"Газпромбанк" бұрынғы вице-президентінің жанұясы өлі табылды

0
573

Аваевтар отбасы мүшелерінің мәйіттері дүйсенбіде Университетский даңғылындағы пәтерден табылған - оларды бірінші болып туысы көрген.


ERNUR.KZ. Мәскеуде "Газпромбанктің" бұрынғы вице-президенті Владислав Аваевтың жанұясы өлі табылды, деп жазады tengrinews.kz.

Baza телеграм-арнасының мәліметінше, 51 жастағы экс-банкир 47 жастағы әйелі Елена мен 13 жастағы қызы Марияны тапаншамен атып, кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Полицейлердің бұлай топшылауына қару Аваевтың қолында болғаны себеп.

Аваевтар отбасы мүшелерінің мәйіттері дүйсенбіде Университетский даңғылындағы пәтерден табылған - оларды бірінші болып туысы көрген. Ол Аваевтар үйіне ұзақ уақыт бойы хабарласқан, бірақ телефон тұтқасын ешкім көтермеген.

Экс-банкирдің мұндай әрекетке баруына қызғаныш болуы да мүмкін. БАҚ мәліметінше, Аваевтың әйелі жеке жүргізушісінен жүкті болған. Тергеу көрсеткендей, ер адам әйелі жүкті екенін біліп, отбасы мүшелерін, кейін өзін өлтірген болуы мүмкін.

"Московский комсомолец" мәліметінше, Владислав Аваев бір кездері Президент істері басқармасында және Мемлекеттік думада жұмыс істеген. Алайда ол кейін бизнеске бет бұрған. "Газпромбанкте" жұмыс істеп, Ресейдің қаржы-шаруашылық органдары ОСК қамқоршылық кеңесінің мүшесі болған. Кейінірек ол медициналық бизнеске ауысып, "РТ-карбон" компаниясын басқарған, "Карбоникс" компаниясы акцияларының бақылау пакеттерін иеленген. Аваевтың жары "Евроцемент" компаниясында жұмыс істеген.