Ноутбукқа СУ ТӨГІП алғанда НЕ істеу керек?

0
4 189

Сіз үшін өте пайдалы кеңестер.


Ноутбукқа СУ ТӨГІП алғанда НЕ істеу керек?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Өмір, тіпті күнделікті жағдайлар сіз ойлағандай бола бермейді. Бүгінгі тақырыптағы мәселе де сол заңдылықтың бір көрінісі. Сонымен, мұндай жағдайға тап болғанда не істеу керек.


1. Бірінші кезекте не істеу керек?

Бірінші – ноутбук қуат көзіне қосылып тұрса, бірден ажыратып, батареяны алып тастау керек.

Қаншалықты жылдам қимылдасаңыз, соншалықты «құтқару» мүмкіндігі көп болады. Себебі, батареясы алынып-салынатын ноутбуктар өшірулі болса да, оның ішіндегі қуат схемалары жұмыс істеп тұрады және қысқа тұйықталу орын алып, мүлдем жарамсыз болып қалуы әбден мүмкін.

Ал, Сізде «Макбук» болса, батареясын бірден алмаңыз (себебі, олардың батареясын бірден алып тастау ішкі жұмыс схемасына зиян тиізеді) және толық өшкенге дейін қосып-өшіру түймесін басып тұрыңыз. Толық өшкеннен кейін, ноутбукты төмен қаратып ұстап,судың пернелер арасымен ағып кеткенін күтіңіз. Сосын, су қалдықтарын шүберекпен немесе қағаз сүлгімен сүртіп алуға болады.


Ең бастысы – ұқыптылық. Су төгілгенде пернелерді басуға болмайды, олай жасасыңыз сұйықтық пернетақтаның ішіне кіріп кетеді. Сондай-ақ, мұндай жағдайдан кейін, ноутбукты кем дегенде бір-екі сағат пайдалануға болмайды!


2. Су төгілгеннен кейін қосуға немесе тексеруге бола ма?

Ноутбук толық құрғағасын бірден қосуға тырыспаңыз. Өйткені, сұйықтық схемалық платадағы чиптер арасында қалып кетуі мүмкін. Тиісінше, біраз уақыт жұмыс істегеннен кейін, ол сұйықтық жұмыс жабдықтарын коррозияға ұшыратып, қомақты қаржылық шығынға ұшыратады.

Ең дұрыс шешім –тәуекелге бармай, су төгілген ноутбукты бірден кәсіпқой шеберлерге апарып тексерту. Себебі ешкім дәл олар сияқты қызмет көрсете алмайды.


3. Ал, өзіңізге сенімді болып, шығын шығарғыңыз келмесе...

Өз ноутбугыңызды өзіңіз жөндеу – Сіздің бейімділігіңізге байланысты. Яғни, Сіз бір кездері құрылғыларды жөндеуді және жинауды үйренген болсаңыз, өзіңізге – өзіңіз қызмет жасаңыз. Ол үшін ғаламтордағы жөндеу туралы видеосабақтарды қолдануға болады (бірақ, бұл ноутбуктың үлгісіне байланысты!).

Алдымен, барлық қажетті құралдарды сайлап алыңыз да, «аналық» (материнская) платаны тауып, одан CMOS деп аталатын батареяны алып тастаңыз (фотосуретке қараңыз). Себебі, ол «аналық» платаны қуат көзімен қоректендіретіндіктен, тұйықталу орын алуы мүмкін.

Енді, платаны жұмсақ тіс щеткасымен мұқият тазалаңыз да, оны спирт немесе алкогольді ішімдікпен сүртіңіз. Себебі қарапайым суға қарағанда, спирт қосылған сұйықтықтың құрамында платадағы элементтерді бұзатын тұз бен металл қоспалары болмайды. Сондай-ақ, плата коррозияға ұшыраса, онда процессор, WLAN модулі және жадты алып тастап, «аналық» платаны тазартылған жылы сумен жуып, кем дегенде бір тәулік бойы кептіріңіз.

Сонымен қатар, бұзған жерін тура бастапқы қалыпқа келтіріп жинау өте маңызды!


4. Жәй ғана фенмен кептіруге бола ма?

Фенмен кептірмеген жақсы! Өйткені одан бөлінетін ыстық ауа платаның кейбір элементтерін ерітіп немесе ішіне шаң кіргізіп жіберуі мүмкін. Одан бөлек, батареяны ешқашан ыстық жерге қоймаңыз!

Ең жақсы нұсқа – ноутбуктың бөлшектелген жабдықтарын жылы және құрғақ бөлмеге кем дегенде бір тәулік қойып қою (екі тәулік тіптен жақсы).

Сондай-ақ, су тиген бөлшектерді күріш толы ыдысқа салуға болады, өйткені күріш ылғалды өз бойына жақсы тартады. Оның үстіне күріш кез келген үйде бар болар.


5. Төгілген су газдалған болса?!

Онда жағдай қиын! Газдалған және тәтті сусындар қарапайым суға қарағанда ноутбукқа әлдеқайда жылдам кері әсер етуі мүмкін, өйткені олардың қышқылы көп болады. Тиісінше, олар ішкі элементтердің тотығуын жылдамдатып қана қоймай, пернетақтаны да бұза алады. Сондықтан, ондай жағдайда бірден арнайы мамандардың көмегін жүгінген жөн.

Ал, бұл жолы да өзіңіз істеуге бел бусаңыз, «аналық» платадан бөлек, қатты (жесткий) дискіні және жетекті (привод) мұқият тексеріп, төгілген сұйықтықтың қалдықтарын толықтай тазалаңыз.


6. Жұмысқа жарамдылығын қалай тексеру керек?

Су төгілгесін, қандай жолмен жөндесеңіз де кемінде бір тәуліктен кейін ғана тексеруге болады. Қосыла ма, қосылмай ма?

Егер, қосылмаса барлық іс-әрекет бекер болды деген сөз. Құрылғыны сервистік орталыққа апарып, жаңа аналық плата сатып алуға және жөндеуге ақша төлеуге тура келеді. Әрине, өкінішті...


Ал, қосылып кетсе, қуануға асықпаңыз. Алдымен, оның қалыпты жұмыс істеуін тексеру керек. Мысалы, word-ты ашып, пернетақтадағы барлық түймелерді басып көріңіз және т.б. Барлығы жұмыс істеп тұрса, Сіз өзіңіздің сенімді көмекшіңізді қалпына келтірдіңіз деген сөз!


7. Өте қарапайым кеңестер?

Ноутбукқа су төгіп, мәселені шешу үшін уақыт пен ақша жоғалтқыңыз келмесе, оны судан алыс ұстаңыз.

Егер, бірдеңе ішіп отырып жұмыс істеген ұнайтын болса, пернетақтаға арналған қорғаныс қапшығын сатып алыңыз.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ

дереккөз: fora.kz


Тағы оқыңыз:


Гаджеттердің балаға тигізетін ЗИЯНЫ мен ПАЙДАСЫ қандай?


АЙНАНЫҢ да "АҚЫЛДЫ" түрлері шықты