Антифриздің ТҮСІ нені БІЛДІРЕДІ? Қайсысын ҚҰЙҒАН дұрыс?

0
670


Антифриздің ТҮСІ нені БІЛДІРЕДІ? Қайсысын ҚҰЙҒАН дұрыс?

Әдетте көлік жүргізушілердің басым бөлігі жаз бойы машинасын қара сумен алдаусыратып келетіні жасырын емес. Қыс жақындағанда антифризге шығындануға тура келеді.

Антифриздің басты қызметі – қозғалтқышты салқындату. Дегенмен, бұл антифриздің жалғыз функциясы емес. Одан да басқа маңызды пайдалары бар.

Химиялық сұйықтық екі атомды спирт – этиленгликольден тұрады. Осы құрамының арқасында төмен температурада мұз болып қатпайды. Бұл радиаторға қарапайым су құйғанға қарағанда әлдеқайда тиімді.

Сондай-ақ, ұзақ уақыт жұмыс істемей тұрған қозғалтқышты қақ тұрудан, шіруден қорғайды. Сонымен қатар, антифриз резеңке шлангтарды, тығыздағыштарды және жүйенің пластикалық бөліктерін кебуден және жарылудан сақтайды.

Мотор майы секілді, антифризді де ауыстырып тұру қажет. Өйткені, уақыт өте келе құрамына кіретін қоспалардың қасиеттері жоғалуы мүмкін. Нәтижесінде сұйықтықтың коррозияға қарсы және қорғаныс қасиеттері төмендейді. Тот басу радиаторды бітеп тастауы немесе термостатты зақымдауы мүмкін. Мұның нәтижесі қозғалтқыштың қызып кетуіне әкеледі. Бұл оның қуаты мен жанармайды үнемді жағуына теріс әсер етеді. Болашақта қозғалтқыштың мүлде істен шығуына себеп болуы ықтимал.

Антифризді қанша уақытта ауыстыру керегі техникалық сұйықтықтың қызмет ету мерзіміне байланысты. Оны антифриз контейнері жапсырмасынан немесе ғаламтор арқылы сайттағы мәліметтен білуге болады. Көпшілік салқындатқыштың қызмет ету мерзімі – екі жыл. Сондай-ақ, әсері төрт жылға дейін созылып, ұзақ қызмет ететін түрлері де бар.

Дегенмен, егер көлік қиын жағдайларда жүргізілсе (мысалы, жол талғамайтын жерде немесе жиі кептелістерде) қозғалтқышқа жүктеме бірнеше есе артады. Осыған байланысты антифризді көрсетілгеннен ерте ауыстыруға тура келетінін есте ұстаған жөн. . Сондықтан кеңейткіш бакты үнемі тексеріп жүру артық болмайды. Егер сұйықтық деңгейі ең астыңғы белгіден төмен болса, оны ауыстыру керек. Антифриз түсі өзгерсе немесе онда коррозиялық шөгінділер байқалса да, дәл солай істеу ұсынылады.

Қазіргі кезде антифриздің бірнеше түрі бар. Олар құрамы және түсіне қарай жіктеледі.

  • Органикалық (карбоксилат)

Карбоксилатты антифриздер G12 немесе G12+ деп белгіленеді. Ондағы қоспалар органикалық қышқылдарға негізделген, қақ пен шөгінділер түзбейді. Металды коррозиядан және кавитациядан тиімді қорғайды, осылайша қозғалтқыштың оңтайлы салқындатылуын қамтамасыз етеді. Заманауи алюминий қозғалтқыштары үшін ең қолайлы нұсқа. Сұйықтықты пайдаланғанда құбырларда пленка пайда болмайды, бұл жылуды айтарлықтай арттырады. Салқындатқыштың қызмет ету мерзімі – шамамен 5 жыл.


  • Бейорганикалық (дәстүрлі)

Бұл антифриз құрамында бейорганикалық заттар бар: силикаттар, фосфаттар, бораттар, нитриттер, аминдер, нитраттар және олардың комбинациясы. Бір кемшін тұсы – қызмет ету мерзімі қысқа, шамамен 2 жыл. Жұмыс кезінде қозғалтқыштың барлық металл бөліктерінде оксидті пленка түзеді. Бұл коррозиядан жақсы қорғағанымен, жылудың таралуын нашарлатады. Ескі қозғалтқыштар үшін қиындық тудырмайды, бірақ жоғары жылдамдыққа ие жаңа қозғалтқыштарды қызып кетуге әкеледі.


  • Лобрид
Lobrid антифриздері (G12++ және G13) салқындатқыштың аралас түріне жатады. Салыстырмалы түрде басқаларынан ең қымбаты. Заманауи қозғалтқыштарға арналған. Олардың құрамында органикалық негіз және минералды ингибиторлар бар. Бұл композиция өте жұқа пленканы құрайды. Ал кейбір қоспалар тек коррозия пайда болған жерде нүктелік бағытта әрекет етеді.
  • Гибридті
Гибридті антифризде (G11) органикалық және бейорганикалық қышқылдар бар. Нәтижесінде сұйықтық біріктірілген қорғанысты қамтамасыз етеді. Орташа алғанда, гибридті антифриздің қызмет ету мерзімі – үш жыл.



Түсі нені білдіреді?

Антифриздер түсі бойынша да ерекшеленеді. Түстер өнімді таңбалау және оларды өндіру технологиясы мен түрі бойынша ажырату үшін қолданылады.

• Көк, жасыл: G11 класы, ең көп тараған түі, ауа соратын қуат блоктарына арналған.

• Қызыл, қызғылт: G12 класы, жоғары жылдамдықты және температура жүктемесі бар турбокомпрессорлық қозғалтқыштар үшін қолданылады.

• Сары, қызғылт сары: G13 класы, автомобильдер мен мотоциклдердің мәжбүрлі немесе спорттық қозғалтқыштарына арналған. Оның құрамында пропиленгликоль бар, сондықтан ол аз уытты және қымбатырақ.

Дегенмен, антифриздің бастапқы қалпы – түссіз. Бояу сұйықтықтың физикалық және химиялық қасиеттеріне, сапасына әсер етпейді. Ол тек кеңейту цистернасындағы сұйықтық деңгейін визуалды түрде анықтауға, салқындату жүйесіндегі ағып кетуді табуға және антифризді басқа техникалық сұйықтықтардан ажырату мақсатында қосылады. Бұл компанияның өз өнімдерін бәсекелестердікінен ажырату үшін жасайтын маркетингтік айласы.


Араластырып құюға бола ма?

Бак түбінде қалған антифриз үстіне басқа түрін әкеліп құятындар бар. Немесе құты түбінде қалған бірнеше түрін. Дегенмен, әртүрлі қасиеттері бар салқындатқыштарды араластыру ұсынылмайды (олардың түсі бірдей болуы мүмкін екенін есте сақтаңыз). Әйтпесе, бұл ерімейтін тұнбаның пайда болуына әкелуі мүмкін. Нәтижесінде жылу беру нашарлайды және қозғалтқыш қызып кететін болады. Басқа да жағымсыз салдарлар орын алуы ықтимал: резеңке бөлшектердің жұмсаруы, коррозияға қарсы қасиеттердің нашарлауы және салқындату жүйесінің тізбегінде тот дақтарының пайда болуы.

Бұған жол бермеу үшін автокөлікті тікелей өндіруші өзі пайдалануға рұқсат берген антифризмен толтыру ұсынылады.


Құюдың да құпиясы бар

Көптеген автомобильдерде антифриз кеңейту цистернасы арқылы құйылады. Бұл процесті бастамас бұрын, машинаның пайдалану нұсқауларын оқып шыққан абзал. Тым тез немесе бірден тым көп құймаңыз, бұл ауа құлпын қалыптастыруға әкелуі мүмкін. антифризді құғаннан кейін қозғалтқышты іске қосып, шамамен 10 минутқа қалдырыңыз. Бұл жағдайда антифриздің күйін бақылау керек. Қажет болса, оны соңғы белгіге дейін толтыру керек.

Салқындатқыштың улы екенін есте ұстаған жөн - егер ол сіздің теріңізге түссе, дереу таза сумен шаю керек.

Дайындаған: Б. Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

БІР ғана жерін ӨЗГЕРТСЕҢІЗ, көлігіңіз ЖАЗДАҒЫДАЙ ЖЫЛЫ болады