​БАТА беруде НЕНІ ескермей жүрміз?

0
7 917

БАТА мен ТІЛЕКтің айырмашылығы неде?


​БАТА беруде НЕНІ ескермей жүрміз?

фото: annisa-today.ru

Шымкент шаһарында тамаша тойдың куәсі болдым. Тойдан тойып қайттым. Тамаққа тойғанымды айтпаймын. Әдемі әңгімеге, салиқалы сөзге, өнегелі іс-әрекетке, керемет көрініс баурап алды. Мені ғана емес сонда отырған қонақтардың бәрі де тапжылмай отырып тамаданы тыңдады.


Той тізгінін ұстаған асаба жігіттің көргені мен түйгені мол екен. Кеш қонақтарына өзін және музыкалық қызмет көрсететін ансамбльді таныстырды да, көп ұзатпай тойды бастады.

Тойға барғандағы алғашқы көрініс жастарды әндетіп ортаны айналдырады да, төрдегі орынға отырғызады. Сосын әулеттің ақсақалдарын шақырып алып, сөз береді. Міне, осы кезде не тойда, не жиналыста отырғаныңды білмей қаласың. 20-25 минутқа созылған тост соңы шапан жабумен жалғасын табады. Шынымды айтсам тап осы көріністі күтіп отырғанмын. Бірақ күткенім бекер болды.


Тәрбиесі мен тектілігі тұла бойынан көрініп тұрған тамада әулет ақсақалдары отырған төрдегі үстелге өзі барды. Сөйтіп:


«Қазақ халқы қай істі болмасын бісмілләсіз және батасыз бастамаған. Мұны жаратушымыз да хош көреді. Сіздер той тәртібін бұздың деп мені сөге көрмеңіздер. Бірақ атам жастайымнан «Жүрген жеріңде бата ал, шырағым! Бата алған жігіттің қашанда жолы ашық болады. Ісі оңға басады, сапары сәтті болады» деп санама сіңірген болатын. Сонан соң батаны ешқашан орныңнан тұрып беруге болмайды. Батаны төрде отырған ақсақал салиқалы, мәнді, мағыналы сөздерді ұйқастырып, шаңырақ иесіне, осында қол жайып отырғандарға арнайды. Жанындағылар отырған күйі қол жайып соңында «әумин, айтқаныңыз келсін» деп қоштайды. Бала кезімнен көргенім осы еді. Сондықтан да бүгінгі тойда қазыналы қарияларымыздан бата алуға өзім барамын, деді.


Отырғандар ду қол шапалақтап риза болды. Тіпті орындарынан тұрып құрмет көрсеткендер де кездесті.


Әншейінде бірі кіріп, бірі шығып сапырылысқан халықты көрген жоқпын. Бәрімізді де жап-жас асабамыз баурап алды.


Бата алуға микрофонды ұсынған кезде ақсақал сасқалақтап қалды ма, мәні жоқ, мағынасы жоқ бірнәрсе деді. Сонда асаба жігіт:


«Ата-ау, бата бердіңіз бе, тілек айттыңыз ба? Сізден бата сұраған ем» демесі бар ма?

фото: zhalagash-zharshysy.kz

Сонда ата да:

«Бата ма, тілек па бәрібір емес пе? Екеуі де жақсылыққа айтылады ғой» деді.


Бұл сөзге де асабамыз тосылып қалған жоқ. Ол осында отырғандарға БАТА менен ТІЛЕКТІҢ аражігін ажыратып берді. Үлкен кісілерді сөзімен сойып-сойып алған кезде, кызарған жүздерді көрдім.


"БАТАНЫ айтары бар, көргені мол ақсақалдан, ақ жаулықты анадан аламыз. Олар алақанын жайып, Алладан бар жақсыны тілейді. Батаның өзі сан түрге бөлінеді. Ол кезде айтылатын сөздер де сан алуан болады. Жастарға берілетін батаның сөзі салмақты, санаға сіңімді, құлаққа құйып аларлықтай болады. Бата алған баладан жамандық шықпайды.


Ал ТІЛЕКТІ көрінген айта береді. Көшеде өтіп бара жатқан жанның өзі қуанышыңды естіген кезде қарап тұрмай тілек айтып кетеді. Тілек бата секілді терең ойға жетелейтін ұзақ болмайды. Екі-үш сөзбен қысқа ғана қайырылады", деді асаба жігіт.


Бата-тілек айтқан үлкендерге той иесі құрметіне сай сыйлықтарын үлестіріп жатты. Ал асаба жігіт әрмен қарай жалғастырды. Бұл тойда торт кесілмеді, гүл лақтырылып талас болмады, 7 түрлі елдің биі қойылмады. Той – халықтың қазынасы деген міне, осы тойға арналып айтылғандай сезілді.


Жазып алған - Асыл АРМАН,

Оқи отырыңыз: