Порошенко: Украина ТМД құрамынан шығады

0
1 194

12 сәуірде Киевте қауіпсіздік мәселесі бойынша өткен форумда Порошенко үкіметті Украинаны ТМД құрамынан шығару жөніндегі заң жобасын дайындауды тапсырды.


Порошенко: Украина ТМД құрамынан шығады

Украина президенті Петр Порошенко елді Тәуелсіз мемлекеттер достастығынан (ТМД) шығару және Ресеймен достық қарым-қатынас туралы келісімнің кейбір бөлігінен бас тарту ниетін мәлімдеді,-деп жазады centralasian.org.

12 сәуірде Киевте қауіпсіздік мәселесі бойынша өткен форумда Порошенко үкіметті Украинаны ТМД құрамынан шығару жөніндегі заң жобасын дайындауды тапсырды.

"Украина ешқашан ТМД-ның толыққанды мүшесі болған емес және ТМД-ның Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптай алмағанын ескере отырып, мен біз ұйымның жарғылық органы жұмысына қатысуды ресми түрде тоқтатуымыз керек деп білемін" деді Порошенко.

Украина президенті сонымен қатар парламентке Украина мен Ресей арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісімнің "Украинаның ұлттық мүдделерімен және өзін қорғау еркіндігімен үйлеспейтін" кейбір баптарын дереу және біржақты түрде тоқтату туралы заң жобасын ұсынатынын мәлімдеді.

Украина әскері 2014 жылдың сәуірінен бері елдің шығысындағы Донецк және Луганск облыстарында Ресей қолдайтын сепаратистермен соғысып жатыр. Мұның алдында Ресей Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алған.

Мәскеу Украина шығысындағы қақтығысқа киліккенін жоққа шығарады. Бірақ 2016 жылы қарашада Халықаралық қылмыстық сот Донбастағы қақтығысты "Украина мен Ресей арасындағы халықаралық қарулы қақтығыс" деп таныған.

Қақтығыстан осы күнге дейін 10300-ден астам адам қаза тауып, 1,6 миллион адам үй-күйінен айырылды.

ТМД - 1991 жылы СССР күйреген соң-ақ Ресей, Беларусь және Украина құрған ұйым. Бірақ Украина ұйымның тең құқылы мүшесі емес. ТМД-ның тең құқылы елдер қатарында Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан және Өзбекстан бар.