Аймақтағы орман өртінен былтыр жазда 3 млрд-қа жуық «Қызыл кітапқа» енген жабайы жан-жануар мен құс жоғалған.
ERNUR.KZ. Еліміздің кей өңірінде күн күрт суытып, аяз қысты. Табиғаттың тосын мінезі шетелдерде де байқалады. Калифорния мен Австралия орман өртінен көз ашпады. Италия тұрғындарын су тасқыны әбігерге салды. Ал Ливанда бұршақ жауып, Хорватияда қарлы боран соғып жатыр, деп хабарлайды Хабар24.
Австралияда өршіген орман өрті қас қағым уақытта мыңдаған гектар жердің астан-кестеңін шығарып, аймақтағы ондаған 1000 коала қырылып қалған.
Тілсіз жау жергілікті жануарларға да үлкен қауіп төндіріп тұр. Мамандар жануарлардың жаппай қырылуы мүмкін екенін айтып дабыл қағып жатыр. Аймақтағы орман өртінен былтыр жазда шамамен 60 мың коала қырылған екен. Жалпы 3 млрд-қа жуық «Қызыл кітапқа» енген жабайы жан-жануар мен құс жоғалған.
– Өрт Австралия табиғатына орасан зор зиян келтірді. Жарияланған сандар жаға ұстатады. Мәселені шұғыл шешу керек, - дейді Австралиядағы жабайы табиғат қорының басшысы Дермот О'горман.
Австралияда Фрейзер аралы өртке оранды
Австралияда орман өрті ырық бермей тұр. Қызыл жалын Фрейзер аралын шарпыды. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, тілсіз жау ЮНЕСКО тізіміндегі аралдың тең жартысын тып-типыл еткен. Жергілікті билік өңірдегі елді мекендерден тұрғындарды эвакуациялау туралы шешім қабылдады. Аймақтан саяхатшылар да шұғыл көшіріліп жатыр. Мамандар: «Орман өрті әлі бірнеше апта бойы жалғасуы мүмкін», – дейді.
– Жағдай өте ауыр. Соған қарамастан, өртті ауыздықтау үшін қолдан келгенше тырысып жатырмыз. Қауіпті аймақтарға жету қиынға соғып тұр. Фрейзер аралына 38 техника, 17 ұшақ пен ондаған маман жұмылдырылды. Жақын арада көмекке тағы да қызметкерлеріміз тартылады, - дейді өрт сөндіру және төтенше жағдай қызметінің министрі Марк Райан.
АҚШ-та Калифорнияда орман өрті дес бермей тұр
Орман өрті Калифорния тұрғындарын да есеңгіретіп жіберді. Қызыл жалын жақын маңдағы елді мекендерге дейін жеткен. Салдарынан ондаған отбасы баспанасынан айырылды. Апаттан бірнеше адам жарақат алды. Қазір қауіпті жерлерде орналасқан тұрғын үйлер жарықсыз отыр. Өрттен шыққан қою қара түтін халықтың денсаулығына қауіп төндірді. Құтқарушылар 25 мыңнан астам адамды эвакуациялап үлгерген. Өршіген отты сөндіруге қатты жел де кедергі келтіріп тұр.
Италиядағы Апеннин түбегінде жаңбыр мен қар жауды
Италияның солтүстігі мен орталығы қолайсыз ауа райының құрсауында қалды. Кей өңірде жаңбыр жауып, тасқын жүріп жатыр. Су деңгейі жарты метрге дейін көтерілген. 60 отбасы уақытша паналау орындарына жеткізілді. Синоптиктердің айтуынша, нөсер жаңбыр әлі жалғасады. Елдің басқа аудандарында қар жауып, боран соққан. Салдарынан ағаштар мен электр бағандары құлап, 7 мыңға жуық үй жарықсыз қалды. Ливанда бұршақ жауды Қырық құбылған күн райы Ливан тұрғындарын таңғалдырды. Елдің бірқатар қаласында алдымен нөсер жауып, соңы бұршаққа ұласқан. Сөйтіп қала көшелері ақ жамылды. Салдарынан көлік қатынасы тұралап қалды. Ал толассыз жауған жаңбырдан Бейруттің кей аудандарында су тасқыны басталған.
Хорватияда долы дауыл ойран салды
Ал Хорватияда Адриатикалық теңізден соққан долы дауыл ойран салды. Желдің жылдамдығы сағатына 130 шақырымға дейін жетеді. Дауыл салдарынан теңіз жағалауындағы кемелер сапарға шықпай отыр. Ақпарат көздері бірнеше көліктің аударылып қалғанын хабарлайды. Қатты желден жағажай маңындағы елді мекендерде бірнеше сағат ішінде су тасқыны басталған. Кей жерлерде көтерілген толқынның биіктігі 6 метрге дейін жетеді. Жергілікті билік тұрғындарға үйден шықпауға кеңес беріп отыр.