Тәліптер ауған әйелдеріне бетін және денесін толық жаппай көшеге шығуға тыйым салды

0
898

​Тәліптер билікке келген уақыттан бері әйелдерге қатысты ең қатаң шешім қабылдады.


Тәліптер ауған әйелдеріне бетін және денесін толық жаппай көшеге шығуға тыйым салды

ERNUR.KZ. Жаңа бұйрыққа сәйкес ауған әйелдері енді көшеге бетін және денесін толық жаппай шыға алмайды, деп жазады Stan.kz.

Ауған әйелдері көшеге шығарда міндетті түрде "бурка" деп аталатын киімді киюі керек. Сондай-ақ құжатта аса қажеттілік болмаса, әйелдерге үйде қалғаны жөн екені көрсетілген.

Ауғанстанның көшбасшысы және тәліптердің басшысы Хайбатулла Ахундзада сәйкес бұйрыққа сенбі, 7 мамыр күні қол қойған.
Қаулыда әйелдер үшін бетін және денесін толық жабудың тиімді әдісі чадари (ред. бетті және денені жабатын көк түсті ауған буркасы) кию екені жазылған.

"Әйелдер чадари кию керек, себебі бұл дәстүрлі әрі орынды қылық. Енді қарттар мен өте жас қыздар шариғатқа сәйкес тек көзден басқа бетінің барлық бөлігін жабуы керек. Бұл ерлермен кездескен кездегі азғырудан сақтайды", – делінген қаулыда.

Авторлар құжатта тек кеңестер көрсетілгенін айтады. Алайда қаулыға бағынбаған әйелдерге қатысты бірнеше жаза қарастырылған. Мысалы, көшеге бетін жаппай шыққан әйелдің үйіне "Талибан" өкілдері келіп, күйеуі, әкесі немесе ағасымен түсіндірме жұмысын өткізеді.

Егер екі рет бетін жаппай шықса, күйеуі министрлікке шақырылады. Үшінші рет қайталанған жағдайда, күйеуі сот алдында жауап беріп, үш күнге қамауға алынады.

Сонымен қатар мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін әйел бурка киюден бас тартса, жұмыстан шығарылады. Қаулыдағы кеңесті орындамаған әйелдің күйеуі немесе әкесі де мемлекеттік мекемедегі қызметінен босатылады.

Ауғанстанда әйелдер никаб (ред. бетінің кей бөлігі ашық қалады) пен бурка киеді. Ал қалалық аймақтарда тек шашын жауып, бетін ашық қалдырады. Тәліптер кеңес еткен бурка әйелдің бетін және денесін толық жауып тұрады.

"Талибан" қозғалысы алғаш билікке келген жылы, яғни 1990-жылдары да бурка киюді міндеттеген. 2021 жылы екінші рет биліке келген соң әйелдерге қатысты бірнеше тыйым енгізген.

Дегенмен көпшілік алдында сөз сөйлегенде тәліптер әйелдер құқығының бұзылмайтынын алға тартқан.

Бастапқыда білім алу және жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болған әйелдер енгізілген тыйымдарға қарсы шыққан еді. Бірақ тәліптер митингтерді күшпен таратып, бірнеше әйелді қамауға алған.