Жантүршігерлік оқиғаға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Фото: REUTERS/Chalinee Thirasupa
ERNUR.KZ. Таиландта Бангоктың шет жағына экскурсияға бара жатқан 40-тан астам оқушы мен мұғалімдер мінген мектеп автобусы өртке оранды, деп жазады stan.kz.
Жантүршігерлік оқиғаға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Сот-медициналық сараптама жөніндегі комиссар Трейронг Фиупанның айтуынша, қазірдің өзінде жиырма үш адамның мәйіті анықталды. Көлік министрі Сурья Хуангроонгруангкит он алты студент пен үш мұғалімнің ауруханаға жеткізілгенін айтты.
“Мұғалімдер өрттің тез басталғанын айтты. Куәгерлердің сөзінше, көлікті қуаттандыратын жанармай багын тұтандырған шинадан шыққан ұшқын жарылысқа себеп болуы мүмкін. Кейбір оқушылар терезеден шығып, аман қалған. Қазір барлығын тексеріп жатырмыз, тіпті автобус компаниясының салғырттығы болуы мүмкін деген болжам бар”, – дейді полиция бастығының міндетін атқарушы Киттират Фан Пхет.
Көлік министрі Сурияның айтуынша, өртенген автобус табиғи газбен жүретін көлік түрі еді.