Ақтөбе облысы бойынша 18 мың бала 1-сыныпқа барады.
ERNUR.KZ. «Ақтөбе - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұйымдастырған тікелей эфир кезінде облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева биыл 1-сыныпқа алты жастан бару қажет екенін баса айтты. Алайда 6 жасында бірінші сыныпқа бармаған баланың ата-анасына айыппұл салынбайтынын мәлімдеді, деп жазады ktk.kz.
«Облыста құжаттың бәрі электронды түрде қабылданып жатыр. Егер құжатты жіберуге ата-ананың мүмкіндігі болмаса, мектептегі компьютерді қолдана алады. Қазір өңірдегі мектептердің 70 пайызында дайындық тобы бар, бірақ бала үшін 6 жасында 1-сыныпқа барған жөн. Қорқуға болмайды, бала әріпті мектепте үйренеді», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.
Ата-ана мұғалімді таңдай алмайды, электронды құжат тапсырған соң мектепке барудың еш қажеті жоқ.
«Балаларға қосымша оқыту, репетитор жалдау дұрыс емес. Мен бұл жалқау ата-ананың сөзі деп айтар едім. Бала мектепке барғанда бір сабаққа 45 минут беріледі, оқушы тақырыпты сол кезде толық игеруге міндетті. Егер толық түсінбесе мұғалімнен сұрау керек. Ұстазы сол үшін де еңбекақы алып отыр. Бұрын бізді ешкім қосымша оқытпады, қазір де солай болуы тиіс. Ата-ана да көмектеспегені жөн», - Ләззат Оразбаева.
Ақтөбе облысында 13 үш ауысымды мектеп бар. Оның көбі Ақтөбе қаласында. Барлығы 20 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Дегенмен қалада, ауданда тағы бірнеше мектеп үш ауысымды болады.