Ер адам - БАСШЫ, әйел – ҚОСШЫ болғанда ОТБАСЫ берік болады

0
2 366

Ер адам әрқашан қожайын дәрежесіне көтерілмей басқарады, ал әйел әрқашан құл дәрежесіне түспей бағынады.


Ер адам - БАСШЫ, әйел – ҚОСШЫ болғанда ОТБАСЫ берік болады

фото: ВКонтакте

Еркекті демеп, қолдап отыратын әйел заты. Әйел-ер адамның жанармайы, шабыт көзі.
Көп әйел адамдардың қатесі, қасындағы екінші жартыларын бастапқыдай бар болмысымен қабылдамай, үйленген соң өзгертіп аламын деп тырысуы. Жалындаған махаббатпен отбасы құрса да, бірге тұра бастаған сәттерде оның «кемшіліктерін» байқай береді. Сосын ер адамды, оның қылықтарын түбегейлі өзгертумен айналысады.


Бір атақты психологтан:
- «Әйел адам ер адамды өзгерте алады ма?» деп сұрағанда оның жауабы былай болған екен.
- Әйел ер адамды өзгерте алады, алайда екінші сұрақ тағы бар, «не үшін?» деген.


Әйел өз күйеуін өзгерткісі келгенде де, ең бірінші бастама дұрыс болуы керек . Яғни дөрекілік пен бұйрық бұл жерде жұмыс жасамайды. Күйеуінің кемшілігін көргенде оған кішкентай бала секілді ұрысып, жекіп ананың роліне ауысып кетпеуі керек. Әйел адамның сөйлеу мәнері өте нәзік әрі жұмсақ естілуі керек.Баяу нәзік дауыспен айтылған нәрсе кімнің де құлағына жағымды естіледі. Сондықтан, күйеуімді өзгертемін, кемшіліктерін түзеймін деп ниеттенген әйел барынша биязы, нәзік түрде өтініш айта білуі керек. Қанша ашуланып тұрсаңыз да еріңізге дөрекі сөйлемеңіз. Қатқыл сөйлеудің өзі әйелдің энергиясына әсер етеді. Былайша айтқанда, әйелше еркелеп, керек кезде күлімсіреуді үйрену керек.
Ер адамды өзгерту үшін, ең бірінші әйел өзінен бастау керек.

Мысалы жаныңызға жағымды әуен тыңдап, әсерлі фильмдер көріп, пайдалы кітап оқу, өз өзімізді дамытудан шаршамау және т.б .

Әйел адам өзгере бастаған сәттен бастап, ер адамға бұл бір планка секілді сезіледі. Қасындағы бір адам дамып жатса, екінші адам сол адамға сәйкес болғысы келеді. Негізі әйел адам ер адамдарға қарағанда тумысынан «өмірге құштар» энергияға толы, мінсіз болып туылады. Ал ер адамдар табиғи болмысынан жеңімпаздар, олардың бойындағы бәсекелестік рух көбірек.

фото: stan.kz

Сондықтан ер адамның міндеті - қандай жағдай болмасын көтеріле білуде, ал әйел адамның міндеті ешқашан өзінің бойындағы энергияны жоғалтып алмауда.

Көп әйелдер күйеуін өзгертуге талпынып, одан идеал адам жасағысы келеді. Кейде ақылсынып күйеуіне көп ескертулер жасайды, ол жоспарларымен бөлісіп жатса келеке етеді. Әрине оны өзі аңғармайды. Бірақ күйеуіне әйелінен мұндай сындарды есту өте ауыр.

Жақсы ниетпен айтып жатырмын деп ойлайтын шығар көп әйелдер, шындығында ешбір әйелдің күйеуіне деген жаман ойы жоқ, бірақ соны дұрыс жеткізе алмайды. Соңында күйеуінің көңілі қалып, әйелінен суый бастайды, оған ештеңе айтпайды, жоспарларымен бөліспейтін болады. Содан кейін әйелдер кімге ренжиді? Барлық мәселе өзінде екенін ұқпайды.

Ер адамдардың өздерін, олардың алға қойған мақсаттарын сынай бергендіктен, олар жабылып қалады. Мысалы: «Ой қойшы, сен жасай аламын деп тұрсың ба? Әуреленбей қоя салсаңшы. Одан да алдымен үйдегі ақсап жатқан шаруаларыңды реттеп ал, одан кейін үлкен мақсаттарыңа көшесің. Сен бірінші үйдегі кранды жөнде, аяғы сынған орындықтарды шегелеп, қағып бер бірден биікке секірмей» деген секілді «тыйымдарды» осы бастан доғарған жөн. Себебі уақыт өте келе күйеуіңіз сіздің алдыңызда «ақымақ» болып көрініп қалмас үшін, жоспарларын сізге айтпақ түгілі, ол алдына мақсат қоюды да доғарады. Ал сізге болашағына қойған арман-мақсаты жоқ күйеу ұнай ма?

Сондықтан да, ер адамды тыңдай білу керек. Егерде, ер адам жауапкершілікті сезінбесе, онда ол тіпті шешім де қабылдамайды. Дұрыс қалыптасқан отбасында ер адам әрқашан қожайын дәрежесіне көтерілмей басқарады, ал әйел әрқашан құл дәрежесіне түспей бағынады.


Дайындаған: Г. Жұмаділдаева.

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ӨТКЕН ШАҚпен, КЕЛЕШЕКпен емес, ОСЫ ШАҚпен өмір сүр!



АНА мен ҚЫЗдың қарым-қатынасы қалай болуы керек?