КӨРІСУ - мейрам ба, әлде ҒҰРЫП па?

0
10 600

Көрісудің ЕКІ түрі бар.


КӨРІСУ - мейрам ба, әлде ҒҰРЫП па?

«Көрісу күнімен!» деп құттықтап жатқан ағайынның салт-дәстүрге беріктігі қаншалықты деңгейде?

Батыс өңірінің жұрты 14-наурызды «Көрісу күні» деп кейбірі «Амал мерекесі» деп атап жүргенін, үрдіске айналғанын барша жұрт біледі.

Бірақ «Көрісу күні» деп бір күнге теліп қойғанымыз дұрыс еместігін наурызтанушылар айтып жүр. Көрісу қашан және қалай пайда болды? Неліктен бұл дәстүр Қазақстанның өзге өңірлерінде кездеспейді? Аталмыш ғұрыптың түп-төркіні қандай жағдайлардан туындауы мүмкін? Бұл сұрақтардың ғылыми тұрғыда тұжырымдалған нақты жауабы жоқ. Бірақ әр түрлі болжамдар мен жорамалдар бар.

Рас, көрісудің екі түрі бар, біреу туысы қаза тапқанда «ой, бауырымдап» көрісіп жылайды. Екіншісі уақыт пен жыл жаңарғанда, (тіпті Күн мен Түннің арбасуында, күннің жазғы ұзарысында да) қуанысып көріседі. Бұның екеуі де бір өңірге емес, барлық қазаққа тән.

фото:egemen.kz

Ал қазіргі қозғалатын тақырып «Көрісу күні», «Амал мерекесі» деп атап жүрген, жыл басы Наурызда аталып өтетін «КӨРІСУ» туралы қаузайды. Осы уақытта әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Көңілде өкпе-реніштері болса, кешіреді. Татулыққа бастайтын бұл жол ислам қағидаттарына да өте жақын. Қар еріп, жер жіби бастағанда, шеті мен шегі жоқ сайын далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған.

Бұл әркімнің өз үйінен басталады. Таңертең тұра салып, әке-шешеңе, үйдегі өзіңнен үлкен адамдарға қол беріп амандасасың. Олар: «Жас қайырлы болсын, өмірің ұзақ болсын, әлі талай көрісуге жазсын!» деп бата береді. Бұл дәстүрлі көрісу, яғни жыл жаңарғандағы бірінші кездесу, адамдардың былтырдан бергі бірінші көріскен күні. Осы күннен бастап былтырдан бері көріспеген адамдар бір-бірімен қол беріп, үлкен адамдар құшақтасып, төс түйістіріп, амандасып, көрісу ырымын жасайды. Амалдың негізгі шарты -үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау. Бұл күні жасы кішілер үлкендерге арнайы сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырады.

Ақсақалдар амалға аман жеткен жұртшылыққа «Бір жасың құтты болсын!» деп, батасын берген. Үй иелері көрісуге келгендерге дәм ұсынып, ақ тілектерін жаудырады.

Амал немесе Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмай, ай бойы жалғасады.

Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен,
Жаңа ағытқан қозыдай жамырасып келіскен.
Шалдар бата беріскен, сақтай гөр деп терістен!
Жас қайырлы болсын ағайын!

Сондықтан ел бірлігіне, ынтымаққа бастайтын Көрісу мейрамын тойлаудың еш артықтығы жоқ. Мереке құтты болсын, ағайын!

Жинақтаған: НҰР Әлем,

ERNUR.KZ