Түркияда 12 қазаннан бастап бастауыш сынып оқушылары мектепке барады

0
873

Сондай-ақ биыл мемлекеттік сынақ тапсыратын 8, 12-сыныптар да оқи бастайды.


Түркияда 12 қазаннан бастап бастауыш сынып оқушылары мектепке барады

ERNUR.KZ. Түркияда 12 қазаннан бастап бастауыш сынып оқушылары дәстүрлі білім беру форматына көшеді, деп жазады 24.kz.

Сондай-ақ биыл мемлекеттік сынақ тапсыратын 8, 12-сыныптар да оқи бастайды. Араға 7 ай салып, қайта ашылатын білім ошақтары қандай жүйемен жұмыс істейді? Нендей санитарлық ережелер сақталады?

"Дәстүрлі білім беру үдерісінің алғашқы кезеңін жоспарға сәйкес сәтті аяқтадық. Нәтижелері оң болғандықтан, екінші кезеңді бастауға әзірміз" - дейді Ұлттық білім беру министрі, Зия Селжук.

Ұлттық білім беру министрінің мәлімдемесіне сәйкес, 12 қазаннан бастап бастауышқа баратын 2-3-4 сыныптар мен мемлекеттік сынақ тапсыратын 8-12 сыныптар үшін оқу ордаларының жұмысы қайта жанданады. Сондай-ақ ауылдық және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектептер жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастайды. Бұл үдеріске санаулы күн қалды. Дегенмен, коронавирус анықталса, жағдай қалай болмақ деген сұраққа әлі жауап жоқ. Министрдің айтуынша, бұған қатысты шешімдер алдағы күндерде жарияланады.

"Сыныптардағы оқушы саны коронавирус жөніндегі білім кеңесінің ұсынысымен белгіленеді. Жағдайдың техникалық тұсын көп ұзамай хабарлаймыз" - дейді Ұлттық білім беру министрі, Зия Селжук.

Бұдан біраз бұрын денсаулық сақтау министрлігі «мектептерде коронавирус тіркелсе не істейміз?» атты ереже тәртібін жариялады. Оған сәйкес, білім беру мекендерінде 4-сыныптан бастап барлық оқушылар маска тағуға міндетті. Егер сыныпта бір бала қауіпті індетті жұқтырса, сынып оқуын жалғастырады. Вирусқа сынамасы оң шыққан бала жағдайын медицина қызметкері анықтайды. Клиникалық симптомы жоқ болса, оқуын жалғастыруы мүмкін. Тап осы сыныптың мұғалімі мен оқушылары 14 күн бойы 2 сағатта бір күніне 2 рет дене қызуы өлшейді. Аталған сынып басқа сыныптардан бөлек үзіліске шығады. Алайда, сол сыныпта 2 немесе одан да көп оқушы вирусқа шалдықса, 14 күндік карантинге жатқызылады.

Оқушылар аптасына екі рет мектепте дәстүрлі форматта оқуын жалғастырады. Басқа күндері қашықтан білім алады. Ал, оқушының мектепте барып-бармауы ата-ананың қалауына байланысты. Мектепке бару міндет емес. Дегенмен, оқушылар оқу бағдарламаларын меңгеруі тиіс. Басқа тұстан, кейбір аймақтарда сенбі күні оқу жалғасуы мүмкін. Бұдан бөлек, елде 500 мың әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларға планшет берілмек. Сонымен қатар оқушылардың интернетке қол жетімділігі мәселе болып тұр. Елде ұялы телефон операторлары тегін интернет бергенімен, жеткіліксіз. Тіпті кейбір шалғай жерлерде ғаламторға жету мүмкін емес. Себебі, онда интернет ұстамайды.