірінше өсімдіктерге ыстық, құрғақ ауа-райында шамамен әр шаршы метрге 15-25 литр су қажет болады екен.
Жазда бақшаны салқын сумен суғаруға бола ма?
Топырақты жұмсарту үшін бақшаны қай мезгілде болмасын жылы сумен суғару керек. Әсіресе түйіндеп өнім беріп, пісіп жатқанда. Бақша суғаратын судың жылылығы 6-7 градустан төмен болмағаны дұрыс.
Ал бақшаны салқын сумен суғару - ол тамыр жүйесінің шіруіне, түйнек пен гүлдердің түсуіне, дұрыс өнбей қалуына алып келеді.
Ылғалды қалай сақтауға болады?
Әрбір бақша өсірген жан ыстық, құрғақ ауа-райында тек дұрыс суғаруды ғана емес, сонымен бірге топырақтың ылғалын сақтауды да білгені жөн.
- Бұл үшін топырақтың беткі қабатын қопсытқан дұрыс. Себебі кесектеліп қалған топырақтан ылғал тез буланады.
- Тағы бір тәсіл – жабын қолдану. Ол үшін ағаш үгіндісін, балалар жөргегінің ішіндегі затын (қолданылған жөргек те жарайды) пайдалануға болады. Қажетті заттың бірін топырақтың беткі қабатына аз ғана мөлшерде араластыру керек. Сонда топырақтағы су тез буланып, құрғап кетпейді.
Ескеру: Ылғалды ұстайтын жабын ретінде шөп, сабанды қолдануға болмайды. Олар шіріп, түрлі ауруларға және зиянкестерге жол ашады.
Ағаштарды суғарудың өз тәсілі бар
Ағаштарды суғару үшін оның түбіне су құюдың қажеті жоқ. Оның ерекше тәсілі бар. Ол әдіс, біріншіден, көп уақыт пен күшті қажет етпейді. Екіншіден, артық су жұмсалмайды (ағаш тамырына жету үшін бірнеше шелек су қажет).
Ағаш тамырларына қарай 2-3 кішкене ін секілді шұңқыр қазыңыз. Суды сол тесіктен құйыңыз. Сонда су тікелей тамырға жетіп, ағаштың түбіндегі топырақтың беткі қабаты құрғақ күйінде қала береді. Ал топырақтың беткі қабаты құрғақ болған соң төмендегі ылғал тез буланбайды.
Бақшадағы көкөністер
Жаздың аптап ыстығы ең бірінші қияр мен қызанақ үшін қауіпті.
Қызанақ. Қатты ыстықтан қызанақтардың гүлдері түйіндемей жатып түсіп қалады. Сондай-ақ жапырақтары ақшыл тартып, бұрала бастайды. Қызанақты мұндай жағдайдан құтқару үшін, жоғарыда ағашты суғаруға арналған тәсілмен, топырақтың беткі қабатын ылғалдамай, тек тамырдан ғана суғаруға болады.
Ол үшін пластик бөтелкенің аузын төмен қаратып қызанақтың түбіне (тамырына қарай) жартылай көму керек. Екі бүйірінен су ағатын тесік жасалып, жоғары қарап тұрған түбі қақпақ тәрізді етіп кесіліп алынады. Ішіне су толтырып, тез буланып кетпес үшін қақпағын жауып қоясыз.
Қияр. Қияр қызанаққа қарағанда суды аз ішеді, бірақ күтімді бірдей қажет етеді. Мамандардың айтуы бойынша қиярды қатты ыстықта 1 шаршы метрге 12 литр су есебімен суғару қажет. Сондай-ақ қияр ылғалды ауаны жақсы көргендіктен оған су бүркіп тұруды ұмытпаған дұрыс. Суды кешкі мезгілде бүркіген жөн. Себебі таңертеңгі су буланып жаапырақтардың күюіне алып келеді. Ал күндіз жапырақтар қатты күйіп кетпеу үшін бетін жұқа, ақ материалмен жабуға болады. Себебі жапырақ қиярдың жүрегі саналады. Егер жапырақ сарғая бастаса, онда қияр өнім бермейді.
Сондай-ақ қатты ыстықта қиярдан өзге асқабақ, кәді секілді тамыр жүйесі кішкентай дақылдардың да бетін кешке дейін көлеңкелеп қойған дұрыс.
Дайындаған: Э.Базарбаева,
Тағы оқыңыз: Қызанақ ІРІ әрі ТӘТТІ болу үшін МЫНА әдісті қолдану керек
Сізге қызық болуы мүмкін: Сүзгі жоқ болса ауызсуды шараппен тазартып ішуге болады