Қарбыз бен қауыннан МАРМЕЛАД жасай білесіз бе?

0
4 156

Дәмді, пайдалы және үйде, қолдан жасауға болады


Қарбыз бен қауыннан МАРМЕЛАД жасай білесіз бе?

Қарбыз бен қауыннан, басқа да дәнді дақылдар мен көкөністерден тәп-тәтті мармелад жасай аласыз. Жасалу жолымен таныс болыңыз!


Қарбыз бен желатиннен жасалған мармелад

Қажетті қоспалар:

  • 500 гр. қарбыз
  • 1 ас қасық желатин
  • 4 ас қасық су
  • 1 стақан қант
  • 1 дана лимон
  • 1 шай қасық ванильді қант ұнтағы.

Дайындалу тәсілі:

  1. Қарбызды текшелеп турап, ванильді қантты қосыңыз. Бір сағаттан соң қарбызды отқа қойып, 5 минут қайнатасыз. Сосын сәл ғана суытып, блендермен езесіз. Езбені отқа қойып тағы бір қайнатып алу керек. 3 минуттай қайнатып, салқын жерге 8-10 сағатқа қалдырады.
  2. Осы уақыт өткеннен кейін қарбыз езбесіне лимон шырынын қосып, отқа қойып, 5 минут қайнату керек.
  3. Желатинді қайнаған суға салып, көпсіту үшін микротолқынды пешке салып аул керек. 30 секундта желатин дайын болады. Осы желатинді қарбыз араласпасына қосасыз. Дайын езбені бірден формаларға құйып, тоңазытқышқа салып қойыңыз. Бірнеше сағатта мармелад та дайын болады.


Асқабақтан жасалған мармелад


Қажетті қоспалар:

  • 300 гр. асқабақ
  • 75 гр. бал
  • 25 гр. желатин
  • 100 мл су
  • 10 гр. ванильді қант

Дайындалу тәсілі:

  1. Желатинге қайнаған салқын су құйып, 40 минут көтерілгенін күтесіз. Болмаса нұсқаулығында көрсетілгендей тәсілмен дайындасаңыз да болады.
  2. Асқабақтың қабығын аршып, дәндерін тазалап, текшелеп тураңыз. Туралған асқабақтарды формаға жайғастырып, 2 ас қасық су құясыз. Егер суы тартылып кететін болса тағы да 2 ас қасық су құюға болады.
  3. Пешті 180 градусқа қыздырып, асқабағы бар табаны саламыз. 20 минутта асқабақ жұмсақ боп пісіп шығады.
  4. Піскен асқабақты суытып, бал құйып, араластырасыз. Егер бал тым қою болса, онда асқабақты жылы күйінде салып, араластырыңыз. Содан соң барлығын блендермен араластырып, көпіршіген желатинді де салу керек. Кез келген формаға пленка салып, асқабақ езбесін құйып, салқын жерге қойып қоясыз. 3-4 сағатта мармелад қатады. Дайын мармеладты өзіңіз қалаған формада кесіп, қант ұнтағына немесе қантқа аунатып алыңыз. Асқабақтан жасалған мармеладты салқын жерде сақтаған дұрыс.


Қарбыздың қабығынан да мармелад жасауға болады


Қажетті қоспалар:

  • 1 кг қарбыздың қабығы
  • 2 ас қасық лимон қабығы
  • 1,5 кг қант
  • 100 гр. қант
  • 2 пакет ванильді қант
  • 1,5 шай қасық ас содасы
  • 10 стақан су.

Дайындалу тәсілі:

  1. Кастрөлге 5 стақан су құйып, ас содасы салынған 1 стақан ыстық су қосады. Сосын қарбыз қабығын да салу керек.
  2. 6 сағаттан соң суын төгіп, қабықты бірнеше рет жуасыз. 750 гр. қант пен 3 стақан су құйылған сиропқа қарбыздың қабығын салып, отқа қойып қайнатыңыз. 15-20 минуттай қайнатып, кастрөлді оттан алыңыз да, салқын жерге қойыңыз.
  3. Кейіннен 750 гр. қантты қосып, тағы да 15 минут қайнатасыз. Осылайша дайындалған тосапты 1 тәулік тиіспеу керек.
  4. Үшінші күні қайнаған бір стақан су құйып, отқа қойыңыз. Жай отта 1 сағаттай қайнатып, үнемі қозғап отыруды ұмытпаңыз. Қайнау уақыты бітуге 5 минут уақыт қалғанда лимон қабығы мен ванилинді салып, жақсылап араластырады.
  5. Дайын мармеладты сироптан алып, қантқа аунатып, салқындаған соң дастарзанға ұсына беруге болады.


Қауыннан жасалған мармелад


Қажетті қоспалар:

  • 500 гр. қауын
  • 1 дана лимон
  • Ванильді қант
  • 1 ас қасық желатин
  • 4 ас қасық су
  • 1 стақан қант

Дайындалу тәсілі:

  1. Қауынның қабығын аршып тастап, етті жерін текшелеп тураңыз. Қауынға ванилин мен қант қосып, бірнеше сағатқа қалдырасыз. Осы уақыт аралығында қауынның шырыны шығуы керек.
  2. Содан соң қауынды қазанға немесе кастрөлге салып, отқа қоясыз. 5 минут қайнатып, блендермен езесіз. Езілген қауынды отқа қойып тағы бір қайнатып алу керек.
  3. 3 минуттан кейін оттан алып, салқын жерге 8-10 сағаттай қойып аласыз.
  4. Келесі күні қауынға лимон шырынын қосып, қайнатасыз. 5 минут қайнаған соң көпсіген желатинді қосыңыз. Желатинді қайнаған суға салып, микротолқынды пеште 30 секунд қыздырсаңыз жеткілікті.
  5. Қауын езбесін кішкентай формаларға құйып, тоңазытқышқа салып қойыңыз. Бірнеше сағатта мармелад да дайын болады.

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Қыстың қамы: МОХИТО ЖАУЫП АЛЫҢЫЗ


БАНКА жабу науқаны басталды: ЕРЕКШЕ САЛАТТАР