55 дюймдік 4K-HDR экранды теледидарды тегін үлестірген кімдер?
Өткен жылдың жазында АҚШ-та 55 дюймдік теледидар тегін таратуға ұсынылды. Тек ол үшін үнемі жарнамаларын көруге тура келеді.
Telly компаниясы ұсынған теледидардың құпиясы – екі дисплейде. Өлшемі 55 дюйм болатын заманауи 4K-HDR негізгі экранда кез келген контентті көруге болады. Ал төменгі дисплей ақпараттық орталық ретінде жұмыс істейді. Онда жаңалықтар, ауа райы болжамы, акциялардың бағасы және өнімдер мен қызметтердің жарнамалары көрсетіліп тұрады. Негізгі экран қосулы тұрғанда оны өшіру мүмкін емес.
«Біз құрылғыларды тегін береміз, ал бизнес-модельді жарнама, деректер және серіктестік жобалардың төлемақысы қолдайтын болады», - деді Telly-дің негізін қалаушы. Компания құрылғыны өндірудегі барлық шығындарын жарнама ақысымен өтей алады және оған қоса пайда әкеледі деп санайды.
Жүйенің артықшылықтарының бірі – жарнама ешқашан негізгі экранға шықпайды және ондағы бейненің жүруіне кедергі жасамайды.
Компания уақыт өте келе құрылғының мүмкіндіктерін үнемі жетілдіріп отыруды жоспарлап отыр. Қосымша экранмен және кірістірілген саундбармен бірге теледидар «Hey, Telly» дауыстық пәрмендері үшін микрофонмен және камерамен жабдықталады. Екінші экранға жаңа функцияларды қосады, мысалы, бейнебақылау камераларынан хабар тарату.
НЕГЕ ТЕГІН?
АҚШ тұрғындарына ұнамауы мүмкін бір тана тұсы бар. Telly теледидары қаралған бейнелер тарихын жазып алады. Тіпті белгілі бір уақытта кім және қанша адам теледидар көріп жатқаны туралы деректерді де жинайды екен. Теледидарды бір рет тегін алып, кейін оны көруден бас тартсаңыз, құрылғыны қайтаруға және 500 доллар айыппұл төлеуге тура келеді.
Сонымен қатар, теледидарды алуға кезекке тұру үшін жеке басына қатысты деректер сұралған сауалнаманы толтыру керек. Telly бұл ақпаратты теледидарды кім бірінші алатынын анықтау және мақсатты жарнаманың тиімділігін арттыру үшін пайдаланатынын айтады.
«Біз өте ашықпыз. Әркім өзінің қандай іске бас тігіп жатқанын және құндылықтармен алмасудың не екенін жақсы біледі» дейді стартап-компания басшысы.
Тегін теледидардың бірінші партиясы өткен жылдың жазында таратылып бастап, жыл соңына дейін 500 мың данасы үлестірілген. Арнаулы сайтта әлі де тапсырысқа брондау немесе резерв кезекке өтініш қалдырып, уақыты келгенде тегін теледидарды алуға болады.
Өз елімізде дәл осындай саясатпен тегін теледидар таратылса, алар ма едіңіз?
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
ТАБИҒАТ АЯСЫНДА от жағып әуре болмайсыз, КҮННЕН ЭНЕРГИЯ алатын МАНГАЛЫҢЫЗ болса