"Хожелі манты" - қарақалпақ тағамы.
Смаилова Тұрсын @tanya_tagam қазіргі таңда интаграм желісінде өте белсенді фуд-блогерлердің бірі. Оның бұл желіде 122 мыңнан астам оқырманы бар. Өзінің айтуынша инстаграмға 2018 жылы келген екен. Ал,сапалы әрі пайдалы видеоларды былтырғы жылдан бастап саламын дейді. 2-3 жылда-ақ өз оқырманын қалыптастырып, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген Тұрсын Қызылорда қаласының тумасы әрі келіні. Оның бүгінде табысы да жоқ емес. Ол фуд-блогерлікпен айналысып, мастер-кластар жүргізетінін жасырмады. Ендеше осындай пысық әрі он саусағынан бал тамған қызылордалық келіннің ХИТ-ТАҒАМЫН назарларыңызға ұсынамыз!
Қажетті қоспалар:
- Қамырға: ұн, тұз, су;
- 1 ас қасық өсімдік майы
- 1 дана жұмыртқа
- Салмасына:
- Тартылған ет
- Азырақ құйрық май
- 2-3 дана пияз
- Тұз, бұрыш
- Тұздығына:
- 100 гр. өсімдік майы
- 2 ас қасық томат
- 1 шай қасық қант
- 2 кесе су
- Пияз қосылады.
Дайындалу тәсілі:
- Ең алдымен қамырымызды илеп аламыз. Қарапайым мантының қамырын қалай илесеңіз, бұл қамырды да дәл солай илейсіз. Қамырға қажетті барлық қоспаларды қосып, қаттылау қылып қамыр илеу керек.
- Содан соң 1 сағаттай қамырдың июін қандырамыз.
- Қамырдың июі қанғанша салмасын дайындай беруге болады. Салмасына тартылған ет пен туралған пияз, қойдың құйрығын, дәміне қарай тұз, бұрыш салып, жақсылап араластырамыз.
- Енді қамырды жұқалап жайып, төртбұрыштап кесіп шығамыз. Бірақ, көлемін үлкендеу қылған дұрыс. Содан соң әрбір кесілген қамырды тағы да жеке-жеке жайып шығу керек.
- Ортасына салманы салып, қарапайым манты сияқты түйеміз.
- Мантықазанға салу әдісі бар. Ол үшін алдымен манты қазанның қасқандарын майлап аласыз. Содан соң мантыларды біртіндеп салып, әрқайсысына май жаға отырып, бірінің үстіне бірін орналастыра айналдырып салып шығамыз. Май жаққаннан кейін мантылар бір-біріне жабыспайды.
- Қамыры өте жұқа болғандықтан манты 40-45 минутта пісіп шығады.
- Енді тұздықты дайындайық. Ол үшін табаға 100 гр. өсімдік майын құйып, оған туралған пиязды салып қуырамыз. Қуырылған соң 2 ас қасық томат, 1 шай қасық қант, тұз, бұрыш, 2 кесе су құйып бұқтырамыз.
- Дайын мантының ортасына тұздықты салып, жей беруге болады. Астарыңыз дәмді болсын!
Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Қысқы мәзір: табада піскен мандарин пирогы