Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы қаңтар-маусым аралығында 3 млн 431 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған.
Ішкі туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 349 мың адамға көбейген. 2023 жылы бұл көрсеткіш 3 млн 082 мың адамға жеткен еді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Алматы, Астана және Шымкент қалалары жалпы туристер үлесінің 51%-ын тарта отырып, ішкі туристік бағыттар арасында көшбасшы болып тұр. Сондай-ақ өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда Қазақстанның 14 өңірінде туристер санының өскені байқалды.
«Жыл өткен сайын елімізде ішкі туризмге деген сұраныстың артып келе жатқаны байқалады. Мұны ресми статистикадағы көрсеткіштер айғақтайды. Мәселен, биылғы алты айда 3,5 миллионға жуық турист ел ішінде саяхат жасады. Өткен жылмен салыстырғанда нәтиже айтарлықтай жақсарған. Бұл – туристік инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытындағы мақсатты жұмысымыздың нәтижесі екенін айта кеткен жөн. Алдағы уақытта да туристер санын арттыру үшін осы саладағы серпінді жұмысымызды жалғастырамыз», - деп атап өтті ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасы Нұртас Кәріпбаев.