​Есік сыртына ТҰЗ ІЛІП ҚОЮ қандай ырым?

0
3 977

Оның мәнісі не?


​Есік сыртына ТҰЗ ІЛІП ҚОЮ қандай ырым?

фото: qazaly.kz

Бұл енді көнерген шығар, бірақ бүгінгі күнде есік сыртына тұз іліп қоятын жандар да бар екен.

Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі белгілі бір уақытта қалыптасып, қоғамның ыңғайына, заманның талабына байланысты туындаған. Бірақ кейін заман оны талап етпейтіндей болып, біртіндеп салт-дәстүр қолданыстан шығып, соңында ырым, наным-сенімге ауыса бастаған.

Өйткені дәстүрдің қолданыс аясы тарылып, формасы өзгергендіктен, наным-сенімге ауысқан. Солардың бірі - босағаға тұз ілу.

Қазақ тұзды қастерлеген. Оған өмірдің өзіндей қарайды, «дәм-тұзымыз таусылмасын» деп ұзақ өмірдің нышанына балаған. Ас-тұзды төгіп-шашпайды, оған кесірлі, кепият сөздер айтпайды, «нан тептілік» істемейді. «Ашаршылық көрмейік, дәм-тұз үзілмесін, тоқтықтың қадіріне жетейік» деп айырықша қастерлейді тұзды, бейберекет шашпайды. «Астың иманы- тұз» деп қарайды, тұз төгілсе - ырыс төгіледі, дәм шамданады, ас азаяды деп сенеді. «Жерге төгілген тұз еріп жоғалғанша сол тұзды жерге төккен адам тұздай ащы тұрмыс кешіреді» деп ырымдайды. Айта берсек, адам өмірі үшін тұздың салмағы ауыр.

Бұрынғы кезде әжелеріміз босаға сыртына тұз іліп қоятын еді деп көнекөз қариялардан естігеніміз бар еді. «Оның мәнісі не?» деп сұрасақ, «Үйге кіріп келе жатқан қара ниетті адамның пейіліне тұз секілді шашылсын деген ниетте» деген жауапты алатынбыз. Ал қазір дінге бет бұрған, шариғат жолын ұстанған адамдардың қазақтың кейбір наным-сенімдері дінге қайшы деген пікірлерін де жиі кездестіріп жүрміз. Негізінен ата-бабамыздың ұстанған салт-дәстүрлері шариғат шеңберінен аспаған. Тек қана уақыт өтіп, тұрмыс-тіршілікте қолданысты қажет етпеген кезде «ата-бабамыздың дәстүрі» деп ол наным-сенімге ауысқан кезде түсінбестік туындайды.

Тұз - бүкіл астың атасы екені анық қой. Бойдағы жағымсыз энергиядан арылу үшін тұзды суға шайыну, үйдің әр бұрышын тұзды сумен жуып шығу секілді әдістер бар. Өйткені тұздың белгілі бір химиялық әсерлері болғанымен, оның ешқандай тылсым күші жоқ. Ғажайыпқа сеніп, «тұз теріс ниетті адамдардың пиғылынан сақтайды» деп сену шынында да шариғатқа қайшы.

фото: mail.kz

Ендеше ата-бабаларымыз неліктен босағаға тұз ілген?

«Ата-бабаларымызда осындай сенім болса, демек олар адасқан ба?» деген сұрақ туындайды. Бірақ оның шығу тарихын ешкім зерттеген жоқ. Бұл шынында да наным-сенімнен туындаған ба, әлде өмір салтына сәйкес қажеттілік пе? Осылардың ара жігін ажырата келе қазақтың өте данышпан, көреген халық болғандығын бағамдауға болады.

Мұхаммедтен (с.а.с) бір сахаба келіп сұрайды. «Бермей қалуға болмайтын нені айтасыз?» дегенде, Мұхаммедтің (с.а.с) жауабы мынадай болған:

-Біріншіден, егер сенен біреу бір жұтым су сұраса, өзіңде бір жұтым ғана су бар болса, оның жартысын бөліп бер. Екіншіден, егер сенен бір адам келіп тұз сұраса, онда тұзды бермей қалуға болмайды. Үшіншіден, саған жақсылық жасауға мүмкіндік туып тұрған кезде жақсылық жасамай қалуға болмайды.

Бұл бізге жеткен хадистердің бірі. Енді осы хадиске сүйеніп, қазақ амал жасаған. Ата-бабаларымыздан келе жатқаны, бір көршің келіп тұз сұраса, ренжитін болған. Өйткені, тұзды сұрамайды. Яғни, сұратпау керек. Сұрамай алу керек тұзды деген сенім қалыптасқан. Тұзды сұрап алса, көршіммен, жақын адамыммен арамыз ащыласады деп сенген. Бұл да хадиске сүйеніп, тұзды сұратпа дегеннен шыққан амал.

"Ер азығы - түзде" деп үкім шығарған халқымызда ер азаматтар аңға немесе ұзақ сапарға шыққанда үш нәрсесін өзімен бірге ала шыққан. Ол- кездік, шақпақ және тұз. Ұзақ сапарға шыққанда аң аулап, оны атып алған кезде кездікпен оны кеседі, шақпақпен отын жағып пісіреді, ал тұз астың дәмін кіргізеді. Алғашқы екеуі таусылмағанымен, тұз таусылып қалуы мүмкін. Ондай кезде жақын жатқан ауылдардың бірінен тұз сұрауға мәжбүр болған. Жолдан азығын табатын арыстай азаматтар тұз сұрап еңсесін жықпасын деген тілекте болған халық. Сондықтан, тұзды сұратпаймыз деген оймен ата-бабаларымыз босағаның сыртына тұз іліп қойған.

Ал қазір шындығында қажеттілік туындамайды, сондықтан көнерген дәстүрлердің қатарына жатқызсақ болады. Дегенмен тұзды қастерлеуді мұнымен шектемей, ұрпаққа өзге жағынан да ұлықтау міндетіміз.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


АҚ МАТАны сандықта сақтаудың сыры бар


РАМАЗАН айында не істеу керек?