​СӘУІР айында жасалатын ДӘСТҮРЛЕРДІ білесіз бе?

0
9 926

Ерінбей осы істі жасасаңыз, үйіңізге шуақ шашылады, аулаңызға сән кіріп, айналаңыз гүлмен көмкеріледі, бақшаңыз жасыл кілемге оранып, ақ босағаңыз бақша сарайға айналады.


​СӘУІР айында жасалатын ДӘСТҮРЛЕРДІ білесіз бе?

фото: straitstimes.com

«Сәуір болмай тәуір болмайды» дегенді көп айтатын бұрынғы ата-әжелеріміз. Өйткені қыстай қажыған ағзаны қуаттандыратын, аяз өткен арқаны күнге қыздыратын, мал төлдеп, елдің аузы уызға жаритын, құстар келіп ұя салатын, көк шығып, ағаштар бүршік жаратын көктемнің екінші айы. Осындай жайлылыққа ие болатындықтан сәуір айын ерекше күтіп, тіршілігін бастаған.

фото: infourok.ru

Кей өңірлерде ғана дәстүрлі түрде өткізілетін «Қатыра күні» бар. Бұл атаулы күн наурыз айының соңғы жексенбісіне белгіленген. Бұл күнді ауылдың қарияларынан бастап, еңбекке жарайтын балаларына дейін асыға күтеді. Осы ауылдан қанат қаққан қаладағы, даладағылардың бәрі тегіс жиналады. Ер-азаматтар ата-бабалары мәңгілік мекен еткен моланы тазалап, ағаш, гүл ексе, ал әйел кісілер қазан асып сан түрлі тамақ, бауырсақ, шелпектерін пісіреді. Осы күнге аман-есен жеткендеріне шүкіршілік жасап, өткендердің әруағына құран бағыштайды.

Міне, осы басқосуда ауыл адамдарының проблемалары да көтеріледі. Дастархан басынан ел билеген әкімдер де, халықтың қалаулылары да, ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетер қариясы да табылады. Кімге үй керек, кімге асар қажет, кімнің малдарын қырқу қажет... осының бәрі жиында сөз болады. Ақылдаса келе көмекке мұқтаждардың тізімі алынып, кезекке қойылады.

Көктем келгенде үй салу, жер жырту, тұқым себу сынды тіршілік басталатыны анық. Кез келген істі өзбілермендікпен жасай салмаған қазақ халқы істі бастаудан бұрын ел-жұртты жинаған, ас беріп, ақылдасқан. Сондай мәнді жиындардың бірі – нәзір дәстүрі.


Нәзірге шақырылғандарға қой сойылып, дастархан жайылады. Құран оқылып болған соң үйдің иесі жоспардағы жұмыстарын айтады. Қариялар ісінің оңға басуына дұға жасап, бата берсе, ал жастары көмектесу үшін қашанда дайын екенін айтып отағасының ризашылығын алады.


Ал асар дәстүрі ағайындардың, достар мен туыстардың көмегімен жүзеге асырылатын ауқымды іс. Ол үй салу, қойдың жүнін қырқу, шатыр жабу, жер аудару, дән себу, кілем тоқу, киіз басу секілді көп қолды қажет ететін кезде жұмылып жасалатын іс. Асарға келгендерге ақы төленбейді, есесіне қой сойып, дәмді тамақ әзірленеді.

фото: taldykorgangazeta.kz

Қойдың, жас жылқылардың жүнін қырқуды кей жерлерде «Күзем шай» деп те атайды. Малдың жүнін қырқу да салтанатты түрде орындалатын дәстүрлер тобына жатады. Мұнда да қырықтық біткен үйден ас желініп, шәй ішіледі. Күзем шайдың соңы жастардың қатысуымен көңілді кешке ұласады. Ән айтылып, би билеп, өнерлерін ортаға салады.


Мінекей, қазақ халқы айналасының бәрін жанына жақын тартқан. Көршісі кірпіш құйса, көмектесуге ұмтылған. Ағайынының жер жыртып жатқанын көрсе, дәндерін себуге тырысқан. Қандай шаруада да қол үшін беріп, көмектесуге асыққан.

Қазақ халқы бір үйдің ғана емес, бүкіл үйдің балаларын тәрбиелеу үшін осындай дәстүрлерді жаңғыртып отырған. Аталған дәстүрлердің қай қайсысы болмасын жастарды еңбекке, ұйымшылдыққа, бірлікке, сыйластыққа, жанашырлыққа тәрбиелейтіні анық.


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:

АЛҒАШҚЫ неке ТҮНІНЕН соң жасалатын дәстүрді білесіз бе?

ҚЫДЫР ата КІМ, ол ҚАЙДАН келеді?