​ТӘТТІ ШАЙда «БАЛ жегізу» міндетті ме?

0
3 541

"Тәтті шайдағы" өзгешеліктерді байқап жүрсіз бе?


​ТӘТТІ ШАЙда «БАЛ жегізу» міндетті ме?

фото: about-tea.ru

Заман жаңарған сайын ата-бабамыздың қастерлеген салт-дәстүрі де «жаңарып» келеді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, заман көшінен қалмайтын дәстүрлер ол әрине, құдалыққа қатысты.

Өйткені адамзат бар жерде құдалық мәңгі жасайды. Ол тек қазақ халқында емес, жер бетіндегі барлық ұлттарда бар дәстүр. Сәйкесінше, оны әр ұлт өз ұстанымдары бойынша қабылдайды.


«Ал бізде, «тәтті шай» деген үрдіс белең алды. Ол да біздің дәстүріміз. Бірақ бұрынғы кезде қалай жасалғаны маған беймәлім, мен қазіргі көзіммен көріп жүрген дәстүрлер туралы айтпақпын» деген абысынымның айтарына өз пікірлеріңізді қоса кетіңіздер.

...«Тәтті шай» ешкімге таңсық емес, бірін-бірі тапқан қыз бен жігіттің жұрты ең алғаш жолығатын кезде, бір-бірімен танысып-білісу мақсатында, сөз байласқан екі жастың той қамын күйттеу мақсатында болашақ құдалардың алғашқы келіссөзі десек те болатын шығар. Өзімнің «тәтті шайым» болмаса да, мен талай «тәтті шайларға»барып жүрмін. Қыздың әпкесі, жігіттің жеңгесі ретінде талай рет болашақ құдалармен басқосуларға барғанда мұндай ырымдарды кезіктірмеген едім. Сондықтан, «жүре берсең, көре бересің» деген сөздің де растығына көзім жетті.

фото: baigenews.kz


Жақында ғана қызымды ұзаттым. Қызымның өзіне тең көргені, таңдағаны болған соң, біз де қызым бақытты болсын деп оның таңдауын құптадық. Солай қызымыз арқылы болашақ күйеу баламызға сәлемдеме айтып жібердік.

Екі жақ келісімге келу үшін қазір «тәтті шай» деген дәстүр жасалынып жатыр, дәстүрден аттамайтын шығар деп құлаққағыс еттік. Олар да яғни, болашақ құдаларымыз да қуанышын білдірді. Балиғат жасына жеткен ұл үйленіп, қыз тұрмыс құрып жатса, ата-ана үшін де үлкен бақыт. Сондықтан, олардың қуанышы орынды әрине. Содан күйеу жақ бізді тәтті шайға шақырған кезде тек қана тәтті тағамдармен күтті. «Құдалықтың сәні кірмейді» деп арақ-шарап қойылған жоқ. Осыған дейінгі барып жүрген «тәтті шай» рәсімдері бұлай өтпейтін. Соған таң қалып отырғаным ғой.

Бірақ, маған қатты ұнады. Өйткені, басы осылай тәтті басталуы керек қой. Құда-құдағилардың өздері жағында ұстанатын салттары бойынша «арамыз тәтті болсын» деп бір-бірінің шайына қантты аямай салып ішкізеді екен. Бір жағынан құдалардың әзілі де жарасса керемет қой. «Жақсы құда құрдасыңдай, жақсы құдағи сырласыңдай» деп текке айтылмаған ғой. Бұл жерде тек қана шай емес, дастарханды тәтті жеміс-жидекке толтырып, етті үйіп тастайды.

«Тәтті шайдың» ең маңызды рәсімдерінің бірі ол міндетті түрде тәтті шайға шақырып отырған жақ, яғни үйленетін жігіттің әке-шешесі міндетті түрде бал алып келеді екен. Сол жерде «Ауызбіршілігіміз ажырамасын, балаларымыз бақытты болсын! Өмірлері осы балдай тәтті болсын!» деп алдымен екі жасқа, одан кейін сол жерде отырған болашақ құдалар балдан дәм ауыз тиеді.

Бұл ырым арамыз балдай тәтті болсын, келініміз біздің елге балдай батып, судай сіңсін!» деген жақсы ниеттен туындаған. Бұл да бір жақсы дәстүр екен. Ешқандай ерсілігі жоқ, керісінше, үлгі-өнеге аларлықтай ерекшелік деп қабылдадым.

Осы дәстүрді ары қарай жаңғыртып, ішімдіксіз өткізілетін тойлар көбейсе мен тек қана қуанар едім".

Абысынымның ойы менің де көңілімнен шықты, ал сіздер қалай ойлайсыздар?

Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


КҮЙЕУ БАЛА неге БАТА бермейді?


«ШУЫЛДАҚқа» таласып, ренжісті