Иә, өсімдіктен де дәмді сүт дайындауға болады
Кішкентай күнімізден сүт өнімдерін күнделікті ішуге үйренгенбіз. Өйткені сүтте ағзаға пайдалы заттар көп. Шынында да сиыр сүті кальций мен дәрумендерге бай. Бірақ өсімдіктерден жасалатын сүттердің құрамы пайдалы дәрумендер мен минералды заттарға бай деуге болады. Әсіресе сұлы, бадам, соядан жасалатын сүттердің пайдасы орасан. Сондықтан да балаларыңызға сүттің де ерекше әрі әртүрлісін дайындап беруге тырысыңыз.
Бадам сүті
Бадам сүті өте пайдалы әрі кең тараған сүттердің бірі. Оның дәмі тәтті әрі жаңғақтың дәміне ұқсайды. Омега-3 майлы қышқылы мен магний, кальций, фосфор және мырышқа бай. Сонымен қатар, бадам жаңғағында А, С, Е, В, РР дәрумендері мен антиоксиданттар бар.
Жасалу жолы: 1 стақан бадам жаңғағын табаққа салып, су құйып бір түн салып қоямыз. Таңертең блендерге салып, 3 стақан су құйып, біркелкі болғанша араластырамыз. Содан соң араласпаны сүзгіштен өткізіп, сүтті бірден іше беруге болады. Болмаса түрлі тағамдарға немесе салаттарға қоса бересіз. Тоңазытқышта сақтауға да болады.
Сұлы сүті
Сиыр сүті секілді сұлыда да ақуыз мол. Сонымен қатар, жасұныққа да бай.Сұлының құрамындағы ақуыздар мен көмірсулар күш-қуаттың сақталуына айтарлықтай үлес қосса, ал оның құнарының төмендігі салмақтың көбеймеуіне көмектеседі. Себебі сұлы сүті несеп айдайтын қасиетке ие. Осы қасиетінің арқасында сымбатыңыз сымдай тартыла түседі.
Бұдан бөлек, сұлы қандағы қант пен холестерин деңгейін қалыпты ұстауға әсер етеді. Әсіресе жүрек-қан тамыр ауруларында сұлы сүтін ішкен пайдалы. Үй жағдайында дайындаудың ешбір қиындығы жоқ.
Жасалу жолы: 1 стақан сұлы жармасына 1 литр су құйып, блендермен араластырасыз. Содан соң сүзіп алып пайдалана беруге болады. Сұлы сүті дайын.
Күріш сүті
Өсімдіктен дайындалатын сүттердің ішіндегі аллергия бермейтін түрі де осы күріш сүті. Күріш сүтінде Д және В дәрумендері, көп көлемдегі көмірсулар бар. Көмірсулар ағзаны энергиямен байытып, күні бойы сергек жүруге көмектеседі.
Күріш сүті ішек жұмысын жақсартатындықтан оны көбіне іш өту кезінде ішу ұсынылады. Іш аурулары мазалағанда да күріш сүтін ішкен пайдалы.
Жасалу жолы:
100 гр. күрішті қуырасыз. Содан соң қуырылған күрішті суға салып, түны бойы қалдырасыз. Таңертең суын төгіп, күрішті тазалап жуасыз да, блендермен майдалайсыз. 1 стақан су құюды ұмытпаймыз. Ыдысқа құйып, орташа отта қоюланғанша ұстаймыз. Осы уақытта 700 мл суды аз-аздан қосып отыру керек. Кейіннен сүтті сүзіп, іше беруге болады.
Мактан жасалған сүт
Кальций жетіспеушілігі мазалағанда ішсеңіз, мак сүтінің көмегі зор. Себебі сиыр сүтіне қарағанда мактан жасалған сүтте кальций 5 есе көп екен. Ағзаға жақсы сіңіп, жағымды әсер етеді. Алайда мак сүті сатылмайды деуге болады. Қолдан жасауда оңай емес. Дегенмен, қажет болған жағдайда былай жасауға болады.
100 гр. макты 10 сағат бойы суға салып, жібітіп қою керек. Осы уақыт өткеннен кейін блендермен немесе кофеұнтақтағышпен ұнтақтап аласыз. Кейіннен ұнтақ макқа 2 стақан су құйып, блендерде айналдырасыз. Сонда қою крем тәріздес сүт шығады. Дайын сүтті сүзіп алып, қалауыңызша пайдалана берсеңіз болады.
Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Арықтау үшін кептірілген нанның қай түрін жеу керек?