COVID-19: Франция билігі онлайн оқуға көшуден бас тартты

0
616

Егер мектептерді ашпасақ, елдегі әлеуметтік жағдай шиеленісуі мүмкін - Жан-Мишель Бланкер, Франция білім министрі.


COVID-19: Франция билігі онлайн оқуға көшуден бас тартты

ERNUR.KZ. Жаңа оқу жылына әлемдегі өзге елдердің жоспары қандай? Мысалы, Францияда коронавирус індетінің екінші толқыны байқалғанымен, үкімет оқу жылын кейінге шегермей, уақытылы бастауды дұрыс деп шешкен екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Франция билігі елде коронавируспен байланысты жағдайға қарамастан онлайн оқуға көшуден бас тартты. Демек жаңа оқу жылында мектептерде санитарлық талаптарға қатысты мәселе жырға ұласуы мүмкін. Рас, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында айтарлықтай жұмыс жүрді.

Жан-Мишель Бланкер, Франция білім министрі:

Егер мектептерді ашпасақ, елдегі әлеуметтік жағдай шиеленісуі мүмкін. Сондықтан оқу жылы әдеттегідей қыркүйектің 1-інде басталады. Білім ошақтары арнайы дайындалған хаттама бойынша жұмыс істеп, барлық санитарлық қауіпсіздік талабын орындауы тиіс.

Жаңа талапқа сай мектептерде зарарсыздандыру жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Мұғалімдер мен орта және жоғарғы сынып оқушылары міндетті түрде бетперде тағып жүруі тиіс. Ал асханаға балалар шағын топтарға бөлініп барады.

Вероника, оқушы:

Мен жаңа нұсқаулар бойынша әлі көп ештеңе білмеймін. Бірақ маған шектеулер ұнамайды. Шынымды айтсам, мектепте бетперде тағып жүру қиын. Өйткені онымен тыныс алу біршама ауырлап, ауызбен демалуға тура еледі. Демек соншалықты қолайлы деп ойламаймын.

Жаңа оқу жылында ата-аналар әдеттегіден көбірек шығындалуы мүмкін. Мысалы, әр бетпердені 2 сағат ауыстыру керектігін ескерсек, ата-ана мектепте күн сайын 8 сағатқа дейін білім алатын әр баласы үшін аптасына 10-15 еуро жұмсайды екен. Жергілікті билік жаңа оқу кестесін індетті жағдай ескеріліп жасалғанын айтады.

Білім министрлігі мектептерде шектеулер маусым айының өзінде-ақ қолданылағанын да алға тартып отыр. Егер мектепте коронавиурс анықталса, бір ғана сыныпты емес, тұтас оқу орнын, яғни бүкіл оқушыларды карантинге жіберу қарастырылған. Одан оқу процесі тоқтамайды. Карантин кезінде балалар қашықтан оқуын жалғастырады.