Кешкі асқа ЖЫЛҚЫ еті қосылған мына тағамдарды дайындаңыз

0
4 919

Жылқы еті - өте дәмді әрі пайдалы еттердің төресі саналады.


Кешкі асқа ЖЫЛҚЫ еті қосылған мына тағамдарды дайындаңыз

Жылқы етін тек қыс мезгілінде ғана жеу керек деген қағида жоқ. Бәрі де одан дайындалатын тағам мәзіріне байланысты. Ендеше жылқы етін тек асып жемей, одан мынадай тағамдарды да әзірлеуге болады.


Жылқы еті қосылған гуляш

Қажетті қоспалар:

  • 450 гр. жылқы еті
  • 3-4 дана картоп
  • 3-4 тал балдыркөк
  • 2 дана сәбіз
  • 1 дана пияз
  • 2 ас қасық томат
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш
  • 1-2 дана лавр жапырағы, аскөк
  • 2 стақан қайнаған су немесе сорпа
  • 3-4 ас қасық өсімдік майы

Дайындалу тәсілі:

  1. Жылқы етін алдымен жуып, содан соң тұзды суға салып қайнатасыз.
  2. Піскен етті кесектеп турап, дайындап қоясыз.
  3. Гуляшқа қосылатын көкөністерді дайындайық. Ол үшін картоптың қабығын аршып, тазалап жуып, текшелеп турау керек.
  4. Балдыркөкті майдалап турайсыз. Сәбіз бен пиязды да аршып, турау керек.
  5. Қазанға май құйып, алдымен пиязды қуырасыз. Содан соң сәбізді салып қуырып, дәмдеуіштер мен томатты салып, жақсылап араластырамыз.
  6. Енді туралған етті, картопты, лавр жапырағын салып, су құямыз. Қайнаған соң отты басып, қазанның қақпағын жауып, 20-30 минут бұқтыру керек.
  7. Жылқы етінен дайындалған гуляштың бетіне аскөкті себелеп, дастарханға ұсына беруге болады.


Бұқтырылған көкөністер мен жылқы еті


Қажетті өнімдер:

  • 800 гр. жылқы еті
  • 1 ас қасық аджика
  • 3 тіс сарымсақ
  • 2 дана пияз
  • 2 дана сәбіз
  • 1 дана болгар бұрышы
  • 300 мл су немесе сорпа
  • 200 мл қызанақ шырыны
  • 1 ас қасық үккіштен өткізілген ақжелкек (хрен)
  • 1 бума аскөк
  • 1 шай қасық қант, дәмдеуіштер қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен жылқы етін жуып, кептіріп аламыз. Сосын жұқалап әрі ұзыншалап тураймыз. Бөлек ыдысқа майдалап туралған сарымсақ, аджика, тұз, дәмдеуіштерді саламыз. Сөйтіп осы тұздықты етке жағып, маринадталғанын күтесіз.
  2. Пияз бен сәбіздің қабығын аршып, тазалап жуып, орташа етіп турайсыз. Ал, болгар бұрышын жуып, ортасынан бөлесіз де, дәнін тазалайсыз. Сөйтіп болгар бұрышын да ұзыншалап турау керек.
  3. Табаға өсімдік майын құйып, алдымен жылқы етін қуырасыз. Сосын қуырылған етке 1 стақан су немесе сорпа құйып, қайнатасыз. Сөйтіп етті жарты сағаттай бұқтырып қояды. Кейіннен табаға қуырылған көкөністерді, қантты, үккіштен өткізілген ақжелкекті саласыз. Томат тұздығын құйып, қақпағын жаппай, пісіруді жалғастырасыз.
  4. Тамақ дайын болуға 5-10 минуттай уақыт қалғанда аскөкті майдалап турап, қосып жібересіз. Аскөкпен бірге көк пияз, күнзе, ақжелкен сынды көктерді де қосуға болады. Дайын тағамды пеште піскен картоппен немесе басқа да гарнирмен ұсына аласыз.


Жылқы етінен дайындалған "тушенка"


Қажетті өнімдер:

  • 900 гр. жылқы еті
  • 6 дана лавр жапырағы
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш
  • 50 гр. құйрық май немесе жылқының майы

Дайындалу тәсілі:

  1. Етті тазалап жуып, ірі көлемде тураймыз. Сосын етті арнайы балғамен ұрғылап шығамыз.
  2. Етті сақтау үшін көлемді банка дайындайсыз. Сөйтіп банканың ең астына лавр жапырағы мен ірі қара бұрыштан бірнеше дана саласыз. Содан соң туралған етті жайғастырасыз. Етке тұз сеуіп, тағы да бірнеше лавр жапырағын, майдалап туралған майды салу керек.
  3. Банканың бетін фольга қағазымен жаюасыз. Кейіннен кастрөлге су құйып, банканы салыңыз да, отқа қойып қайнатыңыз. Болмаса пешке салып, 180 градусқа қыздырып, 6 сағаттай бұқтырасыз. Осыдан кейін ғана піскен ет салынған банканы темір қақпақпен жауып, сақтай бересіз. Тіпті, пластик қақпақпен ауа кірмейтіндей етіп жауып қойысаңыз да болады.


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Ұл балаға арналған «АВТОКӨЛІК» торты


"БҮГІН ҚАНДАЙ АС ӘЗІРЛЕЙМІН?" - Тауық етінен дайындалатын мәзір