Осы құпияны білсеңіз, оны жасасаңыз, отбасылық одақтарыңыз мәңгілік болады.
Бақытты отбасы болу үшін бір-бірін жақсы көру, ғашық болу жеткіліксіз. Махаббаттан да үлкен рөл ойнайтын бір нәрсе бар. Ол – түсіністік. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің табиғатын, жан-дүниесін, жаратылысын толық түсініп, қабылдап, бірі екіншісінің ығына қарай жығылып, икемделе білсе, нағыз үйлесім сонда орнайды. Ал үйлесімділікте өмір сүрген жандардың әр сәті бақытқа толы.
Екінші жартыңыздың көңілінің кілтін табу үшін жұлдызнамасына үңіліңіз.
Тоқты
Иә, мәнезі қиындау, қырсық, соның салдарынан араларыңызда жиі мәселелер орнап қалып жатады. Бірақ, ол өзіңіз «өмірлік серігім» деп таңдаған жан ғой. Сондықтан, Тоқты жұбайыңызбен тату-тәтті болғыңыз келсе, бір адым артқа жылжып, көшбасшылық тізгінін қолына ұстата салыңыз. Өзіңіз артынан ере беріңіз. Сеніңіз, ол сізді жаман жаққа жетелемейді.
Торпақ
Жанын түсінетін, қиын сәтте қасынан табылып, қолдау білдірген жандардың жақсылығын еш ұмытпайды. Оның үстіне, алаңсыз, жаны тыныш болуы үшін көбіне сенімді тіректі, қорғанды қажет етеді. Сондай жан бола білсеңіз, сізден де ешнәрсесін аямайды. Өмір бойы ризашылығын білдіріп өтуге бар.
Егіздер
Егер басқа жұптар әрқайсы әртүрлі болуымен бір-бірін толықтырып тұратын болса, Егіздерде бәрі өзгеше. Олар аттары айтып тұрғандай, өмірден өзіне ұқсайтын жан іздейді. Бір шаңырақ астында бас қосып, бір жастыққа жантайған жұбымен көзқарастары да, қызығушылықтары да, мақсат-жоспарлары да бірдей болуға тиіс. Сондықтан, өмірлік серігіңіздің белгісі Егіздер болса, оның барлық ой-пікіріне, арман-мақсатына, хоббиына ортақтасып, көшірмесіне айналуға дайын болыңыз.
Шаян
Шаяндардың ең жек көретіні – сынап-мінеу. Сондықтан, жұбайыңыздың кемшіліктері мен қателіктерін қанша анық көріп тұрсаңыз да, бетіне басудан аулақ болыңыз. Ол өз кемшін тұстарын өзі-ақ көре алады, байқайды. Уақыт өте келе міндетті түрде түзетеді. Сол сәтті күтіп, тіліңізді тістеп, барынша шыдаңыз.
Арыстан
Олар қарым-қатынаста көңіл бөлгіш, қамқор әрі сезімтал. Алайда осы жақсы қырларын толығымен көрсету үшін жұбы барынша жұмсақ болуға тиіс. Басқаруды қолына алудан, «анау былай, мынау олай» деп нұсқау беріп, бұйырудан өзін тыйып ұстаса, бәрі одан сайын жақсы бола түседі.
Бикеш
Белгі иелерінің бойындағы бір қасиет – іштен тыну. Яғни, олар көңілі толмаған жайттарды, өкпе-ренішті күнде өздігінен айта бермейді. Біраз уақыт бойы ішіне жинайды. Бірақ, әйтеуір бір күні міндетті түрде жарылады. Міне, сол кезде ерлі-зайыптылардың арасында әжептәуір келіспеушілік орын алады. Осыны болдырмау үшін Бикеш жұбыңыздың жағдайын, ойын жиі сұрап, неге көңіл-күйі жоқ екенін, қандай реніші барын біліп, әр нәрсені өз уақытында түсіндіріп, тігісін жатқызып тұрған жөн.
Таразы
Таразылар өмірлік серік ретінде ерік-жігері күшті, мықты мінезділерді таңдайды. Өйткені, өзінің жанынан қолынан іс келетін, өзгеге сөзін өткізе алатын, көшбасшы болуға лайық жанды көргісі келеді. Бірақ, өзінен асып кетпеуі керек. Міне, осы қасиеттер бойыңыздан табылып, оларды орнымен, мөлшерімен қолдана алсаңыз, басшы мен бағынушы рөлдерін қатар сыйғызып, тепе-теңдік ұстай білсеңіз, Таразы жұбыңыз сізді бақытты ету үшін барын салады.
Сарышаян
Олар сүйе тұра, сенімсіздікті жиі танытады. Соның салдарынан жіті бақылап, жиі тексеріп, тіпті кейде «не істер екен, көрейінші» деп арнайы оқиғалар ұйымдастырып, сынақтан өткізіп тұрады. Сондықтан, Сарышаянмен бақытты өмір сүру үшін ең бірінші керегі – қай кезде, қай жерде болмасын «ақырын жүріп, анық басу». Сонымен қатар, темірдей төзім мен мықты жүйке де керек-ақ.
Мерген
Олар бәріне қатар үлгергісі келеді. Содан да өмірі қарбаласқа толы. Оған ілесуге күш салыңыз. Сіз де жаңа нәрселерді үйренуден, көруден жалықпаңыз. Бірге дамыңыз. Сонда ғана артында қалып қоймай, қол ұстасып қатар жүресіздер.
Тауешкі
Өте сұңғыла, байқампаз жандар. Жалғандықты бірден байқайды, жасырғаныңыз болса, көп ұзамай-ақ әшкере боласыз. Кейін алдында ақталып, қайта сеніміне ие болу өте қиын. Осыған қарап, Тауешкімен бірге бақытты күн кешудің басты шарты – адал әрі шынайы болу деуге әбден негіз бар.
Суқұйғыш
Күнделікті бірсарынды өмірді суқаны сүймейді, жаны жаңалыққа құмар. Қасындағы адамының бойынан да жаңашылдықты жиі көріп тұрғанды қалайды. Сондықтан, өзіңізді жақсы жаққа қарай өзгерту мен даму жолында болыңыз. Өзгеше болудан, таң қалдырудан жалықпаңыз. Сонда жұбыңыздың сізге деген махаббаты мен сыйластығының сыны да, сыры да кетпейді.
Балықтар
Қиял әлемінде қалықтап жүретін шығармашыл тұлға екенін жақсы білесіз. Сондықтан, аяғынан тартып «жерге түсіре» бермеңіз. Шынайы әлемнің бітпес күйбеңі мен сүреңсіз күндерін кешуге мәжбүрлемеңіз. Керісінше, онымен бірге қиялындағы қызылды-жасылды әлемге жиі барып тұрыңыз. Қолдау білдіріп, идея қосыңыз. Мұны ол жоғары бағалайды әрі бір-біріңізді бұрынғыдан да жақсы түсінетін боласыздар.
Аударған: А.Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: