Ота жасалғанда ол 18 жаста болған.
ERNUR.KZ. Гиннестің рекордтар кітабы Нидерландтың 57 жастағы тұрғыны Берт Янссеннің жүрек трансплантациясынан кейін тарихта ұзақ өмір сүрген адам екенін растады. Оған осыдан 40 жылға жуық уақыт бұрын ота жасалған, деп жазады inform.kz.
17 жасында Янссенге кардиомиопатия диагнозы қойылды. Бұл — жүректің қан айдау қабілетіне әсер ететін ауру.
Дәрігерлер емдеу үшін жүрек трансплантациясы қажет деп шешті. Ол кезде елде мұндай оталар жасалмаған.
Содан кейін Янссеннің дәрігері Лондондағы жүрек ауруларына маманданған британдық Харфилд ауруханасына жүгінді.
Оны емдеуге әйгілі мысырлық-британдық хирург Магди Якуб кірісті. Бұл дәрігер кейін медицинаға қосқан үлесі үшін рыцарь атағын алды.
Жүрек трансплантациясы 1984 жылы 6 маусымда, 18 жастағы Янссен ауруханаға жатқаннан бір аптадан кейін жасалды.
«Бәрі өте тез өтті. Харфилдке келгеніме бір апта болған, Лондондағы ауыр жол апатынан кейін бірден екі донор жүрек пайда болды. Оның біреуі маған тура келіп, трансплантацияланды», — дейді пациент.
Янссеннің айтуынша, ол өзінің донорынан алған «керемет сыйлық үшін әлі күнге дейін дән риза».
Науқастың айтуынша, ол отадан кейін тез сауығып, содан бері толыққанды өмір сүрген. Қазір Янссеннің әйелі мен екі баласы бар.
Берт Янссенге ота жасалғанда ол 18 жаста еді.
«Осындай жолдан өтемін деп армандаған да емеспін. Менің ойымша, ең бастысы, басымнан өткен жағдай басқа адамдар үшін маңызды ескерту болды. Енді донорлық жүрекпен осы уақытқа дейін өмір сүруге болатыны ресми мойындалды. Басқа біреу менің рекордымды жаңартса, риза болар едім», — деп қосты Янссен.
Янссен отасы Харфилд ауруханасында жасалған 107-ші жүрек трансплантациясы болды.
Магди Якуб алғаш мұндай процедураны 1980 жылы жасаған.
Содан бері жүрек трансплантациясы мыңдаған пациентке жасалды, тек 2022-23 жылдары бұл ауруханада жүректі ауыстыру бойынша 54 ота өткізілген.