Мәселен, Тоқтылар тәттілерді, қуырылған, қақталған, дәмдеуіштер молынан қосылған тағамдарды өте жақсы көреді...
Салауатты өмір салтын ұстанып, тамақтануды дұрыс жолға қою – бұл жақсы. Алайда, диетологтар жалпылама айтатын ережелердің бәрін бірдей ұстану мүмкін емес секілді. Өйткені олар өте көп әрі кейде мамандардың пікірі мен тұжырымының өзі бір-біріне қарама-қайшы келіп жатады. Сонда қайтпек керек?
Абзалы, дұрыс тамақтану ережелерін бекітуде өз табиғатыңыздың, ағзаңыздың ерекшеліктерін ескеру. Осы тұста ең дұрыс шешімді табуға жұлдыз белгіңіз көмектеседі.
Мәселен, Тоқтылар тәттілерді, қуырылған, қақталған, дәмдеуіштер молынан қосылған тағамдарды өте жақсы көреді. Жақсы көреді екем деп жей берсе не болады? Әрине, артық салмақ, ерте қартаю, ағза жұмысының бұзылуы, терінің бүлінуі, т.с.с. Мұндай мәселелерді туындатпау үшін қатты тойғанша тоқтамаудан, жүре ішіп-жеуден, түнге қарай тамақтанудан өзін шектеуге тиіс. Денсаулығын сақтауда калий фосфатына бай өнімдер: қызанақ, жаңғақтар және қойбүлдірген жидегін молынан тұтынғаны дұрыс.
Пайдалы: ботқа түрлері, тауық пен сиыр еті, көкөністер (бұқтырылған), алма, банан, цитрусты жемістер, кепкен жемістер мен жаңғақтар.
Тыйым салынады: жылқы, қой еті, консервілер, жануарлар майы, тұздалған, қуырылған тағамдар, ащы дәмдеуіштер мен тәтті пісірмелер.
Торпақтарға келсек, олардың ағзасында заталмасу процесі баяу жүреді. Сондықтан, дұрыс тамақтануды ертерек бастағаны жөн. Асықпай, тамақты әбден шайнап жеуі қажет. Әйтпесе, оларды да күтетіні – артық салмақ пен түрлі ауру-сырқаулар. Ағзасында йод тапшы болғандықтан, соны толықтыруға тырысуы керек.
Пайдалы: қатты ірімшік, майсыз ет, суға піскен ботқа, жұмыртқа, көкөністер мен жаңғақтар, сүзбе, қайнатылып пісірілген балық, айва, өрік, шабдалы жемістері, аздап сұйық кофе, емдік шөптерден шайлар, айран.
Зиян: тәттілер, майлы ет, салқын сусын, қуырылған картоп, консервілер.
Егіздердің еншісіне табиғат екі түрлі мінезді бірге берген. Бір жағынан қарасаң, әлсіз, қорғансыз, күйзеліске бейім кісілер. Енді бірде денсаулығы да, жүйкесі, ерік-жігері – бәрі мықты, бірбеткей екенін байқайсың. Қалай болғанда да анда-санда күйзеліске бой алдырмай тұрмайды. Сондықтан жүйкесін және физикалық жай-күйін бірқалыпты 9стап тұру үшін ақуызға бай тағамдарды көбірек тұтынғаны жөн. Ішкен-жеген ас-тағамының құрамында кремний мен калийдің де көп болуын қадағалауы керек.
Пайдалы: күркетауық еті және басқа да майсыз еттер, бауыр, ірімшік, жаңғақтар, жұмыртқа, зәйтүн, көкөністер, жүзім және алмұрт, шай, кепкен жемістерден компот, минералды су. Қанттың орнын балмен алмастырғаны абзал.
Тыйым салынады: майлы өнімдер, тәттілер, спиртті ішімдіктер, қыша, ақжелкек, ащы кофе.
Шаяндардың жалпы денсаулық жағдайы көп шағым айтқызбайды. Әйтсе де, асқорыту жүйесінің жұмысы аздап әлсіздеу. Сол себепті дұрыс тамақтануды міндетті түрде қолға алуы тиіс кісілердің бірі. Асқорытуды жақсарту үшін құрамында кальций фториді мол болатын өнімдерді қайнатып, бұқтырып не буға пісіріп тұтынуы керек.
Пайдалы: майсыз ет, көкөніс сорпасы, қайнаған не бұқтырылған көкөністер, сүтті ботқалар, теңіз және түрлі-түсті қырыққабат, сүзбе, қара нан, грейпфруттан басқа цитрусты жемістер, көк шай, минералды су, жидекті морс.
Тыйым салынған: тәттілер, көкөністер мен жемістерді шикі күйінде жеу, май мен сүтке иленген нан өнімдері, ақ нан.
Арыстандар туралы айтсақ, бұл белгі иелері өз қалауына шектеу қойғанды ұнатпайды. Соның ішінде дәмді тамақтануға да. Алайда, асқазан қалауының ырқында кетсе, арты семіздікке ұласатыны анық. Сондықтан, тағам құрамында ақуыз молынан болсын. Ал май мен көмірсулардың көп болмағаны абзал. Ұйқы алдында тамақтанбау, ұзақ шайнап жұту ережелерін де естен шығармаған жөн.
Пайдалы: еттің барлық түрі, геркулес ботқалары, көкөністер, балық, жұмыртқа, алмұрт, қараөрік, цитрусты жемістер, ірімшіктің ащы сұрыптары, сүзбе, сүт, айран, какао.
Бикештердің басты мәселесі ішек жолымен байланысты. Белгі иелері үшін режим бойынша уақытылы тамақтану өте маңызды. Темір фосфаты мен калий сульфатына бай тағамдарға басымдық бергені дұрыс.
Пайдалы: жармалар (сұлы, қарақұмық, бидай), асқабақ, салат жапырақтары, асбұршақ, қырыққабат, жүзім, алма, анар, өрік, бұқтырылған ет және балық, кепкен жемістер, какао, ыстық шоколад, қара шай.
Тыйым салынады: қой еті, консервідегі және қақталған өнімдер, тәтті пісірмелер.
Таразы белгісі аясында туғандар тұзды, ащы тағамдарды ұнатады. Алайда, мұндай тағамдардың да денсаулыққа пайдасынан зияны көп екені, мөлшерден асыра тұтынса, ауруға соқтыратыны белгілі. Сондықтан, ащы, тұзды дәмдердің орнын құрамында қышқылфосфорлы натрий бар өнімдермен алмастырған дұрыс.
Пайдалы: макарон өнімдері, ботқалар, теңіз өнімдері, майсыз құс еті, қызылша, жүгері, қияр, қасқыржем, шабдалы, мүкжидек, қарақат, бадам дәні, қара шай, қалақай тұнбасы, минералды су.
Зиянды: маргарин қосылған нан өнімі, майлы кремді торт, қақталған, тұздалған өнімдер, сүт, үйрек пен қаз еті.
Сарышаяндар денсаулықты тағам арқылы дұрыстау жолында қан құрамын тазартатын өнімдерге көбірек мән бергені дұрыс. Күндізгі рационды 6 мезгілге бөліп тамақтану керек. Режим бойынша тамақтанып, кешкі уақытта тойып жеуден аулақ болса, одан да көп мәселе аулақ болады.
Пайдалы: шалғам, қырыққабат, жуа, алма, қараөрік, қарлыған, мандарин, манго, жұмыртқа, жаңғақтар, буға піскен теңіз өнімдері, минералды су, шай, какао, қалақай қайнатпасы.
Зиянды: май мен сүтке иленген нан өнімдері, ащы дәмдеуіш қосылған тағамдар, майонез, сарымсақ.
Мергендер белсенді өмір салтын ұстанады. Әлемдегі барлық дәмді бір рет болсын татып көргісі келеді. Алайда, олардың арасында дұрыс дайындалмаған, зиянды тағамдардың да бар екенін ұмытпау керек.
Пайдалы: бауыр, жұмыртқа, балық өнімдері, қияр, қырыққабат, қасқыржем, салат жапырақтары, шие, інжір, алма, шабдалы, манго, өрік, ірімшік, қышқыл сүт өнімдері, тәтті шай, газды су.
Тауешкінің тамақтануына да біршама түзетулер енгізгені дұрыс. Түзету жұмысын зат алмасуды жақсартудан бастау керек. Бұл үшін жұлдызнама бойынша көрсетілген пайдалы азық-түліктерді дұрыс дайындап тұтынып, зиянды деп белгіленгендерді шектесе болғаны.
Пайдалы: майсыз ет, теңіз балығы, бауыр, бұқтырылған көкөністер, баялды, сәбіз, бұршақ тұқымдастар, макарон түрлері, қышқыл сүтті өнімдер, көк және қара шай, жидек морсы.
Тыйым салынады: қуырылған тағамдар, уылдырық, консервіленген өнімдер, тауық бауыры, саумалдық.
Суқұйғыш белгісінің тамақтануындағы басты қағида – қажетті қоректік заттардың бәрінің тәуліктік мөлшерін алып отыру. Бұл белгі иелерінің қолынан келеді. Себебі олар – кесте құрып, ереже бекітіп және соларды жүзеге асыруды қатаң бақылауда ұстаудың шеберлері.
Пайдалы: көкөніс сорпасы, қарақұмық ботқасы, балық, ақ түсті еттер, кәді, қызанақ, баялды, қызылша, саумалдық, банан, анар, алмұрт, балқытылған ірімшік, лимон қосқан шай, қышқылсүтті өнімдер.
Зиянды: май мен сүтке иленген пісірмелер, майлы торт, қақталған өнімдер, қызыл түсті ет.
Балықтар түрлі инфекциялар алдында әлсіз, тез жұқтырады. Осының алдын алу үшін белгі иелеріне сұйық және құрғақ тағамдардың тепе-теңдігін сақтау керек.
Пайдалы: жұмыртқа, көкөніс салаттары, асқабақ, жасыл бұршақ, жұмсақ ірімшік, зәйтүн майы, арпа, күріш, теңіз өнімдері, анар, жүзім, грек жаңғағы, күнбағыс дәні, шай, айран, сүт, какао.
Зиянды: майлы және ащы тағамдар, қант, сары май, соустар, тәттілер.
Жұлдызшылар кеңесін жүзеге асырып жүрсеңіз, саулық пен жастықты сақтау аса қиынға түспейді. Артық салмақ пайда болмайды. Дәрігер мен дәріханаға да жүгіре бермейсіз.
Аударған: А.Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: