Бүгін - Дүниежүзілік жүрек күні

0
2 295

2023 жылы Дүниежүзілік жүрек күнінің ұраны «Жүрек – өмір сүруге арналған».


Бүгін - Дүниежүзілік жүрек күні

Жыл сайын әлемде 29 қыркүйекте Дүниежүзілік жүрек күнін атап өтеді. Ол алғаш рет 1999 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен ұйымдастырылған.

2023 жылы Дүниежүзілік жүрек күнінің ұраны «Жүрек – өмір сүруге арналған». Бұл күнді өткізудің мақсаты – қоғамның назарын денсаулықты сақтау мәселелеріне аудару, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудың маңыздылығын атап өту.

Жыл сайын әлемде 18 миллионнан астам адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болады. Бұл - жұқпалы емес аурулардан болатын өлімнің жартысынан астамы. Өмірін ұзарту үшін адам өз жүрегіне қамқорлық жасап, жаман әдеттермен жүректің атқаратын қызметін бұзбауы керек.

«Ағзалардың, организм жүйелерінің жағдайы және адамның өмір сүру ұзақтығы жүректің және бүкіл жүрек-қантамыр жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне байланысты. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу денсаулық пен ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Консультациялық-диагностикалық орталығының кардиологы, жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қыстауова.


Адам денсаулығына маңызды кеңестер:

  • Қаныққан май, тұз және қантты шектейтін теңдестірілген рационды ұстаныңыз. Көкөністерді, жемістерді, дәнді дақылдарды және құрамында магний бар тағамдарды көбірек тұтыныңыз.

  • Физикалық белсенді болыңыз - тұрақты жаттығулар жүрек пен қан тамырларын нығайтады.
  • Қалыпты салмақты сақтаңыз - артық салмақ пен семіздік жүрек ауруының қаупін арттырады.
  • Темекі шегуден және алкогольді ішімдік ішуден бас тарту керек – темекі шегу және шамадан тыс ішімдік ішу жүрек пен қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады.
  • Күйзеліске түсу жүрекке кері әсер етуі мүмкін. Өмірде бәрі біз қалағандай бола бермейді. Оны түсіну және қабылдау керек. Кез келген жағдайда үрейленбеңіз.

  • Қан қысымын үнемі өлшеп, холестерин мен қандағы қант деңгейін бақылауда ұстау қажет. Қажет болса, дәрігердің ұсынымы бойынша дәрі-дәрмектерді қабылдаңыз.
  • Тұрақты медициналық тексерулер - денсаулықты бақылау және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін дәрігерге барып тұрыңыз.
  • Егер жүрек-қан тамырлары ауруларыңыз болса, тағайындалған емдеу мен дәрігердің ұсыныстарын қатаң сақтаңыз.


Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу - ұзақ мерзімді процесс. Өмір бойы салауатты өмір салтын ұстану маңызды. Осы шараларды сақтау жүрек проблемаларының даму қаупін азайтады және жалпы денсаулықты жақсартады.

Жүрегіңізді сақтаңыз, оған қамқорлық жасаңыз! Сау жүрек күні құтты болсын!

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ баспасөз қызметі