Физиотерапевттің жаттығуы ​ІШ ҚАТУДЫ емдейді

0
3 193

Клизма мен дәрі-дәрмекке ағзаны үйретпеңіз!


Физиотерапевттің жаттығуы ​ІШ ҚАТУДЫ емдейді

ото: ашық дереккөздерден алынды

Біле білген адамға ішкен-жегенін күнде қиналмай ағзадан тұрақты түрде сыртқа шығарудың өзі – бір бақыт. Бірақ бұны іші қатпаған адам түсінбес.

Іш қату (запор) – үлкен проблема, оның алдын алған жөн. Әйтпесе, ол да кейбір ауру секілді созылмалы түрге айналады және көп аурудың бастауы болады.



Себептері

  • қимыл-қозғалыстың аздығы;
  • ішек бұлшықеттерінің жасқа байланысты табиғи әлсіреуі;
  • дұрыс тамақтанбау;
  • ағзада судың жетіспеушілігі;
  • түрлі дәрі-дәрмекті көп қабылдау;
  • семіздік;

Негізгі себеп осылар. Бұдан бөлек, іштің қатуы белгілі бір аурудың салдары болуы мүмкін. Сондықтан да ішіңіз жиі қатса, сабын мен глицеринді свечаға, клизмаға емес, алдымен терапевт дәрігеріңізге жүгініңіз. Нақты себеп-салдарын анықтап алғаныңыз дұрыс.



Бей-жай қарамаңыз!

Іш қатуға немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені ол геморройға алып барады. Тік ішектің ішкі қабырғасы қанап, жыртылып жарақаттанса, қатерлі аурудың (тік ішек рагы) тууы да әбден мүмкін.

Сонымен бірге іштің қатуы ұзаққа созылса жыныс мүшелерінің қалыпты жұмысын бұзады. Ағзадан уақытылы шықпаған ас қалдығы токсинге айналып, бүкіл қанды улай бастайды. Бұны медицинада «ағзаның өзін-өзі улауы» деп атайды.



Не істеу керек?

1-қадам: Күн сайын 2 литр таза су ішіңіз. Қанша литр су ішкеніңізді бақылау қиын болса, таңертең ұйқыдан ояна салып 2 бокал су, сосын үш мезгіл тамақтың алдында 1,5 бокалдан және кешкі тамақтан соң (1 сағаттан кейін) 2 бокал су ішуге дағдыланыңыз. Немесе 1 литрлік екі баклажкаға су құйып, біреуін түске дейін, екіншісін түстен соң ішіп тауысуға әдеттеніңіз.

2-қадам: Дұрыс тамақтануға көшіңіз. Яғни күнделікті ас мәзіріне талдау, саралау жүргізіңіз. Тағам құрамын түрлендіріп отырыңыз. Күнде үш мезгіл тамақтану арасында бір жеміс немесе көкөніс жеңіз.

3-қадам: Физикалық белсенділікті арттырыңыз. Фитнес клубқа барудың, таңертеңгілік жүгіруді бастаудың қажеті жоқ. Әр 1-2 сағат сайын 5 минут өзіңізге ұнайтын дене жаттығуларын орындап отырсаңыз да болады.

Міне, осы үш-ақ қадам іш қатудың алдын алады. Ал іш қату мәселесінен құтыла алмай жүрсеңіз, мынандай емдік жаттығуды орындаңыз. Бұл жаттығу комплексін бүкіл әлемге есімі танымал австриялық физиотерапевт-дәрігер, тренер Мишель Кенуэй ойлап тапқан. Жаттығу барысында қарынмен демалу керек.



1-жаттығу

Тегіс, қаттылау төсенішке шалқаңыздан жатыңыз. Табандар еденде тұратындай етіп тізені бүгіп, аяқтарыңызды жинаңыз. Қарынмен демалуды бастаңыз. Ауаны жұтқанда кеуде емес, қарынды сыртқа керіңіз.

Асықпай терең әрі қарынды толтыра ауа жұтыңыз. Ауаны баяу шығарып, қарын бұлшықетін босаңсытыңыз. 7-8 рет тыныс алып шығарыңыз.



2-жаттығу

Екі аяқты созып жатып, бастапқы қалыпқа оралыңыз. Оң аяқты бүгіп, тізені кеудеге жақындатып тартыңыз. Ал сол аяқ тіке жатуы керек. Тізені қолмен осы қалыпта ұстап тұрып, қарынды керіп ауа жұтыңыз, асықпай мұрынмен шығарыңыз. 5-6 рет қайталаңыз.

Бастапқы қалыпқа оралып, келесі аяқты бүгіп, яғни сол тізені қолмен құшақтаңыз. Қарынмен тыныс алуды 5-6 рет қайталаңыз.



3-жаттығу

Шалқаңыздан жатыңыз. Екі тізені бүгіп, қолмен құшақтап ұстаңыз. Шамаңызға қарай тізелерді көкірекке жақындатып ұстап тұрып, қарынмен асықпай тыныс алыңыз. Қарынды ауаға толтырып, мұрынмен баяу шығарыңыз. 7-8 рет қайталаңыз.



4-жаттығу

Бастапқы қалып. Екі қолды жоғары ұстаңыз, яғни қолдар еденде жатуы тиіс. Табандар еденде, аяқ бүгіліп жиналады. Тізелерді оңға бұрып еденге тигізіңіз. Осы қалыпта қарынмен 5-6 рет тыныс алып шығарыңыз. Содан соң тізелерді солға бұрып еденге тигізіп, қарынмен 5-6 рет ауа жұтып шығарыңыз.



5-жаттығу

Төрт тағандап тұрыңыз. Осы қалыпта қарынды керіп тыныс алыңыз. Ал ауаны сыртқа шығарғанда қарын бұлшықетін барынша жиырып тартыңыз. 10 рет қайталаңыз.



6-жаттығу

Етпетінен, яғни қарынды «төсеп» жатыңыз. Қолмен еденді тіреп, кеудені жоғары көтеріңіз. Шынтақты бүкпей тіке ұстауға тырысыңыз. Осы қалыпта қарынмен 7-8 рет тыныс аласыз.

Есте ұстаңыз: Жаттығуды ашқарынға немесе тамақтан соң үш сағаттан кейін орындау керек. Күнде немесе аптасына үш рет орындауды күн тәртібіне енгізіңіз.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

«Крокодил» жаттығуын күнде орындау керек (видео)


Жүкті әйелдерге қандай жаттығулар жасауға болады?