«ҚҰРСАҚШАШУ» тойын НЕ ҮШІН жасаған

0
3 929

Қайсыбір салт-дәстүр, жоралғы-кәденің түп төркіні бар.


«ҚҰРСАҚШАШУ» тойын НЕ ҮШІН жасаған

фото: new.tilqural.kz

Қазіргі кезде мұндай тойдың жасалуы көп кездеспейді. Дегенмен бұл керемет дәстүрдің мән-мағынасын ұғынған әйел бұл дәстүрден қашпайды деп ойлаймын. Құрсақшашу тойын енелер жасайды. Біріншіден, бұл болашақ әже үшін ең үлкен қуаныш, екіншіден, жария ету, сүйіншілеу, үшіншіден ұрпағының саулығы үшін бей-жай қарамайтын ененің өз жауапкершігін сезіне алуы.

Бойына бала бітісімен-ақ кейбір әйелдің асқа тәбеті шаппай, мазасы қашады. Қазақта оны «итжерік» дейді. Итжерік болған әйелге жасалатын ырым да көп. Иттің итаяғына аунатып алған асты білдірмей жерік анаға беретін болса, оның жеріктігі басылып, тәбеті артады деген де ырым бар.

Тәбеті қашып, ішкен-жегені бойына дарымаған жүкті әйелдің жерік асын тауып беру негізі ененің міндеті. Өйткені жүкті әйелдің жерігі қанбаса, іштегі нәрестенің дамуына да әсер етеді, сонымен қатар, бала дүниеге келген соң, аузынан сілекейі аға беретін болады деп ырымдайды. Бүгінде енелердің арасында бұл ырымды ұстанатындар аз.

Бұрынғы кезде келінінің аяғы ауыр екенінен хабар тапқан ене «құрсақшашу» деген ырымды жасайтын болған. Бұл ырым емес, негізі той. Бұл дәстүрдің төркіні тереңде жатқан секілді.


Әмина анамыздың бойына бала біткенде Мұхаммед Пайғамбардың нұры анасының жатырына ауысады. Нұрдың әсерінен анасының дидары нұрланып сала береді. Бет-әлпеті ажарланып, көркі кемелінен асыпты. Ел арасындағы «нұр дидарлы», «ең әдемі әйел - аяғы ауыр әйел» деген тіркестер осыдан қалса керек. Әмина ананың нұр дидарына ынтық болған періштелер оны көру үшін аспан әлемінен ағылып келеді екен. Ұлық Алла періштелерге:

- Дүниеге менің сүйікті досым келеді. Жәннаттың дүр гауһары мен інжу маржанын Әминаға шашыңдар. Шашулар оның жүрегіндегі мейірім мен махаббаттың шексіз қайнар көзін ашады. Әминаның қуанышына ортақтасқан жанға менің рақмет нұрым жауады. Аяғы ауыр келіншектің ниеттес жақыны неғұрлым көп болса, ұрпағының да адал досы соғұрлым көп болады, - дейді. Мұны естіген періштелер пайғамбардың анасына шашу шашып, пейіштегі жеміс-жидекпен жерігін басып, кәусар бұлағының суымен шөлін қандырған екен. Осы аңыздың жетегімен жүретін болсақ, ата-бабаларымыздың құрсақшашу дәстүрін жасауында ерекше мән бар.


Ене өзінің абысын-ажын, көрші-қолаңын, құрбы болып араласып жүрген әйелдерді құрсақшашу деп тойға шақырады. Ал құрсақшашуға келген әйелдер келінге арнап, әртүрлі жеңсік тағамдарды алып келеді. сол тағамдардан ауыз тиген аяғы ауыр келін өзінің жерік асын солардың ішінен табады. Жерік кезде жеген аста көп мән бар. Тіпті болашақта дүниеге келетін баланың кім болатындығын да соған қарап болжауға болатындығы да ғылыми түрде дәлелденіп отыр.

Мысалы, анасы көкөністерге жерік болса, бала ширақ, елгезек, өмірге құштар болып өседі. Кесек көмірге жерік болса, бала өмірге икемсіздеу, бос-болбыр болады деп те ырымдайды. Ал тек басқа бір үйдің, көшенің тамағын жегісі келіп тұрса, бала келешекте көбінесе түзде жүретін, сырттың тірлігін тындыратын адам болады екен.

фото: podacha-blud.com

Жерік әйелдің қалауын тауып, оны тамақтандырған адам сауапқа кенеледі. Сондықтан тойға келген әйелдер жерік әйелдің көңілін тауып, оның қалаған асын тауып апаруға тырысады. Бұл бір жағынан, бұл не жерін білмей, әрнәрсеге аңсары ауған болашақ анаға да көп көмек.

«Жерік асын жеген жетілер, жерік асын жемеген кетілер» деп те жатады халқымыз. Осылайша жерік астың әрбірі ана мен баланың қажеттілігін өтейді. Жаңалықты естіген әйелдер құрсақ шашуға келдік деп жамырасып қоржындарына келіннің сүйген асын салып, ізгі тілектерімен ұсынған.

Ал әйелдерді шақырудағы тағы бір себеп, келіннің көңілін көтеріп, оның жерік асын табу екен. Егер сол әйелдердің ішінде біреуі келіннің жерік асын тапса, сол адам қуанып, аяғы ауыр келіншекті қамқорлығына алатын болған. Қазіргі кезде өкіл ана деп айтылып жүр ғой, сол өкілдік мәртебесі бұйырған.

Болашақта дүниеге келетін сәбидің екінші анасы ретінде сый-құрметке лайықты болған.

«Ертеректе келін бойындағы кішкентай өзгерістің өзін қалт жібермей, оның себебін турасынан сұрамай, қамқорлық жасаған. Тек ене ғана емес, абысын-ажыны, ауылдағы жанашыр аналар жақсылықтың нышаны қашан байқалар екен деп қадағалап күте бастайды. Асқа тәбеті соқпай, бойында өзгерісі бар келінді байқаған жан оның енесіне келіп, «Келініңіз ақ алғысты болыпты» - деп астарлап жеткізеді. Жөн білетін ене бұл қуанышқа ризашылығын білдіріп, «құлақсүйіншісін» береді. Мұнан кейін сол үйдің енесі ақ орамалды үлкен үйдің оң босағасына байлайды. Бұл келіннің «ақ алғысты» болғанын өзгелерге жеткізіп, жақсылықты жариялау. Сол белгіні көрген ауыл адамдары да оған құрметпен қарап, қол көмегін көрсетуді өздеріне парыз санаған» дейді Зейнеп Ахметова.

Егер сол тойда келіннің жерік асы табылмаса, оған тек әйелдер ғана емес, күйеуі, қайнылары көмектесіп, келіннің жерік асын табуына көмектескен.

Бізге батыстан енген «гендер пати» деп айтылып, баланың жынысын анықтайтын құр даңғазадан гөрі, ғибраты мол әдемі дәстүрімізді ұлықтағанымыз жөн емес пе?

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:


Балаға көйлекті неге ТЕРІС КИГІЗЕДІ


Жастар ЖАНАЗАға көп бармауы керек пе?