​Фитбол НЕГЕ әр үйде болуы тиіс?

0
4 125

Онымен бірнеше жаттығу орындауға болады.


​Фитбол НЕГЕ әр үйде болуы тиіс?

фото: ашық дереккөздерден алынды

Диаметрі үлкен, 300 кг-ға дейін көтере алатын қалың допты фитнес залдардан, оңалту және йога орталықтарынан, сонымен бірге перзентханадағы босану бөлмесінен көрген боларсыз. Бұны фитбол деп атайды. Фитнес-тренерлер әр үйде фитбол добы болуы тиіс дейді. Неге?

Өйткені ол бірнеше тренажерлік құралды алмастыра алады және оның көмегімен бірталай жаттығуды орындауға, бірқатар ауруды емдеуге болады екен. Сондай-ақ бір фитболды үйдің кәрісі де, жасы да, тіпті кішкентай баласы да пайдалана алады. Бағасы да қолжетімді. Бір ауыс сөзбен айтқанда фитбол – көпфункциональды тренажер құралы.



Кім ойлап тапты?

Фитболды швейцариялық физиотерапевт-дәрігер Сюзан Кляйнфогельбах ХХ ғасырдың ортасында ойлап тапқан. Ол бұл допты ДЦП диагнозы бар балаларды және тірек-қимыл аппараты жарақат алған науқастарды сауықтыру үшін ем барысында пайдаланған. Сонымен бірге ортопедиялық мақсатта да қолданған.

Одан кейін көп ұзамай бұл допты американдық доктор Джоан Познер Мауэр емдік денешынықтыру программасына қосады. Содан соң басқа дәрігерлер де пайдаланып, соның нәтижесінде фитбол бүкіл әлемге таралады, танылады. Бүгінде тіпті көп үйде бұл доп бар. Сіздің де үйіңізден табылсын, сатып алыңыз.



Өйткені...

Фитбол добымен бірнеше жаттығуды орындауға болады. Мысалы:

  • жүкті әйелдерге арналған йога жаттығулары;
  • омыртқаны созу;
  • емдік денешынықтыру;
  • пилатес;
  • іш қатқанда қарынға массаж;
  • созылу гимнастикасы;
  • бұлшықетті шынықтыру;
  • жарақаттанған денені қалпына келтіру;
  • арықтау;
  • кішкентай баланың аяқ-қолын созу;
  • бүкіреюді түзеу;
  • көңіл күйді көтеру;
  • стресті қуу;
  • дененің иілгіштігін арттыру;
  • омыртқаға, қарынға массаж.


Кез келген спорт түрімен айналысқаннан соң фитбол добына шалқаңыздан жатып тыныға аласыз. Тіпті оны гантель ретінде қолға, көкірекке арналған жаттығулар орындасаңыз да болады. Фитболдың көмегімен мостикке тұруды, шпагатқа отыруды үйрену оңай. Сондай-ақ аяғыңыз ісіп кете берсе, кешкілік оны аяқ астына қойып бірер минут жатсаңыз пайдалы. Жұмыстан шаршап келгенде немесе денеңізді зіл батпан басып тұрғандай болғанда фитболға шалқаңыздан жатып, әрлі-берлі тербелсеңіз жақсы көмектеседі.



Қалай таңдау керек?

Фитболдың түрі көп. Өзіңіздің қажетіңізге қарай таңдаңыз.

Тегіс: әмбебап фитбол. Спортзалдарда бойды тынықтыру, арқа бұлшықетін босаңсыту, іш пресін шынықтыру үшін пайдаланылады.

Хопер: мүйізі бар доптар. Балаларға, жүкті әйелдерге ұсынылады. Мүйізі бар допта жаттығу кезінде тепе-теңдікті сақтау оңайырақ.

Тікенді: бұл массажды түрі. Қанайналымды жақсартады, целлюлитке қарсы әсер етеді.



Қандай жаттығулар орындауға болады?

Фитболды жалпы денсаулықты нығайту үшін пайдалануға болады. Онымен қолға, аяққа, санға, омыртқаға, кеудеге, жамбасқа, белге, арқаға – бүкіл денеге арналған жаттығулар комплексін орындай аласыз.


Швейцариялық доппен балаға массаж жасауға болады. Педиатрлар фитбол баланы тыныштандырып, оның денесін массаждайтынын айтады. Фитболда баланы шынықтыру оның тезірек еңбектеуіне көмектеседі екен. басқа да пайдасы зор. Ол үшін әрине балаларға арналған кішірек фитболды қолданған дұрыс.


Жүкті әйелдердің босануын жеңілдететін жаттығулар да орындауға болады.


Фитболдың артықшылығы сіз жаттығуларды онымен тұрып, отырып, жатып та орындай аласыз.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Таңғы жаттығудың да өз ережесі бар

Ережеге сай орындаңыз!Жапон жаттығуЫ ӨМІРДІ ҰЗАРТАДЫ