Осындай көріністі көріп, мұны үлкендердің жақсылыққа балап, тоқшылық заман келетініне ырымдайтынын білесіз бе?
фото: ВКонтакте
Қазақ халқы бала тәрбиесіне мән беріп, оның ырым – тыйымдарын, салт-дәстүрін ерекше сақтаған. Ырым – жақсылықтан өнеге алып, оған жету үшін жасалатын әрекет. Ал тыйым рәсімдері жас ұрпақты табиғатты қорғауға, әдепті болуға, қарапайымдылыққа, инабаттылыққа баулиды.
Халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-санасын жақсы біліп, оны іс жүзінде орындай білу – әрбір перзенттің борышы. Ол – мәдениеттің белгісі. Тыйым – халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі. Біз ата-бабаларымыздың даналығы сол – қанша ғасырдан бері тыйым сөздердің мәні өзгермей, қасиеті кетпей бүгінгі заман жастарына беретін өнегесі көп. Солардың бірі балаға қатысты ырымдар мен тыйымдар.
Сәбидің тілі бал, қылығы тәтті. Қазағымыз баланың әр қылығын жақсы ырымға жорып, айтып отырған. Көп ырымдары орындалып жатады, аңыз әңгімелер де өте көп.
Біреулер ырымды Аллахқа серік қосқанмен бірдей деп жатады, алайды, Қасиетті Құранда «Ниса» сүресінің 48-аятында: «Алла Тағала өзіне ортақ қосуды кешірмейді». (Ширк). Алайда ырымдардың жақсы бағыттағы түрлері шариғатқа қайшы емес. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген асыл сөз бар. Адамға айтқан жақсы сөзге «Әмин, айтқаның келсін» деп жауап беріп, ниет білдірсе, еш қайшылығы жоқ деп ойлаймын.
Сондықтан, сәбидің әрбір қылықтары жақсылыққа жорылып, өзідігінен ырымдалатын болған. ⠀
Сәби анасынан ұстап отырып емсе – сараң болады, еркін отырып емсе – мырза, жомарт болады дейді.
Сәби шалқасынан жатып ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі. Бүк түсіп жатса – уайымшыл, жігерсіз болады. Етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – батыр, кемеңгер болады.
Сәби тілін шығарса жақын арада хабар келеді.
Сәби тоңқайып екі аяқ ортасынан қараса, қонақ келеді.
Сәби ауызын жауып, еріндерімен үрлесе тоқшылықтың белгісі.
Сәби башпайын (аяғының бас бармағын) сорса – үйірін шақырып жатыр, тағы сәби туылады деп ырымдаған.
Сәби алып отырған біреудің үстіне «кіш етіп» қойса, құт келеді деп қуанады, немесе балаң көп болады дейді.
Біреу әңгіме айтып отырғанда сәби түшкіріп қалса, «рас екен» деп шындыққа сенеді.
Тілі шықпаған бала үйге келсе оны «құр қайтармайды».
Кішкентай бала табаққа аяғын салса – тоқшылық белгісі.
Бала табалдырыққа жығылса, бақ келеді, олжа келеді деп ырымдап төрге аунатқан.
Бала қаспақ жесе оның үйлену тойында жаңбыр жауады.
Бала ортан жіліктің майын жесе бала мейірімсіз болады.
Бала үйде қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.
Бала алақанын шапалақтаса, қуанышты хабар келеді.
Бала үйінде «ассалаумағалейкүм» деп ойнаса, ол үйге кешікпей қонақ келеді дейді.
Байқасаңыз, баланың әрбір қылығы тек жақсылықтың жаршысы, нысаны ретінде қабылданатын болған. Әр үйге шуақ шашып келетін сәби үні үзілмесін, бала бақыт екенін білетін әр адам оның әрбір сәтін бағалауы тиіс.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: