ЕЛЕНА МАЛЫШЕВА ұсынған ЖАҢА жылдық диета

0
3 375

Жаңа жыл қарсаңында Елена Малышева арнайы диета ұсынады. Аталмыш диетамен семіздіктен арылып қана қоймай, денсаулығыңызды жақсартасыз. Сонымен қатар, арылған салмақты қайта қосып алмайсыз. Сымбатыңыздың сымдай тартылғанын қаласаңыз, осы диетаға сүйеніп көріңіз.


ЕЛЕНА МАЛЫШЕВА ұсынған ЖАҢА жылдық диета

фото: woman.ru

Ресейдің белгілі тележүргізушісі, терапевт дәрігер, кардиолог, медицина ғылымдарының докторы ЕЛЕНА МАЛЫШЕВАны бүгінде танымайтын адам аз. Ол өзінің «Здоровье» телебағдарламасы арқылы көпшілікке танылып, қазіргі уақытта қыз-келіншектердің сымбатын сақтауға көп көңіл бөліп жүргенін білеміз.

Жаңа жыл қарсаңында Елена Малышева арнайы диета ұсынған екен. Аталмыш диета сізді бірден арықтатып жібермейді. Жалпы Ресей жұлдызының ұстанымы – дұрыс тамақтану арқылы аз-аздан салмақ тастау. Егер Еленаның кеңесіне құлақ түріп, диетасын ұстанатын болсаңыз, артық салмақтан арылып қана қоймай, болашақта қайта семіріп кету қаупі туындамайды.

Ендеше, тәжірибелі дәрігердің кеңестеріне назар аударып көріңіз.

фото: i41-cdn.woman.ru

Елена Малышева ешбір диетасында ашығуға кеңес бермейді. Ол ағзаны тазарту арқылы алдымен артық сұйықтықты және жиналған зиянды шлактарды сыртқа шығару керектігін айтады. Осындай белгілі бір шарттарды орындай отырып, тез-ақ салмақ жоғалтуға болады.


Малышеваның Жаңа жылдық диетаға арналған кеңестері

  1. Ашығу – адамның жүйкесін жұқартып, ашуланшақ етеді. Егер үнемі ашығатын болсаңыз, ақырында шыдамыңыз таусылып, көп тамақ жеп қоюға алып барады. Ашыққан уақытта біршама арықтап, салмақ жоғалтуыңыз мүмкін. Алайда, біраз күн өткенде қайта бұрынғы ас мәзіріне ауысатын болсаңыз, ағза екі есе тез жұмыс істеп, тағамды майға айналдырады. Бұл майлар сол мезетте ағзаға қызмет етпейді. Оны ағза автоматты түрде келесі ашығуға дейін қор ретінде сақтайды. Ал, ашығуды болдырмас үшін Малышева күніне 5-6 рет тамақтануды ұсынады. Бірақ, ағзаны нәрлі заттармен қамтамасыз етіп отыруды ұмытпау керек.
  2. Жиі-жиі әрі бір уақытта тамақтаныңыз. Бір күндік ас мәзірі 5-6 рет тамақтанудан тұруы керек. Әрбір тағамның мөлшері 200 грамнан аспасын.
  3. Тағамның калориясын есептеңіз. Спортпен шұғылданбайтын қыз-келіншектердің бір күндік нормасы – 1200 калориядан аспауы тиіс. Калория – біздің алатын энергиямыз. Ал, энергияны жұмсамасаңыз, ол май қорына айналады.
  4. Әрбір тағамды ықыласпен жеңіз. Елена Малышева дұрыс тамақтану кезінде де адамның психологиясы оған әсер ететінін жасырмайды. Мәселен, тамақтану барысында осы тағамның сіздің сымбатыңызды арттырып, энергия сыйлайтынын ойлаңыз. Сонымен қатар, әрбір тағамды ауызға салғанда одан ләззат алып, ойлана отырып, жай-жай жеу керектігін айтады. Сондықтан да диета ұстану кезінде өзіңізді арықтауға бейімдеңіз. Яғни, ойыңызбен өзіңізді сендіріңіз.
  5. Диета уақыты аяқталғанда бірден рұқсат етілмеген ас-ауқатты, газды сусындарды ішуге болмайды. Бұл уақытта да майлы тағамдардан бас тартып, кондитерлік тәттілерді де азайтқан дұрыс. Ең дұрысы Малышева ұсынған дұрыс тамақтану режимін сақтаңыз. Осылайша сіз сымбатты әрі энергиясы мол жандар қатарына қосыласыз.


Елена Малышевамен бірге азық-түлік таңдаймыз!

фото: nastroy.net
  • Диета ұстауды бастасаңыз, сізге құнарлы тағамдардан бас тартуға тура келеді. Әсіресе ас мәзірінен мал майлары мен ұн тағамдарын, тәттілерді және спиртті ішімдіктерді алып тастаған жөн. Сондай-ақ, тағамға тұз бен өткір дәмдеуіштерді салмаңыз. Салатты шикі көкөністерден дайындау керек. Сөйтіп өсімдік майы мен майонездің орнына лимон шырынын, майсыз йогуртты пайдалануға болады. Тағамды қуырмай, буда пісіріңіз немесе бұқтыруға, қайнатуға да мүмкіндік бар. Ал, енді ас мәзірін дайындау барысында Елена Малышеваның мынадай кеңестерін айта кетейік:
  • Тамақтанудан 20-30 минут бұрын 1 стақан таза су ішіңіз. Әрбір күнді осындай сұйықтықпен бастаңыз. Сұйықтық асқазаннан біршама орын алады. Нәтижесінде сіз аз тамақтанатын боласыз. Судың пайдасы осы ғана деп ойлап қалмаңыз. Егерде таңертең осылайша су ішуді әдетке айналдырсаңыз, іш қатудан зардап шекпейтін боласыз.фото: dieta.wiki
  • Күніне 2 л су ішіңіз. Су арқылы ағза тазарып, артық сұйықтықтың жиналуына жол бермейді.
  • Балғын жемістер мен көкөністерді пайдаланып, шырынын ішіңіз. Азырақ су қосып жіберсеңіз де артықтық етпейді.
  • Майлы азықтардан бас тартыңыз. Мысалы, майлы сиыр не қой етінің орнына тауық немесе балық етін пайдаланыңыз. Картоп езбесін гүлді қырыққабат езбесімен алмастырсаңыз қатып кетеді. Екеуінің дәмі ұқсайтындығын сезгенде таңқаласыз.
  • Қантты мүлде ас мәзіріне қоспаңыз. Қант алмастырғышқа да әуес болудың қажеті жоқ. Кей жағдайларда қант алмастырғыштың денсаулыққа зияны тиіп, кері әсері байқалуы мүмкін.
  • Ал, тұзды мүлде қолдануға болмайды. Жаңа жыл алдындағы арықтаудың құпиясы да осында жатыр. Сондықтан да тұзсыз тағам жеуге әдеттенген дұрыс.
  • Егер күн сайын физикалық жаттығулар жасауға шамаңыз болмаса, жарты сағат жаяу жүруге үйреніңіз.


Жаңа жылдық диета

фото: krasota.ru

Елена Малышева ұсынған Жаңа жылдық диета. Жаңа жылға дейін семіздіктен арылуға әлі де уақыт бар. Бір ай ішінде 5 кг-нан 10 кг-ға дейін артық салмақтан арылуға мүмкіндігіңіз бар. Сол себепті де ең тиімді диетаны ұстанып көріңіз.


Таңғы ас:

Суға қайнатылған сұлы ботқасына алма, жидектер қосуға болады. 1 стақан майсыз йогурт немесе простокваша ішесіз.


Екінші таңғы ас:

2 дана алма немесе 3 мандарин


Түскі ас:

Ақуыздан тұрады (қайнатылған тауық еті, балық немесе жұмыртқа). Сонымен қатар, жасыл түсті көкөністерді қайнатып жеуге болады.


Бесін ас:

2 дана алма немесе 3 дана мандарин (басқа да крахмалсыз жемістермен алмастыруға болады)


Кешкі ас:

Көкөніс салаты, 1 дана жұмыртқаның ақ уызы, 1 стақан майсыз кефир.


Малышева ұсынған «Бағдаршам» немесе «Щетка» салаты:

фото: liveinternet.ru


«Щетка» деп аты айтып тұрғандай, бұл салат ағзаны тазартатын қасиетке ие. Үш түрлі қоспадан жасалатындықтан оны көбінесе «Бағдаршам» деп те атайды екен. Ендеше өте пайдалы салаттың жасалу жолдарына тоқталайық:


Қажетті өнімдер:

0,5 кг балдыркөк немесе қырыққабат

0,5 кг сәбіз

0,5 кг қызылша

1 шай қасық лимон шырыны


Дайындалуы:

Шикі көкөністерді майдалап турап, зәйтүн майын, лимон шырынын қосып, барлығын жақсылап араластырыңыз. Сонда салат та дайын болады. Осындай салатпен күні бойы тамақтанып, ағзаңызды біршама тазарта аласыз. Елена Малышева жаңа жыл қарсаңында осы салатты дайындап жейтін болсаңыз, бір күндік ағзаға түсірілген «жүктен» соң өзіңізді жеңіл сезініп, бірнеше килограмм жоғалтатыныңызға кепілдік береді.

Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Шведтік диетологтың диетасымен салмағыңыз қардай ериді


«5 ас қасық» диетасымен 5 кг-нан құтылыңыз!


ҚҰРМА + АЙРАН = күн сайын «-1 кг» жоғалтасыз!