"Рулет" - айтылуы да, жасалуы да оңай тағамдардың бірі. Қазақша біз бұл тағамды орама дейміз. Бүгінгі мәзірді, орама жасаудың түрлі әдістерін Сарыағаш қаласының тұрғыны, білікті ұстаз Суферна Асанханова ұсынып отыр.
Қатпарлы қамырдан жасалған орама
Қажетті өнімдер:
- 500 гр. ұн
- 1 стақан су
- 180 гр. сары май
- 1 дана жұмыртқа
- 1 шай қасық қант
- 1 шай қасық тұз
- 1 ас қасық сірке су
- Салмасына:
- 500 гр. фарш
- Дәміне қарай тұз, қара бұрыш
- 1 дана пияз
- 1 ас қасық өсімдік майы
- 1 дана жұмыртқа
- Күнжіт
Дайындалу тәсілі:
- Ең алдымен қатпарлы қамырымызды дайындап алайық. Ол үшін сары майды алдын ала тоңазытқыштан шығарып жұмсартып аламыз. Табаққа 1 стақан жылы су құйып, оған қант, тұз, жұмыртқаны салып, араластыру керек. Біркелкі араласқан уақытта сірке суын қосамыз. Сосын тағы бір рет араластырып жібереміз.
- Осы араласпаға ұнды салып, жұмсақ қамыр илейміз. Содан соң иленген қамырды төрт бөлікке бөліп, әрқайсысын жеке-жеке жайып, төртбұрышты қалыпқа келтіреміз. Қамырдың қалыңдығы 0,5 сантиметрдей болғаны дұрыс.
- Жайылған қамырлардың бетіне сары май жағып, бір-бірінің үстіне қоямыз да, бұрыштарын хат қалта секілді бүктеп, қайтадан оқтаумен жаю керек. Тағы бір рет қамырды жинап алып, қайтадан жаясыз. Сонда қатпарлы қамыр шығады. Қамырды жинап алып, пленкаға саламыз да, тоңазытқышқа саламыз.
- 1-2 сағатқа өткенге дейін салманы дайындай беруге болады. Ол үшін табаққа фаршты салып, майдалап туралған пиязбен араластырамыз. Дәміне қарай тұз, бұрыш қосып, жақсылап араластыру керек. Табаға өсімдік майын құйып, қыздырып, орташа отта фаршты 10 минут қуырамыз.
- Қамырды төртбұрышты етіп жайып, арасына фаршты саламыз.
- Орама жасап, майланған табаға саламыз. Бетіне жұмыртқа жағып, күнжітті себелейміз. Пешті 180 градусқа дейін қыздырып, 30 минут бойы орамамызды пісіреміз. Дайын ораманы дастарханға ұсына беруге болады.
Жұмыртқа салынған орама
Қажетті өнімдер:
- 1 кг фарш
- 2 шикі және 5-6 қайнатылған жұмыртқа
- 50 гр. ұнтақталған нан
- 2 дана пияз
- 1 ас қасық қыша
- Зире
- Кептірілген сарымсақ
- Ақжелкен
- 2 шай қасық тұз
- 0,5 шай қасық бұрыш
Дайындалу тәсілі:
- Фаршты табаққа салып, оған екі шикі жұмыртқаны, кептірілген нан ұнтағын, майдалап туралған пиязды қосып, жақсылап араластырасыз. Осы араласпаға қыша, тұз, бұрыш және қалауыңызша дәмдеуіштер қосып, тағы бір араластырып жіберіңіз.
- Фольга қағазын төртбұрышты етіп кесіп алып, оның бетіне фаршты жайып саласыз. Төртбұрышты қалыпта жайылған фарштың ортасына қайнатылған жұмыртқаларды қоямыз.
- Сосын рулетті орап, жан-жағын жабыстырып шығамыз. Ораманың сыртынан фольга қағазын жақсылап орау керек.
- 180 градусқа қыздырылған пеште ораманы 30 минуттай ұстаймыз. Сонда өте дәмді әрі хош иісті орамамыз да дайын болады.
Тауық етінен жасалған дәмді орама
Қажетті өнімдер:
- 700 гр. тауық етінен дайындалған фарш
- 3 дана жұмыртқа
- 2 дана пияз
- 300 гр. қатты ірімшік
- 3 ас қасық қаймақ
- 1 шай қасық кептірілген аскөк
- Тұз, бұрыш, өсімдік майы.
Дайындалу тәсілі:
- Пияздың қабығын аршып, майдалап турайсыз. Сосын орташа отта 10 минуттай майға қуырып, фаршты саламыз. Жақсылап араластырыңыз да, дәміне қарай тұз, бұрыш қосыңыз.
- Барлығын жақсылап араластырып, қуыруды жалғастырамыз.
- Ірімшікті үккіштен өткізіп, оған 3 жұмыртқа мен қаймақты, кептірілген аскөкті салып, араластырасыз.
- Табаға пергамент қағазын салып, оған ірімшік араласпасын саламыз. Бетін тегістеп, 180 градусқа қыздырылған пеште 10 минут пісіру керек.
- Пісіп шыққан омлетті пештен алып, арасына етті саламыз. Орама жасап, пергаментпен сыртынан орау керек.
- Содан соң қайтадан 20-30 минут духовкаға салып пісіреміз. Кейіннен фольга қағазын алып тастап, бетін қызарта пісіру керек. Өте дәмді пирогымыз да дайын!
Картоп пен сәбіз орамасы
Қажетті өнімдер:
- 600 гр. фарш
- 300 гр. картоп
- 2 дана сәбіз
- 2 дана пияз
- 1 ас қасық өсімдік майы
- 25 гр. сары май
- 70 гр. қатты ірімшік
- Аскөк, сарымсақ, дәмдеуіштер.
Дайындалу тәсілі:
- Сәбіз бен пиязды аршып, пиязды майдалап турап, сәбізді үккіштен өткіземіз. Картопты тұзды суға салып қайнату қажет. Сосын сары май қосып, езбе жасаймыз.
- Көкөністерді майға қуырып, дайын болуына 1-2 минут қалғанда дәмдеуіштерді қосып араластырамыз. Салмасына салынатын бұл қуырманы сәл ғана суытып алу керек.
- Фаршқа майдалап туралған сарымсақты қосып, фольга қағазы салынған формаға төртбұрышты етіп жайып салу керек. Оның бетіне картоп езбесін саламыз. Оның бетіне қуырылған көкөністерді саласыз. Фольга қағазының көмегімен ораманы орап, 200 градусқа дейін қыздырылған пеште 40 минуттай пісіреміз.
- Ірімшікті үккіштен өткізіп, майдалап туралған аскөкпен араластырамыз да ораманың бетіне себелеп, пешке тағы бір салып аламыз. Сонда орама да дайын болады.
Суреттер көрнекілік үшін интернеттен алынды
Ұсынған: С.Асанханова,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Тараздық келін қанша табыс табатынын айтты
Тез дайындалатын ЕРЕКШЕ пісірмелер